Ақжайық ауданындағы Құрайлысай ауылдық округі Жұбан ауылында тұрғын үйге мұқтаж екі отбасы жаңа баспананың иесі атанды. Мұнда екі пәтерлі баспананың құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді. Ауылдағы ағайынның қуанышын аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітов арнайы барып бөлісті.
– Жаңа жылдың басында жаңа баспанада қоныстойын атап өту бұйырған тұрғындарды зор қуаныштарымен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз тек жақсылыққа толы болсын, берекелі баспана болсын. Былтыр ауданымыздың бірнеше ауылында тұрғын үйлер салып, жерлестерімізге табыстадық. Биыл тағы 100 үй салу жоспарланды, – деді Ердос Рашидұлы.
Осында ауылдастардың атынан ақсақалдар кеңесінің төрағасы Наурызбай Әбілхайыров сөз сөйлеп, құрылыстың басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын арнады. Сондай-ақ мердігер «АртСтройСерис» ЖШС директоры Артур Мұратов баспаналы болған жандарды құттықтап, сыйлық табыс етті. Жаңа қоныстың лентасы қиылған соң, жиналғандар төрде жайылған дастарханнан дәм татты.
Еске сала кетсек, былтыр «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында баспанаға кезекте тұрған әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтар үшін 8 ауылда 37 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған болатын. Осыған дейін Алғабас, Мерген, Жаңабұлақ, Бударин, Тайпақ, Чапаев және Алмалы ауылдарындағы 31 пәтердің кілті табысталды.
Нұрбек Ихсан,
Ақжайық ауданы