2.06.2023, 17:00
Оқылды: 35

Әлеуметтік кодекс саланы дамытуға сеп

Жиырмасыншы сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне қол қойған болатын. Кодекс осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Халқымыздың әлеуметтік өмірінде маңызы зор кодекстің мақсаты мен міндеттерін, негізгі басым бағыттары бүгін Казталов ауданында С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында өткен жиында талқыланды.

Казталов (1)

Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова қатысқан жиында облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері «Еңбек және әлеуметтік қорғау» комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының әлеуметтік сұрақтар бойынша орынбасары Жеңіс Беріков, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Ысқақова, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның БҚО бойынша филиалының бас маманы Назгүл Қуанғалиева аталған кодекстің маңыздылығына тоқталып, заң аясында атқарылатын жұмысқа тоқталды.

Еліміз ТМД мемлекеттері арасында әлеуметтік кодексті ең бірінші қабылдап отырған мемлекет. Кодексті әзірлеуде Еуроодақтың тәжірибесі басшылыққа алынған. Ол туралы бүгінгі жиын барысында Жеңіс Жоламанұлы айтып өтті.

Казталов (4)

- Жаңа әлеуметтік саясат Мемлекет басшысы жариялаған ауқымды өзгерістердің маңызды бөлігі саналады. Оның негізі назарларыңызға ұсынылып отырған әлеуметтік кодексте көрініс тапты. Онда біріншіден, мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесінің парадигмасын түбегейлі өзгерту ұсынылады. Яғни, ол әлеуметтік сын-қатерлердің салдарын жоюға емес, керісінше өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға көбірек бағытталады.

Екіншіден, әлеуметтік саланы цифрландыруды тереңдету және соның арқасында әлеуметтік қолдауды бүгінгі өтініш беру нысанынан, адресті анықтау және проактивті форматта көрсету жүйесіне көшу қарастырылған.

Үшіншіден, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жауапкершілік тек мемлекетке емес, жұмыс берушіге және азаматтың өзіне де жүктеледі.

Бұл жаңа әлеуметтік контракт негізінде жүзеге аспақ. Төртіншіден, әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту нәтижелі және формальды жұмыспен қамтуды ынталандыруды көздейді. Аталған бағыттардың заңды базасын қалыптастыру үшін халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, Еуроодақтың әлеуметтік кодексі басшылыққа алынды. Әрине, мұнда өз еліміздің ерекшеліктері де жан-жақты ескерілді, - деді Жеңіс Жоламанұлы.

Казталов (2)

Әлеуметтік кодекс 5 бөлімнен, 21 тараудан тұрады. Онда отбасының цифрлық картасын енгізу, жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер, жаңа көші-қон саясаты, балалы отбасыларды қолдау шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту және зейнетақы төлемдерін арттыру сынды шаралар қарастырылған. Кодекс қолданысқа енгізілгеннен кейін 9 заңның күші жойылады. Ал, 50 ден астам заңға өзгерістер енгізілген. Ақпараттық топ мүшесі  «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның БҚО бойынша филиалының бас маманы Назгүл Сүйіндікқызы кодекс әлеуметтік қолдаудың барлық шараларын қамтамасыз ететіндігін тілге тиек етті.

-Әлеуметтік кодекс қазіргі кездегі әлеуметтік қолдаудың барлық әлеуметтік кепілдіктері мен нысандарының сақталуын, оның ішінде азаматтарды зейнетақылармен, жәрдемақылармен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдермен қамтуды қамтамасыз етеді. Кодекс шеңберінде қордан әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлері өзгеріссіз сақталады. Сонымен бірге, Әлеуметтік кодексте жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды жетектеп жүруге қызмет көрсететін 30 мыңға жуық жеке көмекшіні міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтуды кеңейтеді, - деді Жеңіс Жоламанұлы.

Казталов (3)

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Салауатқызы құжаттың қабылдануы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының заңды жалғасы деген пікірімен бөлісті.

- Осы уақытқа дейін әлеуметтік салада көптеген заң жобасы қолданыста болды. Енді олардың бірқатары Әлеуметтік кодекс шеңберінде жүзеге асырылады. Кодекс аясында халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асады. Бұл құжатта халықтың әлеуметтік жағдайы толық қарастырылып отыр. Сонымен қатар әлеуметтік мәселелерге қатысты ұсыныстар да енгізілген болатын. Жалпы Әлеуметтік кодекс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының заңды жалғасы десек қателеспейміз. Өйткені, кодекс шеңберінде халықтың әлеуметтік жағдайына мемлекет бірінші кезекте назар аударады, - деді басқарма басшысының орынбасары.

Спикерлер халыққа кодексті жан-жақты түсіндіріп, талдап,  басымдықтарын айтып өтті. Жиында сұрақ-жауап арқылы ауданымыздағы әлеуметтік мәселелер, саланың дамуы мәселесі талқыланды. Аудан тұрғындары спикерлердің жеке қабылдауында болып, көкейдегі сұраққа жауап алды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы ҚР Әлеуметтік кодексін түсіндіруді ауылдар мен елді мекендерде жүргізуді тапсырды.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале