28.01.2022, 12:36
Оқылды: 92

Аңыз адам

«Туған ай тураған етпен бірдей» дегенді дана халқымыз қалай көрегендікпен айтты десеңізші. Ісімен де сөзімен де көзінің тірісінде-ақ аңыз адамға айналған мал дәрігерлік саланың көрнекті маманы, абзал азамат Сатыбалды аға Жұмашевтің пәни өмірден бақи дүниеге аттанғанына да қырық күннің жүзі болып қалыпты. 

InShot_20220128_123425755

Сатыбалды аға осыдан 90 жыл бұрын қазіргі Мәстексай ауылдық округіне қарасты Мұқыр ауылында дүниеге келген. Әкесі Жұмаш ақсақал өңірде Кеңес өкіметін орнатуға қатысқан, сол бір ақ пен қызыл сапырылысқан алақұйын  мезгілде бандылардың қолынан ажал құша жаздаған, кейін мал дәрігерлік салада еңбек еткен жан еді. Бала кезімізде ауыл жүгірмектері  кірпігіміз бір-біріне ілініп кеткенше ақсақалдың әңгімесін ұйып тыңдаушы едік. Тіпті араға күндер салып қайтадан келіп, ақсақалдың бастан кешкендерін қайталап айтып отырғанында шаруамыз болмастан құмарымыз қанғанша тыңдай беруші едік. «Сырбаз, сері, қатаң тәртіптің адамы болды» - деуші еді, Жұмаш қарияны жақынырақ білетіндер. Анасы өмірден ертерек озған, көре алмадық.

«Әке көрген оқ жонады» демекші, Сатыбалды ағамыз да әке тәрбиесінен тәлім алып, әке шеңберінде өскен азамат-тұғын. Сәкең де әке жолын қуып, мал дәрігерлік мамандықты таңдады. Ауыл мектебін тәмамдаған соң, 1949 жыл Орал ауыл шаруашылық техникумына да қалаған мамандығы бойынша білімін жалғастырды. Ол бір соғыстың сұрапыл зардабы басылмаған, орта құрсақ, жадау-жүдеңдеу кезең еді ғой. Ол күндерін Сәкең тебіренбей айта алмаушы еді. «Күніне беретін 700 грамм қара нанды қайнаған сумен талшық ететінбіз. Жалдамалы пәтер, жағайық десек, отын тапшы, кешкілікте үй егесі жарық бермейді. Амал жоқ, вокзалға, азық-түлік дүкендеріне барып, жүк түсіруші едік» деп еске алатын. Осы оқу орнын Сәкең арада Отан алдындағы борышын атқарып келіп, 1956 жылы аяқтады. Жас маман диплом қолына тиісімен облысымыздың шалғай ауданына барып, Казталовка МТС-ның бір учаскесінде қызметін ең төменгі саты – фельдшерліктен бастады.

Ол ауыл шаруашылығы саласында мамандардың өте қат кезі еді ғой. Оның бір айғағы өңірдің түкпір-түкпірінде жүрген арнаулы орта білімді мамандардың өзі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына да есепте тұратын. Көп ұзамай Сәкең де осы құзырлы органның жолдамасымен Фурманов ауданының «Красный партизан» (қазіргі Ақпәтер) кеңшарына мал дәрігерлік қызметке жіберілді. Осы орайда айта кететін бір жәй Сатыбалды ағамыз еңбектен қол үзбей жүріп Москваның К.Скрябин атындағы мал дәрігерлік академиясын бітіріп алды. Бұл жалпақ Нарынның жиегінде дүниеге келіп, ауыл көшесін шаңдатып жүріп жеті жылдық мектепті бітірген қарапайым қазақ баласы үшін аз олжа емес еді. Ол үшін қаншалықты күш-қайрат, жігер, білім керек десеңші. Ал осы қасиеттердің бәрі де Сәкеңнің бойында бар еді. Біз шағын мақалада Сәкеңнің атқарған қызметтерін, қоғамдық жұмыстарын санамалап беруден аулақпыз. Осы кішігірім естелігімізде Сатыбалды ағамыздың терең білімі мен бай тәжірибесін дәлелдейтін бірнеше деректерге тоқтала кетпекпіз. Қазіргі аудан орталығы осыдан жарты ғасырға жуық бұрынғы кезеңге шейін, «Бірлік» кеңшарының мекенжайы болды. Ауылдың солтүстік-батыс беткейін шаруашылықтың малшы-шопандары жайлады. Жыл өткен сайын мал өрісі тарылып, жайылым тапшылана бастады. Сол кездегі шаруашылықтың бас мал дәрігері Сатыбалды Жұмашев ауданның бірінші басшысы Сатқали Сапаровтың қабылдауында әлденеше рет болып, уақыт өте келе жағдайдың бұдан да қиындайтынын дәлелдеп, сол аймақтағы малшы-шопандарды құм беткейіне көшіруге бастамашы болды. Арада жарты ғасыр өткенде майталман маманның айтқанының айнымай келгеніне куә болып отырмыз.

Баршамызға белгілі 1982 жылы ауданның құм өңірінде жылқы мен киік қырылды. Алматыдан, Мәскеуден келген ғалымдар ақиқатты астарлап, шындықты бұрмалап, жабуды жаба тоқуға тырысты.

Сол кезде Сәкең өзінің қайсар да қайтпас мінезіне басып, атақтарынан ат үркетін Мәскеудің ғалымдары мен дауласа жүріп, өзінің білімі мен тәжірибесінің нәтижесінде, бұл ешқандай жұқпалы ауру емес – бұл полигонның лаңы-деп, өз сөзін ғылыми тұрғыда дәлелдеп шықты.

Сәкең ауданның экологиялық саласын басқарып, ауылымыздың іргесіндегі газ айдау құбырының жергілікті тұрғындарға тигізіп жатқан зардабын дәлелдеп, қыруар қаржының ауданның қаржы қорына түсуіне себепші болды. Сәкең қатаң тәртіптің, уақыттың адамы еді. Ол өз алдына бөлек әңгіме.

Сәкеңнің есте сақтау қабілеті ерекше еді. Азарлық ойындарға қаны қас болатын. Әңгіме айтқанды, тыңдағанды ұнататын.

Бір топырақта дүниеге келгенімді арқаланып бас қосқан отырыстарда әңгімеге тартушы едім. Ондай сәтте ақсары, әдемі жүзі арайланып, арқаланып кететін. Сосын сонау мектеп қабырғасында оқыған Б.Майлиннің әңгімелерін жатқа соғушы еді. Сәкеңнен зайыбы халық ағарту ісінің озық қызметкері Дәметкен апай адамның асылы болды. Сәкеңнің қырық күнге жетпейтіндей бұрын өмірден озған асыл жар 60 жылдан астам жұбайлық ғұмырында еріне қызметте де тұрмыста да барлық жағдай жасай білді. Екеуі бес қыз, бір ұл өсіріп, олардан жиендері мен немерелерін сүйді. Шөберелерін көрді.

Міне, мынау жарық дүниеде ешкімге ұқсамайтын мінезімен де, қайталанбас ісімен де ерекшеленген, «Жаңақала ауданының құрметті азаматы» Сатыбалды аға Жұмашев жөнінде бір үзік сыр осы, қадірменді ағайын.

Закария Сисенғали, 

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале