11.05.2022, 11:00
Оқылды: 113

Асыл аға

Көңіл желкені көрші елдің бұрымдысына қарай бұрса, көп бас қатырмастан жанарын меңзеп: «Аспан түстес» дейтін әдет пайда болыпты. Күндіз болса мейлі ғой, ал жұлдыз жамыраған тұңғиық түн мұндай  «әсіремырзалыққа» әмсе басын шұлғи қояр ма екен?! Сол секілді аумағы алақандай Жәнібек ауданының тарихы сырт қарағанға қыздың жиған жүгіндей жинақы көрінгенімен, ақ қағазға шарт жүгінгеніңде, алдыңнан жыланкөз жылғасы мен қоян жымындай жүлгесі қаптап шыға келеді. Алас-қапас: «Арғы-бергісін жайып сап, майдан қыл суырғандай қып айтар едік» деп аласұрған ойдан аяқасты жеріп, шиеленген жіптей шым-шытырық шежіренің астында қаласың. 

IMG-20220510-WA0016

Әттең, тас жол пайда болып, тұрмыс қамымен темір көлікке телміргелі жәнібектіктердің жоғарыға жалынышты үн шығарып, жалтақтайтын осал жері, «Ахиллес өкшесі» – жол қатынасы. Әйтпесе, намысқа шапқан алысқа шабады, қуаң жазда күн қақтап, қытымыр қыста аяз сорған айналайын ағайын басқа игілік-несібе жолында еш аянған емес.

Ендеше, атағы жалғыз кенгурумен-ақ айдай әлемге жайылған Австралияның бағы бұйырмай, адыра қалған көкектен басқа құсы, көкпектен басқа шөбі жоқ Жәнібекті жырлау – сан ғасыр өмір сүрген кәдімгі екі аяқты, жұмыр басты пәлен мыңдаған пенделердің ғибратты ғұмырнамасын жіпке тізгенмен тең болып шығады.

Кейіпкеріміз Дәулетов Ғазезді сол телегей теңіздің таңғы шықтай мөлдіреген бір тамшысы деп қабылдағайсыз.

Тым әріден қозғасақ, бар құпиясы сол.

...Мауыш атай – миуалы бақ сияқты тұтас бір әулетке сая болған жан деседі. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, жақсы күндердің дара да сара айғағындай сайғақ – Ақоба мен Өнегенің ортасында «Мауыш терегі» күре жолға үнсіз томсарып көз тастап, алыстан марғау мойнын созады.

Мауыш қарт: «Бір жылда екі жаз болмайды, қамшының сабындай қысқа ғұмырда артымдағы ұрпағым берекелі тұрмыс кешсінші» деп армандаған шығар, баласының ныспысын ырымдап Дәулет қойыпты.

Жылым жұтқан жаңқадай жым-жылас, із-түзсіз кетуден сақтасын. Құдай оңдап, аруақ қолдап, шырақ сөнбеді. Сол Дәулет атадан екі қыз, бір ұл тарады. Арада қуанышқа қарық қылған ұл бейнелі ақ қанатты періштелер болыпты, тек бірінен соң бірі ғайыпқа ұшып кете беріпті.  Анасы 53 жасында құрсақ көтеріп, тапқаны Ғазез аға екен.

Дана қазақ сәби көп шетінегенде көрінген шақалақты: «Өлім сарқыты» деп, өз қолы өз аузына жеткенше қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмайды. Қаймағы бұзылмаған елде туып, ұлттық тәрбиеге уызынан жарыған ата-анасы төбесіне хан көтеріп жүрген-ді. Әйтсе де, жазмыш жолы әсте басқа соқпаққа бұрып жіберді.

Иә, сынаптай сусыған уақыт шіркіннің келісі де көп, керісі де аз емес: мойынға бұршақ салып тілеп алған торсық шеке ұлдың толықсыған туған айдай балалық шағы түскі көлеңкедей қысқа боларын кім болжапты?!

Дәулет атай бас-аяғы бір жылдың ішінде кемпірімен кезектесіп бақиға аттанып жүре берді. Жұдырықтай қара бала қатыбас өмірдің қақпақылына айналды, тамағынан тас кетпей, жанарынан жас кеппей, қайран бал дәурені шөпке түскен инедей жоғалды.

Нұрғаным, Еркеғаным әпкелері ауылдан жырақ екі жақта тұрмыста еді, Ғазез он үштен жаңа асқан шағында қарғыс атқыр жетімдіктің қамытын еріксіз киді. Лажы бар ма, көздің жауын алып, жалт-жұлт етіп жарқылдар, бауыр жазып жарқ-жұрқ етіп шабар шақта, күнкөріс қамалына қаңтарылып, қалт-құлт күй кешкені арқасын аяздай қарыды.

«Жетім қозы тасбауыр, түңілер де отығар», үлкен өмірге аяқ басты. Бірден айту керек, соғыстан кейінгі адамдардың жағаны кеңге салып, ай қарап жүргені болмайды. Түгел ауылдан бауыры бүтін, сау адамды емге таппайсың – қаптаған қаралы жесір, қарайған шиеттей жетім. Құйт ер болсын, құйт әйел болсын, таң атысы, күн батысы еңсені жаншыған мимырт тірліктен бел жазбайды. Сарыауыз балапандардың қауға-шелек, айыр-күректен алақаны күлдіреп ойылады да жүреді. Шетінен жартықұрсақ. Ішкені ірің, жегені желім, мұңы да, сыры да бір мұңлықтардың ортасында күнұзын етегі жасқа толып, жападан жалғыз еңіреп кім отырады?

«Ықтасының болмаса, желге өкпелеме, Еңбегің болмаса, елге өкпелеме», өзінің болашақ тағдыры өз қолында екенін қатал өмір тым ерте ұқтырған еді. Бала Ғазез тез есейді. Бойы өсіп, буыны бекімей жатып, маңдай термен келген табыстың дәмі қандай тәтті боларын түсінді.

Обалы қане, апа-жезделері бәйек боп баптады. Бірақ «Қолды созып, бойды жазып жүргізбей, Ауруы жоқ бір мүгедек қылдың ғой» деп Бейімбет Майлин жазған атың өшкір мұқтаждық кең көсілуге мұрша бере ме? Сол себепті алдына қоғам малы түссе, баладан бетер күтіп, басқа жұмыс табылса, барын салып жұмы-
лып, шоғы маздаған өмір күресіне біржола бел шешіп, білек сыбанып кірісті.

Бұл жерде тағы бір айта кететін дүние: маңайында болып жатқан тірлік тынысына байыппен баға бере алатын, керек жерінде өзі үн қосуға қабілетті адам болып қалыптасуына ата-бабамыздың ғасырлар көшінен келе жатқан салт-санасының үлкен қатысы болғаны шығар күндей шындық.

«Өзге елден өз бақытын талай жаушы барлапты,
Бірақ одан ешбірі де баянды опа алмапты.
Тамыры жоқ болғандықтан, жел қуады қаңбақты,
Туған жермен, өскен елмен  әрбір адам салмақты».
Шынында, табан астындағы топырақтың қадірін білмеген, туған елдің қадірін қайдан ұқсын. «Тар жерде табысқан, кең жерде келіседі», айналасында күнде көріп жүрген адамдарға пейілі ауып, тар жерде қол ұшын созып көрмеген адамзатты ойлап қарық қылар ма?!

Әуелі есін білер-білместен естігені, жатпай-тұрмай жадына тұтқаны – «Атұстар азамат», «Әулетті жалғар шаңырақ иесі», «Өзіне қараған ағайынға бас-көз болар пана» – осы сөздер. Жалаңаяқ жүріп жарты құртты жарып, бүтін құртты бөліп жеген асыл жерлестерінің жақсы қасиеттерін бойына жастайынан сіңіріп өсті.

«Алтын кездік қын түбінде жатпайды», басқа бәле килікпесе, өзіне қараған былайғы шаруаны ұршықша иірген қайратты қайсар жігіт көзге ерте ілікті. Қараша ауылдан алты қадам алыс шығып, шығандап ұзап кете қоймағанымен, соқтауылдай жігіт болып, тал шыбықтай бұралып бойы өсті. Үлкеннің алдын кесіп өтпейтін кісілік, артынан ергенге қорған болар кішілігімен кемел ойы өсті.

«Хиуазы қайтты» деген осы, сірә, келе-келе кезінде алдына келгенге құрақ ұшып ағынан жарылып, барын жайып қарсылайтын жас азамат кейін абырой биігіне көтерілді, айналып келгенде қаймана жұрты адал еңбегін құрмет тұтып, Ғазездің өзін қақ жарылып қарсылайтын болды.

Қайсар қазақ тірліктің қызуы бет қаратпайтын домнасында құрыштай шынықты, жолында кездескен қиындықтың бәрін өз күшімен бағындырды.

Бұл – туған елдің салт-дәстүрінен тамыр үзбеген, болашағына сеніп, кіндігінен байланған Ғазез ағадай асыл адамдар қол жеткізетін биіктік.

(Сөз парқын айыратындардың құлағына алтын сырға, исі қазақта бақытқа қол жеткізудің бұдан басқа формуласы бар дегенді әлі күнге естіп-білген жан баласы болған емес).

Құдай да сүйген құлға қарасады, тағдырдың жазуымен асыл жары болып Бірғаным апай жолықты. Сүттей ұйыған шаңырақта тоғыз рет бесік тербеліп, Асылғаным, Әділғаным, Серік, Берік, Мәлік, Талап, Мәулеш, Лаура, Зарина есімді перзенттері өсіп-өніп шықты.

Тұмарлы құлын тұғырлы тұлпарға айналды. «Аштықта жеген құйқаның дәмін тоқтықта ұмытпа» деген, жасында көрген тар жол, тайғақ кешулерде қасынан екі елі ұзамаған әпкелерін ұмытпады. Үлкені Нұрғаным Қамыстыда тұрып, қарты, баласы қайтқасын, өмірінің соңғы жылдары Беріктің қолында тұрды. Екіншісі Еркеғаным – облысымызға танымал Қатауолла Мерәліұлы шыққан Ашығалиевтер әулетінің отанасы, 2005 жылы Ғазез ағаның артын ала екі айдан кейін бақилық болды.

Әңгімеміздің негізгі желісінен айырылмас үшін тап осы жерден кері оралуға мәжбүрміз. Әйтпесе, шоңқиып жұртта қалған төбеттей жылдар қойнын түртсек, тіл қатар сан толғаудың басы қылтияр еді.

Жалпақ жұртқа мәшһүр Дәулетовтер әулетін бір шолып өтсек, Серік Мұратсай елді мекенінде «Ғазез» шаруашылығын жүргізеді, Берік ішкі істер қызметінен доғарысқа шықты. Мәлік – жеке кәсіпкер. Талап Еңбекші елді мекенінде «Талап» шаруа кожалығына иелік етеді. Мәулеш Мыңжаста (оған сәл кейін тоқталамыз) «Дәулет» шаруа кожалығын басқарады. Қыздар тұрмыста. Осы жолдарды жазу барысында хабарластық, бәрін қосқанда, күні бүгін 18 немере, 9 жиен тарап отыр екен. Тәубе, алып бәйтерек дерсің.

Біз көргенде, Ғазез аға Ұзынкөл ауылының Мыңжас деген жерінде туған жердің жықпылы мен жыңғылын, тобылғысы мен тораңғысын армансыз аралап, кер далада сар желдіріп жүрген атақты жылқышы. «Өмір бойы қуанбақ – жынды ісі ғой, Кейде асып, кейде қашып, кейде састым» деп Шәкәрім айтқандай, жаз келіп, жамандық қашып, алыс-жақын тегіс танып, шарықтап тұрған кезі. Тірлік болғасын, торқалы той, топырақты өлім қатар жүріп жатады. Сол Мыңжаста кішкентай жақсылық болса, шаңырағынан күй төгіліп, ән үзілмейді.

Кейін білдік, қазақтың халық музыкасын бір кісідей жинаған екен. Жолыңыз түсіп, Жәнібектің тарихи-өлкетану музейіне бара қалсаңыз, төрінен ескі патефон мен жауһар күй жинағын көре аласыз. Ішінде ол кезде екінің бірі қол жеткізе алмайтын «Қазақ күйлерінің антологиясы» бар. Ұрпақтары тапсырыпты.

Сыртынан: «Алты ай жаз айдалада, ауданның жаңалығынан мақұрымдау қалып жүретін шығар» деп топшыласақ, кездескен сайын Жәнібектің өнер адамдарының тайлы-тұяғын қалдырмай жатқа соғып таңғалдырады. Көнекөздер өз алдына, жаңадан қосылған жас таланттардың өзін: «Бәленшенің баласы екен ғой» деп мақтаныш көреді. Бәріне ыстық ықылас танытып, жанашыр көңіл білдіреді. Реті келсе, басқосуларына арнап шақырып, өнерін тамашалап, жомарт жүрекпен сый-құрмет көрсетеді.

Мұны айтудағы мақсатымыз – қазақтың сан ғасырлық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын ұстаған, әдебиеті мен мәдениетін сүйген жүрек иесінің есімі ешқашан өшпек емес.

Абай Отыз жетінші қарасөзінде былай дейді: «Дүние – үлкен көл, Замана – соққан жел, Алдыңғы толқын – ағалар, Артқы толқын – інілер, Кезекпенен өлінер, Баяғыдай көрінер».

Ақын Қадыр Мырза Әли «Атқан таң мен батқан күннің арасы «Өмір» деп аталады» деп тұжырым жасапты. Айыңа ай, жылыңа жыл байқатпай жамап жатқан минуттар ішінде «Өмір – өзен» деп жырлап, «Дариға дәурен» деп аһ ұратын кез аз ба? Сонда түйін не, түйткілі қайда?!

Бәлкім, бет алған бағыты Темірқазық іспетті айқын болғасын, адамзат қауымы қапталдасып соққан қара желді де, маңдайдан орай сүйген жібектей самалды да табиғаттың кезекті құбылысына балап, межелеген нысанасын бетке алып жүре беретін шығар.

Ғазездей асыл ағаның бейнесі еске түскенде, ұлттың қадір-қасиеті дараланып, жеке тұлғалардың адамдық болмысы жоғалмаса, тірліктің мәні сол екенін түсінгендей боласың.

Дәулеткерей Құсайынов,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале