18.05.2021, 12:06
Оқылды: 66

Ауыз судың азабы қашан бітеді?

Оқырманның пікірін елеп-ескеру, жергілікті билік өкілдеріне жеткізу – газеттің басты миссиясы. «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» қоғамдық-саяси газеті де осы үрдістен ешқашан жаңылған емес. Аталмыш мақала да сол оқырманның хаты негізінде өрбіп, аудан орталығы үшін шешімі табылмай отырған жайтқа қайта оралуға сеп болды.

38A4C108-0152-463B-88F3-885C79CD549C

Газет поштасына Федоров ауылының тұрғыны Самал Ділмұхашевадан хат кеп түсті. Оқырманымыз орталықтағы ауыз судың сапасына көңілі толмайды.

- «Су  - тіршіліктің қайнар көзі» дейді қазақта. Алайда аудан орталығындағы ауыз суымыздың сапасы сын көтермейді. Ащы екендігі бір бөлек, екінші жағынан лас, үнемі сарғайып кетеді. Тек тұрмыстық мақсатта қолданып отырмыз. Краннан қара саз балшық араласқан лай су аққан кезде ыдыс-аяқтың бәрін бүлдіреді. Күнделікті тұтынуға су сатып алудамыз. Бұл қарапайым халықтың қалтасын қағу, ал біреуге бизнес. «Ақбұлақ» бағдарламасымен келген суға тағы ақша төлейміз, екі рет шығындаламыз. Ал сатып алуға жағдайы келмейтін кейбір отбасылар осы сары суды ішуге мәжбүр. Неге қарапайым халық зардап шегеді? Неге фильтрлер жөнделмейді? Үйлеріне жеке фильтр қойғандар, қайта-қайта сүзгі ауыстырумен әлек. «Ақбұлақ» келді деп қуанғанымыз ұзаққа созылмады. Бұл мәселе тілге тиек болып жатқан жоқ секілді. Бұның шешімі бола ма, жоқ па? Халық сынды айтудан қашады, бірақ сын түзелмей, мін түзелмейді. Əр Қазақстан тұрғыны өз жеке пікірін айтуға құқылы деп ойлаймын. Ауыз суымыздың сапасы жақсарып, таза су ішіп отыратын күнге де жетерміз деп үміттенемін,- делінген Самал Амангелдіқызының хатында.

Иә, ауыз су мәселесі аудан орталығында расымен өзекті. Оны аудан айнасының журналистері газет бетінде талай мәрте көтергенімен, «баяғы жартас - сол жартас» күйінде. Мысалы, 2018 жылдың 8 маусымы күнімен шыққан газеттің №23 санында «Судың да сұрауы бар. Адамның ше?», 2020 жылдың 19 мамырындағы №20 санда «Ақбұлаққа» бір қуанып, «Таза суға» бір мұңайып, уақыт өтті-ау, зырғып ағып, зырғып ағып...» деген тақырыптарда мақалалар жарық көріп, жаз мезгілінде ауыз судың уақытпен берілетіндігі, сонымен қатар сапа жағы да сөз болған. Мақаладан соң аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, Қабылтөбе ауылы маңынан екі ұңғыма қазылған. Содан кейін суды уақытпен беру дейтұғын мәселе шешімін тапқан еді. Бірақ ауыз судың сапасы әлі күнге халық арасында қызу талқыға ие.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясы мен оны кезең-кезеңмен жүзеге асырудың жолын көрсеткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында елдің әлеуметтік ахуалын айтарлықтай жақсартудың межелері көрсетілген болатын. Ұлт жоспарына жүгінсек, тұрмысқа қажетті таза ауыз су, көгілдір отын, тұрақты электр энергиясы халыққа қолжетімді болуы тиіс. Бұл мақсатта судың сапасы барлық белгіленген санитарлық нормаларға жауап беруі қажет екендігі, сонымен қатар жерасты суларының әлеуетін кеңінен пайдалану, сумен қамтудың жаңа желілерін салу кезінде жүйелілік қағидатын қолдану керектігі айтылып, «2020 жылы орталықтандырылған сумен қамтуға қол жеткізу қалаларда 100 пайызды құрауы тиіс. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 2 есеге артып, 80 пайызға жетуі керек», делінген еді. Бірақ су ауылға келгенімен, сапалы ауыз судың ауылы алыстау Теректі үшін.

Бәрімізге белгілі, су — стратегиялық нысан. Себебі ауыз су уланса, халық қырылады. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, адамзат ауруының 90 пайызы сапасыз судың салдарынан туындайды екен.  Жасуша ағзасына қорек заттарды (дәрумендер мен минерал тұздары) жеткізетін де, ағзаны лас заттардан тазартатын да — осы су. Одан басқа су тыныс алу мен жылу реттеу процестеріне де қатысады.

Сондықтан да микробиологиялық және химиялық көрсеткіштерге сай емес ауыз суды пайдалану қауіпті: түрлі микроағзалардан тұратын су кейде оба, тырысқақ, гепатит және гастроэнтерит секілді жаман ауруларға шалдықтыратыны белгілі.

Осындай ақпараттарды оқып отырып, тұрғындардың дабыл қағуы да орынды секілді. Осы орайда ауданымыздағы «Теректі – Таза Су» ЖШС директоры Руслан Галиевке ат басын бұрып, сөзге тартқанбыз.

FD11FEBB-9CC9-4DDB-A784-AA377AFACEA9

- 2020 жылы Қабылтөбе ауылында қосымша тағы екі ұңғыма қазылғанын жеткізгім келеді. Яғни, ауыз су тапшылығы жаз мезгілінде болмауы тиіс. Бірақ ол үшін әрине, тұрғындардың түсіністік танытуы маңызды. Жаз басталса теректіліктер бақша суарып, ысырапшылдыққа көп барады. Суды үнемдеуді ұмыт қалдырып жатамыз. Енді, ауыз судың сапасына келетін болсақ. Қабылтөбедегі ұңғымадан шығатын су расы керек, қатты. Біз суды әліміз келгенше тазалып, сүзгіден өткіземіз. Күні кеше қазған екі  ұңғымда судағы тұздың көрсеткіші қалыпты деңгейді көрсетіп тұр. Дегенмен, біз жыл сайын екі рет суды хлорлап отырамыз. Арнайы мамандар тексереді, суды қолдануға болады деп шешім шығарады. Әрине, суды пайдалану жаз мезгілінде көп болғандықтан оны тазалайтын құрылғы кей сәтте үлгермей жатады. Егер халық суды тек ішуге пайдаланса, оның сапасы да соғұрылым жақсы болар еді. Мен өзім жеке басым суды сатып алып ішпеймін. Халық сатып алатын су «өлі су». Оның құрамында ешқандай пайдалы минерал жоқ,-дейді Руслан Маратұлы.

Оқырман хатында таза ауыз суды сатып алып ішеміз делінген еді. Расымен, Теректі ауданы орталығына «Ақбұлақ» келгенімен, халық әлі суды сатып алады. Күн сайын бос құтысын алып, су сатудан пайда тауып отырған кәсіпкерге қарай ағылған жұртты көреміз. Аудан орталығында таза ауыз суды сатып отырған екі нүкте бар. Екі нүктенің қожайыны бөлек. Мысалы, халық арасында «Тұлпар-Такси» орын тепкен жерден сәл әріректе орналасқан «TABIGI  SY» деп аталатын орынның  иесі Махат Қаженов жетекшілік ететін «Жаулыбай» жеке кәсіпкерлігі. Газет журналистері жеке кәсіпкермен байланыса алмағанымен, өзін сол кәсіпкердің сенімді өкілі ретінде таныстырған Әсел Бақытовамен телефон арқылы тілдесті.

- Бұл нысан 2019 жылдың 9 қаңтары күні ашылды. Менің ағам жетекшілік етеді. Біз ұсынатын су «Ақбұлаққа» түк қатысы жоқ. Тікелей жердің астынан шығатын су, біз арнайы тазартудан өткізіп халыққа ұсынамыз,- деді Әсел Ғабитқызы.

Қысқа-нұсқа қайырған Әсел ханым суды тазалау жолдары, қандай құрылғыны пайдаланады, неше мәрте сүзгіден өткізеді деген сауалдарға толыққанды жауап бере алмады. Білетініміз, бір литр судың бағасы 15 теңгені құрайды.

Ғалым Құсайыновтың иелігіндегі тағы бір нүкте «Димар» сауда орталығының маңында орналасқан. Таза ауыз судың литрін 15 теңгеден сатып отырған орынға журналистер барғанымен тікелей басшысымен кездесе де, тілдесе де алмады. Кәсіпкердің сенімді өкілдерінен білгеніміз, суды тазартатын құрылғыны кәсіпкер 6 млн. теңгеге алған екен. Біздің сауалымызға басқалай жауап болмады.

Бұл жерде бас қатыратын бір ғана жайт бар, қыруар қаржының «көмегімен»  «Ақбұлақ» бағдарламасы аудан орталығына келгенімен, неге тұрғындар тұтынатын суды сатып алады? Қос кәсіпкердің қалтасын қалыңдату ақылға қонымды дүние ме? Егер таза ауыз суды халыққа ұсына алмасақ, «Ақбұлақ» бағдарламасын кім үшін жүзеге асырдық? Ішетін суды сатып алатын болсақ бағдарлама арқылы үйге кеп тұрған сапасыз суды халық неге бау-бақшаға қолдана алмайды?

Сауал өте көп. Бәлкім жауабын округ әкімі берер деп жергілікті әкімдікке бас сұқтық. Бірақ, округ әкімі іссапарда болып, оның орынбасары жөнді ақпарат бере алмады. Оқырманымыздың хаты бойынша жүзеге асырған бар шаруамыз осы болды. Әрине, «Теректі – Таза Су» ЖШС директорының сөзі көңілге сенім ұялатады. Алайда қашанға халық тек құр үмітпен күн кешеді?

 Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале