12.05.2020, 12:24
Оқылды: 125

Азамат жеті жылдан бері киелі жануарды қорғап жүр

Қазақта «Құралайдың салқыны» деген сөз бар. Бүгінгі таңда оның сирек қолданылып, ұғымы да көмескіленіп бара жатқаны өтірік емес. Қырдағы қариялардың аузынан оқтын-оқтын естіп қалып жататынымыз болмаса, қаладағы жұрттың көбі оны әлдеқашан ұмытқан. «Құралай» басталғанда қасиетті жануар төлдеуді де бастайды. Киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен бұл кезді «құралайдың салқыны», «құралайдың суығы», «киіктің лақ өргізбесі» деп атап кеткен.

7917E16D-AA49-49D4-A683-D1727EB09F4D

Расында, мамырдың орта тұсында қалың киімінен жеңілдеп, жылымық ауаға бой үйрете бастаған жұртты бір тоңдыратын қоңыр салқын күндерді «Құралайдың салқыны» деп атаудың өз мәні бар. Биылғы көктем ерте келді ме қалай, «Құралайдың суығы» басталғандай күн райы бұзылып, екі-үш күн бойы нөсерлі жаңбыр төгіп тұрды. Суық ызғар да байқалатындай.

Елімізде киіктердің үш популяциясы кездеседі. Мекендейтін жеріне байланысты олар Бетпақдала, Үстірт және Орал деп аталады. Күні бүгін саны жөнінен ең көбі – соңғысы. Бейресми деректер бойынша Еділ мен Жайық арасында 350 мыңға тарта бөкен бар. Сайын даланың сәні саналатын желден жүйрік жануарлар дәл қазір төлдеп жатыр. Бұл кезде киіктің текелері бөлек кетіп, ешкілері бір жерге жиналады. Биыл жануарлар Жәнібек ауданындағы Жақсыбай, Борсы және Казталов ауданындағы Қараоба ауылдарының аумағын таңдапты. «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі мен орман және аңшылық инспекциясының мамандары киіктердің тыныштығын күшейтілген режимде күзетуде.

2322DE5B-129D-44B7-B5C2-01E85B102B1D

Біз «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалы басшысының міндетін уақытша атқарушы Арман Қожахметовпен телефон арқылы хабарласып, біраз мағлұматқа қанықтық. - Киіктердің Орал популяциясы Қазақстандағы дала еркесінің 75 пайызын құрайды. Былтырғы жылғы санақ кезінде өңірімізде шамамен 217 мың киік бар екені анықталды. Әлемдік дерттің өршуіне байланысты карантин жарияланып, киіктерді санау күзге шегеріліп отыр. Киіктердің тыныштығын күзетуде «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалының 67 инспекторы жұмылдырылуда. Барлық инспекторлар заманауи техника және жол талғамайтын көлікпен қамтылған. Алдағы уақытта Казталов ауылынан техникаларымызды жөндейтін база жасақтап жатырмыз. Қазір киіктердің төлдеу науқаны. Осы кезде киіктердің тыныштығын күзету күшейтілген түрде жүргізіледі. Ақбөкендерге көз алартып, оңай олжа қылғысы келетін қаскөйлер де жоқ емес. Сол үшін де біздің инспекторлар қырағылып танытып, күндіз-түні қызметтерін адал атқарып жүр, - дейді филиал басшысының міндетін уақытша атқарушы.

5AA56003-AD2A-4458-B74A-058D55AC9CE0

«Мың рет естігенше, бір рет көр» демекші, көлігімізді сайлап, ауданымызға қарасты Қараоба ауылдық округіндегі ақбөкендер төлдеп жатқан аумаққа жол тарттық. Бізді «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің инспекторлары Азамат Садықов пен Шынтас Асқаров қарсылап алды. Қараоба ауылынан асқан кезде ақбөкендер төлдеп, лағын өргізіп жатқан жерге де жеттік. Көліктен түсіп фотоаппаратымызды суреттегі көріністерді түсіруге бағыттадық. Далада құралайдың дауысынан құлақ тұнады. Әдемі бір әуен дерсің...

Бұл науқан туралы жыл сайын жазып жүргендіктен мақаламыздың негізігі мақсаты – бөкендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтар туралы қалам тербеуді жөн көрдік.

Сонымен біздің алдымыздан шыққан азаматтармен танысып алып, олардың жұмыстары туралы әңгіме өрбіттік. -Ақбөкендердің төлдеу науқаны басталып жатыр. Киіктердің тыныштығын қорғау үшін 24 инспектордан құралған 4 топ жұмыс жасауда. Биыл киіктер Жәнібек ауданы Талов, Борсы ауылдарымен қатар Казталов ауданына қарасты Қараоба ауылдық округі аумағында төлдеп, құралайларын өргізіп жатыр. Бұл аумақта шамамен 30-40 мыңдай киік аналығы төлдеуде. Ақбөкендердің ерекшелігі –  төлдері анасын еміп, екі сағаттан кейін шауып кете береді. Негізінен егізден лақтайды. Тағы бір қызығы, аналары бір-бірінің төлдерін емізе береді. Бұл көп жануарларда кездеспейтін жағдай. Киіктер төлдейтін уақытта түз тағыларының тістері босап, сілекейлері қайтып, тәбеті болмайды. Ал қарақұстар жұмыртқа басады. Яғни төлдеріне жыртқыштар тарапынан қауіп болмайды. Әзірге қаскөйлердің де қимылдары байқалып жатқан жоқ. Науқан бірқалыпты өтіп жатыр, - дейді Азамат Садықов.

Кейіпкеріміз Азамат жануарлар дүниесін қорғау жұмысында жүргеніне жеті жыл уақыт өтіпті. Өзі Бөкей орда ауданы Бөрлі ауылының тумасы. Басын талай қатерге тіккен жас жігіт қызметі туралы сұрағанымызда: - Адам баласы біріншіден, өз жұмысын сүюі қажет. Яғни, өзіне ұнаған кәсіппен айналысуы керек. Мен бала күнімнен киіктерді қорғайтын инспекторлардың жұмысына қызыға қарайтынмын. Кейін охотовед мамандығы бойынша білім алып, осы қызметке орналастым,- деп жауап берді. Жеті жылдың ішінде бұл кәсіптің қиындығы мен қызығын сан мәрте басынан өткізген Азамат қаскөйлердің өзіне оқ атқан күннің де болғанын жеткізді. Бірақ қиындықтан тайсалмаған жігіт даладағы ақбөкендерді мүйізі үшін аямай қырған жауыздардың біразын құрықтаған. Соңғы киік атқан қаскөйді былтырғы жылдың аяғында ұстапты.

Кейіпкерімізбен бірге 3-4 сағаттай дала аралап, біраз шақырым жерді артқа тастадық. Даладағы осы бір әсем табиғи жарасымды тірлік көздің жауын алады. Туғанына 1-2 сағат болған лақтар ойнақтап шауып барады. Көк шөптің үстіндегі көздері мөлдіреген, әлсіз талпынған лақты көрдік. Құралайдың көзінде адам баласын баурап алар сұлулық байқалады. Лайым, бұлардың жауы болмасыншы!

Қайрат Жақып

Казталов ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале