14.10.2021, 12:27
Оқылды: 104

«Ажырасу – мәселені шешудің жалғыз жолы емес»

«Тойламасаң басқа тойды тойлама, екі жастың бақыт тойы тойлансын». Үлкен-кішінің аузынан тастамас әннің осы жолдарын алға тартқан ата-ана баласы үйленіп, қызы ұзатылса барын шашып той жасауға тырысады. Сол тойда айтылатын тілектердің ішіндегі ең көбісі «жұптарың жазылмасын» болады. Алайда соны орындап жатқан жас жұбайлар бар ма?

12

 Тасқала аудандық азаматтардың хал актілерін жазу (АХАЖ) бөлімінің мамандарының мәліметіне сүйенсек 2020 жылы 9 ай уақыт ішінде 39 неке тіркелген. Алайда сол уақыт аралығында 15 отбасы ажырасуға шешім қабылдаған. 2021 жылы тіркелген неке саны 42 болса, 11 жанұя шаңырағын шайқалтқандардың қатарында.

Әр адам өз тағдырының иесі. Десек те, көпшілік терең ойлана барып осындай шешім қабылдап жатады. Ажырасу - мәселені шешудің жалғыз жолы емес. Біраз әріптес мамандардың «отбасы ажырасса, ең көп қиналатыны ортадағы бала» деген пікірін естіп жүрмін. Өз тәжірибемде ажырасу шешімін қабылдағанда үлкен стресске ұшыраған әйел адамды да, ер адамды да көрдім. Балаға да ауыр соққы болады. Оның әрі қарай тұлғалық бейнесінің қалыптасуына, психикалық мінез-құлығына кері әсерін тигізуі мүмкін,- дейді «Сәулет» мектеп-лицейінің психологы Гүлнар Иманғалиева.

Гүлнар Бекенқызының сөзіне сүйенсек, отбасы мүшелерінің осындай шешім қабылдауына біраз себептер бар. Соның ішінде ең көп кездесетіні «мінезіміз жараспады».

Қазір жастар бір-бірін таңдап, біраз уақыт достасып, көңіл жарастырып барып қосылады. Сондай жастардың мінезі жараспай қалуы мүмкін бе? Жоқ. Олардың мінездерінің жараспауына өзгелердің әсері тиеді. Қазақ «екі жастың ортасына есі кеткен түседі» дейді. Қазір ата-ененің, дос-жаран мен өзге ағайындардың ортаға түсіп, қарым-қатынасқа араласып жатқаны бар. «Мінез жараспау» осындай себептерден туады.

«Сыйласу – бағыну емес»

Көңіл жарастырып шаңырақ құрған жандардың екі бөлек кетіп шешім қабылдауларына тағы не түрткі болуы мүмкін? Бір-бірін сүйіп қосылған жастардың мінезге бола ажырасып кетуі міндет пе?

-Заман  дамып, өзгерген сайын адамдардың, жалпы қоғамның көзқарасы мен құндылықтарға деген қарым-қатынасы өзгереді. Бұл - бұлтартпас шындық. Себебі заманға сай адам психологиясы өзгереді. Бір қалыпта тұрмайды. «Үй болған соң, ыдыс-аяқ шылдырламай тұрмайды» деген бұрынғылар. Мәселе, сол «ыдыс-аяқты» сындырып алмауда. Отбасы болған соң ерлі-зайыптылар бір-бірін сыйлап, көңілдеріне қарап, «мен» емес, «біз» деп өмір сүруге бейімделуі қажет. Қазіргі жастардың көпшілігі бір-бірін сыйлау дегенді «бағыну» дегенмен шатастырып алады. Отбасы болғанда ер азамат – отағасы, басшы екенін сезінсе, ал әйел адам – ерінің тапқанын жаратып, бала-шағаға дұрыс қараса, сөйте жүріп бір-бірінің еңбегін бағаласа ол жанұяда береке болады. Өз тәжірибемнен алып қарасам, ажырасуға шешім қабылдаудың басқа да себептері бар. Соның бірі – материалдық жағдайдың жетіспеушілігі. Қазіргі таңда материалдық жағдай, несие біраз жанның берекетін алатыны сөзсіз. Дегенмен, бұның барлығы - уақытша ғана қиындық екенін естен шығармаған жөн. Жалпы қазіргі заманның адамдары алда кездескен қиындықтарға төтеп бере алмайды. Көпке топырақ шашпаймын, әрине. Дегенмен, шындық осы,- дейді психолог маман Гүлнар Бекенқызы.

Құмар ойын береке қашырады

Кәсіби тәжірибесінен мысалдар келтірген Гүлнар Бекенқызы жанұяда түсініспеушіліктің болмағаны абзал екендігін алға тартады. Себебі, кішкентай ғана түсініспеушіліктің соңы күрделі мәселеге айналып кетпеуіне кепіл жоқ. Сондай-ақ кешірімді және шыдамды болудың да отбасыға алып келер пайдасы көп. Бірде маған бір жас келіншек хабарласып жолдасымен ажырасуға шешім қабылдағанын жеткізді. Мәселені жеткізген келіншек жолдасының құмар ойынға үйін салып ұтылып қалғанын айтты. Бұл аздай келіншекті қайын жұрты «сен қайда қарап отырсың» дегенге сай кінәлаған. Күйзеліске түсіп кеткен келіншек өз-өзіне қол жұмсауды да ойлаған. Ақырында, балаларын алып әке-шешесіне қайтып кеткен. Кейін жолдасы келіп кешірім сұрап, барлығын қайта бастауға мүмкіндік беруін өтініп еді. Жан-жақтан айтылған ақылды тыңдаған келіншек жолдасымен қайта қосылды. Қазір жүздерінде күлкі, бала-шағасының қызығын көріп өз шаңырақтарында жарқын өмір сүріп жатыр. Кешіре білудің маңызын осы оқиғадан-ақ түюге болмай ма?,- дейді Гүлнар Иманғалиева.

Бір-бірін сүйіп қосылған жастардың жарасымды жанұяға айналуларына ағайын-туманың қолдауы да қажет.  Егер отбасының басқа мүшелері келінін немесе екінші жақ күйеу баласын сынап, жағымсыз пікірде болса екі жастың ортасына іріткі түспей қоймайды.

Ішкі сырын айтып келген бір келіншек ұзақ уақыт балалы бола алмай жүргенін жеткізді. Отасқандарына 17 жыл болса да, бір нәресте көрмегеніне қатты қыңжылады. Ол аздай, әйелге қайын жұрты «бала көтермейсің» дегенді бетіне басып, айналасы жақтырмай жүргені тіптен ауыр тиген. Ал шындығында, ортада бала болмау себебі ер азаматтың денсаулығына байланысты болып шығады. Бұл жерден байқайтынымыз, онсыз да қиналып жүрген келінге отбасы қолдау көрсетудің орнына, барлығы керісінше. «Шыда, сабырлы бол, барлығы жақсы болады» деген отбасының жылы сөзі келіншекке ауадай қажет болғаны түсінікті. 17 жыл бойы осындай қиыншылықты көтерген әйел кейін бала көтеріп, қазір толық отбасы болып отыр. Байқасаңыз, жолында кездескен қиындықты көтере білген жан мақсатына жетті. Айрандай ұйыған отбасы, әке-шеше жанында өскен бала – өмірдің сәні емес пе? Ал сол әйел өз кезегінде ажырасуды ойламады дейсіз бе?. Ойлаған болуыда мүмкін. Бірақ шыдап бақты, - дейді маман өзінің өмірдегі кездескен оқиғалармен бөлісе отырып.

«Шаңыраққа сенім керек»

Қазақта «үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Шаңырақ көтерген жұбайлардың бір-біріне ынтық болып, жылы сезіммен жүретін уақыты 6 ай ғана. Бұл психология саласында дәлелденген. Бұдан кейін сәл кешіксе «қайда жүр?», «неге кешікті?» деген күдікті сауалдар туа бастайды. Осы алты ай уақыттан соң отбасылық өмір әдеттегі нәрсеге айналып, отбасы мүшелері бір-біріне бастапқыдай көңіл бөлуді қоя бастайды екен. Сондықтан жанұя үшін ең бастысы екі адам арасындағы сенім. Орынсыз қызғану, күдікті нәрсе іздеу көңілге кірбің түсірмей қоймайды. Шаңырақтың шайқалуы осындайдан-ақ басталады.

Күйзеліске ұшырап, ішкі сырын бөлісуге келген жандарға біраз жыл көмек көрсеткен психолог Гүлнар Бекенқызы ажырасудың алдын алу қажет дейді.

13

Отбасы болу үшін жастар алдымен психологиялық тұрғыдан дайын болу керек. Қазір ажырасудың негізгі себептері де жастардың отбасылық өмірге дайын еместігінен туады. Өзім тұрмысқа шыққанда некемізді Саратов облысында қидық. Сол кезде неке қию бөлімі жанында «жас отбасы» бөлмесі болатын. Некеге тұруға барған жастармен психолог мамандар арнайы жұмыстанатын. Жалпы жастар отбасылық өмірге дайын ба, бір-бірінің мінезін көтеру, шыдау, жолда кездескен қиындыққа төтеп беру қолдарынан келе ме деген сауалдар қойылатын. Алдымызға түрлі ситуациялар тастап, содан шығу жолдарын түсіндіретін. Балалы болған соң кездесуі мүмкін жағдайларға дайындайтын. Көрдіңіз бе, осының барлығы отбасылық өмірдің жауапкершілігін ұғындыратын. Қазір бұндай кабинеттер жоқ. Сондықтан ұл мен қызды үйде ата-анасы тәрбиелеу керек. Өкініштісі, бүгінде қыз бен жігіттің бір-бірін сүйіп емес, бір-бірінің жағдайына қарап қосылулары. Махаббат жоқ. Арада жылы сезім болмаса, ондай отбасының ғұмыры ұзаққа бармайды,- дейді Гүлнар Бекенқызы.

«Не ексең, соны орасың» деген дана халқымыз. Бақытты отбасын құруда ер мен әйелдің рөлі бірдей екенін естен шығармайық. Бақытты шаңырағымыз – ұл-қызымыздың алаңсыз өсетін алтын ұясы емес пе?

Мақала дайындау барысында, ажырасуға шешім қабылдаған отбасы мүшелері ішкі сырын бөлісе баратын психологиялық кабинет біздің ауданға да қажет-ау деген ой келді. Бәлкім, Гүлнар Бекенқызы көп жылдық тәжірибесімен бөлісіп, күйзеліске ұшыраған жандарға қолдау көрсету мақсатында осындай бір істі қолға алып қалар деп үміттенеміз.

Әсем Аман

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

         

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале