17.11.2020, 15:41
Оқылды: 195

Бәйтеректің биігі – «Ауыл тынысы»

Өткен ғасырдың 40-шы жылы аудан газетінің алғашқы сандары шыға бастады. «Большевистский путь» атауымен оқырманға жол тартқан басылым бетінен сол кездегі елдегі ахуал мен аяғына тұра бастаған ортақ Отанымыз болған Кеңес елінің жағдайы көрініс табады. Алғашқы редактор болған Юрий Терентьевич Губанов өз естелігінде 1940 жылдың қараша айында Каменка ауылына оның атына партия облкомының жеделхаты келгенін жазады. Онда оған Переметный ауылына аттанып, сол жерде шығатын газеттің басылуын қамтамасыз ету тапсырылыпты.

12363030_523483121149394_1619577306059711356_o

- Бұл тапсырманы орындау өте қиын еді. Өйткені ауданның өзі сол шақта ұйымдастыру кезеңін бастан өткеріп жатты. Переметныйда типография да, журналистер мен полиграфистер де жоқ болатын. Бізге бұрынғы кеңшар моншасының жартысын редакция, жартысын типография етіп бөлді. Ал екінші жартысында аудандық жер бөлімі орналасты. Партия райкомының аппараты Каменский совхозының клубында орналасты, - деп еске алады алғашқы редактор.

Алғашқы редактор Юрий Губанов осылайша газет саласын біріздендіріп, кадр тапшылығы мен басқа да мәселелерді шеше бастаған шақта соғыс басталады. Еркек кіндіктінің барлығы майданға аттанып, ел аласапыранға түседі. Соған қарамастан газет өз жұмысын тоқтатпайды. Тіпті газеттің соғыс басталған 22 маусым күнгі нөмірінде де бұл оқиға туралы ештеңе айтылмаған. Бірақ, №23 санында халық комиссары В.Молотовтың көлемді үндеуі берілген. Фашистік Германияның тұтқиылдан шабуыл жасап, біраз жерімізге ойран салып үлгергені жайында баяндаған үндеуде Киев, Каунас, Житомир, Севостополь қалаларының бомбаланғаны айтылады. Сондай-ақ КСРО-ның Архангельск, Белорусь ССР, Калинин облысы, Иванов облысы, Воронеж облысы, Краснодар аумағы, Литва ССР, Молодова ССР, Рязань облысы, Мурманск облысы, Смоленск облысы, Тула және тағы да басқа жерлерде соғыс жағдайы жарияланғаны, 1905-1918 жылдар аралығында дүниеге келген жігіттер мен ер азаматтар әскерге шақырылатыны жайында шыққан жарлықтар басылған. Жауға тойтарыс беруге кіріскен сол кездегі отанымыздың қандай күй кешкенін ойлаудың өзі жүрекке ауыр.

Соғыс жылдарындағы газеттерді ақтарып отырып, сол кездегі халықтың күйін кешкендей боласың. Тылдағы еңбеккерлердің ерлігі жазылған мақалалардан Отан қорғау ісіне жұмылған халықтың тынымсыз еңбегі көз алдымызға елестейді. Кеңес әскерінің шегінуге мәжбүр болғаны жазылған ақпараттарды оқып, көңілің құлазыса, әскеріміздің жау шабуылына тойтарыс беріп, кері шегіндірген мақаланы көз шалғанда еріксіз қуанасың. Сондай-ақ ортақ іске жұмылған халық бірлігі де көңілге қуаныш сыйлайды.

Соғыс жылдарында аудандық газеттің редакторы ауысады. Алғашқы басшы Юрий Губановтың орнын 1943 жылы Федор Климов басады. Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс туралы хабарды аудан халқына жеткізу мәртебесі дәл осы Федор Афанасьевичке бұйырыпты. 1958 жылға дейін аудандық газетті басқарған Ф.Климовтің кезінде басылым бетінде соғыстан кейінгі жылдар суреттеледі. Халық шаруашылығын қалыпқа келтіру, одан кейін тың және тыңайған жерлерді игеру жайындағы мақалаларды көреміз. Өңір қамбасы саналатын ауданымызда тың жерлерді игеру ісі қарқынды жүргені белгілі. Сол себепті елуінші жылдардың басы мен алпысыншы жылдарға дейінгі газетімізден кең даладан бой көтерген кеңшарлар мен егін егуде алға шыққан диқандар жайындағы очерктер жарық көрген. Елімізге кеңестер одағының түкпір-түкпірінен ағылған тың игерушілердің легі қазақ даласына халықтар достығы мен түрлі мәдениеттің араласуын да алып келгендей. Бүгінгі татулық пен ынтымағымыздың бастауының негізі тың игеру жылдарында қаланғандай.

1958 жылы аудан газетінің атауы өзгереді. Сол жылдың қаңтарынан бастап «За коммунизм» деп аталған басылым төрт беттік болып шыға бастаған. Соғыстан кейінгі қиындық біртіндеп артта қалған. Газет те сол шақтағы даму жолына түскен елдің көңіл күйін бейнелегендей. Мақалалар да ауданның тыныс-тіршілігін елдегі азаматтардың тынымсыз еңбегін мадақ етіп жаза түскен. Дәл осы 1958 жылы редакторлық міндет Алматы ВГПИ бітірген В.Российскийге жүктеледі.

Газет тарихын терген Н.Дүзбатыр 1961-1962 жылдары ауданымыз Камен ауданының құрамында болған шақта қазіргі «Ауыл тынысы» жабылып қалмай, көрші ауданның «Озат еңбекші» газетімен қатар шығып отырғанын жазады. Бұл екі басылым біріккен ауданның өмірін жариялап отырғаны көзі қарақты оқырманға айтпаса да түсінікті.

12239377_513850718779301_3218366309401365093_o

1962 жыл «За коммунизм» қаржылық қиындықтарға тап болып, 1963 жылға дейін қазіргі «Приуралье» газетінің қосымша беті болып шыққан. Сол жылдың сәуірінде қайтадан жарыққа шыққан «За коммунизм» газетінде 1965 жылға дейін Михаил Прасолов редакторлық еткен. 1965 жылы Михаил Прасоловты Павел Суетин ауыстырады. Міне, осы Павел Дементьевич газетті ұзақ жылдар бойы басқарған. 1983 жылға дейін редакторлық қызметті абыроймен атқарған ол да мемлекеттік ақпараттық саясатты ойдағыдай жүзеге асырып, облысымыздың ғана емес, елімізге аты жайылған ауданымыздың абыройын одан әрі асқақтата түсіреді. 1983 жылы газет тізгінін Николай Чеботарев қолына алады. Николай Павлович басқарған жылдары ел тәуелсіздік алды. 1991 жылы «За коммунизм» аталған аудан үнпарағының атауы «Сельские вести» болып өзгертіледі. Тоқсаныншы жылдардағы қиындық газетті де айналып өтпесе керек. Өйткені сол кезеңдегі мақалалардан ел болашағына деген сенімсіздік пен күмән лебі байқалады. Десе де оның барлығы артта қалғанына көз жетті. Ел еңсесін тіктеп, заман түзеле бастаған ғасырлар тоғысында, дәлірек айтсақ, 1999 жылы «Сельские вести» газетінің басшысы лауазымына Мақсот Иржанов отырады. Осы қызметті 2012 жылға дейін абыроймен атқарған Мақсот Қабышұлы 900 данаға дейін түсіп кеткен газет тиражын көтеріп, 2003 жылы атауын тәуелсіздік талаптарына сай қазақшаға өзгертеді. Содан бері «Ауыл тынысы» атауымен шыға бастаған басылым 2005 жылы облысымызда алғаш болып 8 беттік көлемде шығады. 2012 жылы «Ауыл тынысы» газетінің редакторы қызметіне Нұржан Дүзбатыр келеді. Сол кезде 70 жылдан астам тарихы бар газеттің түпнұсқа тігінділері аумалы-төкпелі заманда шашырап, облыстық, аудандық мұрағатта да сақталмай қалғаны белгілі болады. Бұл олқылықтың орнын толтыруды өзінің азаматтық борышы санаған Нұржан Тоғызбайұлы Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы мұрағатынан аудандық газеттің 54 жылдық тігіндісін елге жеткізді. Осы мақалада келтірілген азын-шоғын деректер қазіргі ішкі саясат бөлімі басшысының тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды. Жаңа ғасырда газетті Самал Жәмет, Ертай Бимұханов сынды журналистер басқарып, өз биігінен түсірмеді.

Бүгінде жаңа заман талабына сай жұмыс жүргізіп отырған басылымның фейсбук және инстаграм әлеуметтік желілерінде ресми парақшасы бар. Сонымен қатар газет сайты да үздіксіз жұмыс жасап келеді. Алдағы уақытта газет оқырман талабын қанағаттандырар мақалаларымен көпшілікті қуанта бермек. 80 жыл бойы өз биігінен түспеген аудан басылымы әрмен қарай да жұмысын жалғастыра бермек.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале