23.06.2020, 16:49
Оқылды: 38

Бау баптаған қария

Жуырда Тасқала ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жұмыс бабымен барған болатынбыз. Аталған орталықтың ауласы гүлмен көмкеріліп, ағаштары жайқалып тұр.

06C0FB82-344A-4466-A784-143F1FF06ACA

Бірден көзге түседі. Жұмыс барысымен шапқылап жүрген біз мұндайды әдетте байқай бермейтінбіз. Жайқалған жеміс ағаштары мен егілген бау-бақша өнімдері бір-бірімен сырласып тұрғандай. Оның үстіне раушан гүлдері де сырластықты сыйластыққа ұластырғандай әсер қалдырды.

Бұл жерде үлкен еңбек жатқаны айтпаса да түсінікті. Әуелі орталықтың қызметкерлері жабылып еккен екен деп ойладық. Қателесіппіз. Аулаға кіре бергенімізде басында күннен қорғайтын бас киімі бар, орта бойлы, аққұба келген, егде жастағы қарияның ағаштың көлеңкесінде отырғанын байқадық. Елімізде жарияланған карантинге байланысты орталықтың ішіне кіруге асықпадық. Бірінші болып көзімізге түскен адамның алдына барып, кішілігімізді білдіріп, амандастық. Жақындап, жөн сұрасқан соң білгеніміз – көлеңкеде отырған ақсақалдың бау-бақша мен гүлдерді жаңа суарып болған бойы екен. Бүгінгі әңгімемізге арқау болғалы отырған жан аудандағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны – Нығметолла Қадетов. Ол жас күнінде тракторшы, комбайншы болып қызмет істеген. Талай жұмыстың басын қайырған кейіпкеріміздің қолынан келмейтіні жоқ екен. Нығметолла ағамыз бүгінде сексеннің есігін қағып тұр. Кейіпкеріміз табиғатпен жақын сырласа білгесін бе, бір қарағанға жүрісі ширақ, тың көрінеді.

– Таңғы бесте тұрып аламын да, бау-бақшаны аралап, қарап шығамын. Оның ішінде жеміс ағаштары мен неше түрлі гүлдер бар. Олардың көңіл күйі болмаса, менің де сол күні мазам болмайды. Өзім қызмет еткен ауылдардағы үлкен кісілерден біршама нәрсе үйрендім. Өсімдіктер мен жемістерді тек әкеліп, отырғыза қойғанға ол шықпайды. Әуелі отырғызатын жерді дайындау керек. Қара топырақ төсеп, егетін жерді құнарландырсаңыз ғана ойлағаныңыз болады. Мен алғаш осында келгенде қара ағаштар толып тұратын. Олардың көзін жойып, орнына жеміс ағаштарын отырғыздық. Басшымыз Ганмирлан Ғұсманұлымен ақылдасып, қажетті нәрселерді сол кісі арқылы алдырып отырамын. Есесіне ауламыз жайнап тұр. Судан тапшылық көрген кездеріміз де болды. Кейбір ағаштар бір жерде топтасып өсіп тұрды. Кейін оларды тамырымен алып, ауламызды жағалай егіп тастадық. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай, жайқалып өсіп тұр. Алма ағаштарын ерекше жақсы көремін. Мұндай шаруаға төзім мен махаббат керек. Егер ол екеуі тұла бойыңда болмаса, жемістерге обал жасайсың. Онда бірден жоламаған жөн. Көктемде еккеніңді күзде орған кездегі әңгіме тіпті бөлек. Бау-бақша өнімін осындағы қарттармен бірге бөлісіп, дәмін татамыз. Ауысқанын көршінің балаларына ауыз тисін деп береміз. Жалпы, табиғатпен сырласа білген жөн. Әрбір жемісті күтіп-баптасаңыз ғана игілігін көресіз, – дейді Нығметолла Қадетов.

0D6EECCF-1283-4811-A099-3093E29AAE06

Бір қуанарлығы, ауласына қарап қарттар тұратын мекеме деп ойламайсыз. Көзіңізге елестетіп көріңізші, оқырман. Егер жоғарыда аталған жемістер мен гүлдер болмаса, аталған ғимараттың түсі суық тартып, бірден ауыр күй кешер едіңіз. Ал қазір мұнда жағдай басқаша. Бұл жерде кейіпкеріміздің тынымсыз еңбегінің жемісі көрініп-ақ тұр. Онымен бірге бау-бақшасын аралап көрдік. Қияр, қарбыз, қауын, қызанақ және асқабақ секілді жеміс-жидектер жайнап тұр. Нығметолла Қадетов ала таңмен тұрып, аулаға шығып бақылау жүргізуді күнделікті әдетіне айналдырғалы біраз болыпты. Бұларсыз ауланың сәні болмайды дегенді де жасырмады. Шынымен де гүлдің сұлулығы әлемді өзгертеді. Оларға қарап мейірімің оянады екен. Жайқалып тұрған гүлдерді жұлып тастауға дәтің шыдамас. «Ауыл тұрғындары Нығметолла ағамыз секілді болса ғой, шіркін», – дейсің ішіңнен...

Темірболат Әнуарұлы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале