27.06.2022, 10:30
Оқылды: 52

Бейбітшіліктегі баспахана

Ресейдің үш губерниясының деревняларымен шектесіп тұрған Бейбітшілік (Краснов) ауылының орталық бөлігінде бұзылған ескі ғимарат тұр. Көпшілік оны ауылдың ескі клубы ретінде біледі. Өткен ғасырдың 30-шы жылдар бұл ғимарат баспахана болып, мұнда газет шыққанынан ел-жұрт хабарсыз.

WhatsApp Image 2022-06-27 at 06.44.51

Біраз жыл Приурал, артынан Зеленов аудандарында басшылық қызметте болған Вера Шохинаның айтуынша, 1928 жылдары бұл ғимаратты америкалықтар салған. АҚШ азаматтары ол кезде бұл жерде қазба байлығын зерттеу бойынша жұмыс істеп жатқан екен. Краснов ауылында қоныстанған олар өздеріне кеңсе ретінде аталмыш ғимаратты тұрғызған көрінеді. Ал олар кеткен соң, ғимарат аумақтық баспаханаға айналған.

WhatsApp Image 2022-06-27 at 06.44.51 (1)

-Бұл ауыл Ресейдің Саратов облысының Прелюб, Самара облысының Большой Черниговка және Орынбордың Первомай аудандарымен шекаралас. 1935 жылға дейін бұрынғы Приурал ауданының аумағы Орынбор облысының Теплое ауданына қараған. Ал 1935 жылдың 9 қаңтарында Орал облысына қарасты Приурал ауданы құрылды.  Яғни 30-шы жылдары бұл жер Орынбор облысына қарасты болған. Баспаханада осы аумаққа тарайтын орталық газеттер мен жергілікті басылымдар басылып тұрған. Сол себепті ол аумақтық баспахана деп аталған. Бұл архивтен алынған құжатта көрсетілген. Нақтылап айтар болсам, 1986 жылы Краснов ауылында Ресейдің аталмыш үш ауданы мен Орал облысы Приурал ауданы хатшыларының кездесуі ұйымдастырылуына орай Мәскеудегі Орталық архивке осынау ғимаратқа байланысты сұрау салған болатынбыз. Соған келген жауапхатта оның баспахана болғаны жазылған еді. Өкінішке орай ол құжат қазір жоқ. Есімде қалғаны бұл баспахана ұзақ жұмыс істеген емес. Екі-үш жылдан соң баспахана жабылып, ғимарат ауыл клубы ретінде пайдаланылған. Ғимарат әбден тозып, бұзылғанша мәдениет мекемесі болып қызмет етті,- дейді БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, Бәйтерек ауданының құрметті азаматы Вера Шохина.

WhatsApp Image 2022-06-27 at 06.44.51 (2)

Бейбітшілік ауылында екі-үш жылдан бері округі әкімі болып қызмет атқарып келе жатқан Жұмабай Сатаев аталмыш ғимарат көп жыл бойы ауылдың клубы болғанын айтты. Ғимараттың тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрғаннан соң, ол пайдаланылмай қалды. Қазір бұзылуға жататын нысандар қатарында тұр. «Жалпы бұл ғимарат ерекше салынған, - дейді Жұмабай Аспендиярұлы. - Мәселен, жылу жүйесі қабырғаның ішінен тартылған. Жылу қазандығы жертөледе орналасқан. Желдету жүйесі де ерекше. Шетелдіктердің салғаны біленеді. Қабырғасы қаланған тастың сапасы жоғары, бір ғасырға жуық уақыт өтсе де әлі күнге дейін көп сыр бермей тұр. Ғимарат құрылысына темір жол рельстерін пайдаланылған. Ұзынқұлақтан естуімізше, «Правда» газеті басылып, осы аумақтарға таралып тұрған көрінеді. Қазір осыған қатысты деректерді  білетін адам бұл маңда жоқ. Сөздің шыны керек, кезінде бұл ғимаратқа мән берілмей қалған ғой, соның салдарынан осындай жағдайға жетіп отыр. Егер мән берілсе, тарихи ғимарат ретінде сақтауға болар еді».

WhatsApp Image 2022-06-27 at 06.44.52

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале