6.12.2021, 10:40
Оқылды: 57

Бізден де чемпион шығады!

Темірлан Наурызбай – біздің ауылдағы Мерей Меңжанов, Нұрсұлтан Амангелді деген жігіттердің досы. Мерей қазіргі уақытта Көгеріс негізгі мектебі директорының міндетін атқарып жүр. Ал Нұрсұлтан Оралда ішкі істер саласында қызмет жасайды.

IMG-20211028-WA0069

Үш достың арасында ауылды көркейту, ауыл балаларынан чемпион шығару туралы әңгіме болған сықылды. Сол әңгіме болмағанда елордада жүрген спортшы Темірлан Наурызбай алақандай Көгеріс ауылына еңбек етуге келер ме еді?

Бүгінде Темірлан Көгеріс негізгі мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ол келе салысымен күрес үйірмесін ашты. Ауыл үшін сол жаңалық болды. Жап-жас жаттықтырушымен біз де әбден танысып алдық. Бөтен емес, іргедегі Жосалының тумасы екен.

Әрине, халық оны тек маман ретінде қабылдады. Ал ауыл балалары болса жаттықтырушыларына қатты сенді. Темірлан Нұрбергенұлы болса, өз ісіне шынайы берілген маман екен. Қашан көрсең де қуықтай тар залдың ішінде балаларды жаттықтырып, өзі бірге жаттығып жүреді.

Кейде ауыл тұрғындарымен әңгіме айтады.

IMG-20211028-WA0057

-Күресетін балаға үйінде бап керек. Қой қарсылау мен мал түгелдеуге үлгереді. Үйірмесіне уақтылы жіберіңіздер. Режимін бұзбаңыздар! – деп ескертіп те қояды. Ақыры, бәріміз де балаларымызды «Сүйегі – менікі, еті – сенікі», деп Темірланның тәрбиесіне тапсырдық.

Міне, ашылғанына аз ғана уақыт болса да Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Көгерістегі күрес үйірмесінің шәкірттері аудан, облыс көлемінде жүлделі орындар алып, ауылды жаңа қырынан таныта бастады. Күрес жарыстарында қазір біздің балалар «КӨГЕРІС» деген тақтайша ұстап шығады. Тамаша емес пе? Соны көріп, қуанып, Темірлан жаттықтырушының жұмысына сәттілік тілеп қойғанды жөн көрдік.

Алға, Темірлан!Бұйырса, бізден де чемпион шығады.

Байжан Ізімов,

Көгеріс ауылы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале