22.01.2024, 12:00
Оқылды: 122

БҚО-да жаңа мешіт ашылды  

 

Ақжайық ауданының Ақсуат ауылында 70 орындық «Жан-аян» мешітінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

мечеть акжайык (3)

Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Мұрат Сердалин, облыстың бас имамы Самат Әлібаев және мекеме, бөлім  басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.

Алдымен жиналғандарды аудан әкімі құттықтап, сөз сөйледі.

– Бүгін Ақсуат ауылында үлкен қуаныш. Бұл мешіт Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының теңгеріміне рәсімделіп, филиал болып тіркелді. Жұртты бірлікке, ынтымаққа бастауда, жас ұрпақ тәрбиесінде асыл дініміз исламның алар орны ерекше. Жамағатты бір шаңырақ астына жинап, сонау өткен заманнан бергі ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дінімізден адаспау – біздің міндетіміз. Сондықтан мешіттің бой көтеруіне қол ұшын созған баршаға алғыс айтамын, – деді ол.

мечеть акжайык (2)

Осыдан кейін Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Әлібаев мешіт салудың зор сауабын тілге тиек етіп, жиылғандарға игі тілегін арнады.

– Бұл – осы жылдың облыс көлемінде ашылып жатқан алғашқы мешіті. Осындай тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Іші жамағатқа толы болсын! Осы ізгілікті іске мұрындық болған, себепші болған осы ауылдың тұрғыны Ләззат Мұратқызына Алла разы болсын! Бір тиын болса да, барын берген, құрылысқа қатысып, бір кірпіш болсын, қалаған баршаға алғыс айтамын. Осындай рухани ордадан ілім алар жастар көп болсын! – деді бас имам.

мечеть акжайык (4)

Сонымен қатар осында ол  құрылысқа қатысқан бір топ азаматқа өзінің алғысхатын табыстады.

Сондай-ақ айтулы қуанышқа орай ақын Сағынтай Бисенғалиев ақсуаттықтарға игі лебізін білдіріп, жыр шумағын арнады. Осыдан кейін жаңа мешіттің лентасы қиылып, жиналғандар ішке беттеп, аралап көрді. Еңселі мешіттің рухани орта, қоғамдық құндылықтарға насихаттау бағытында жұмыс істеуге, дініміздің өркендеуі үшін  қызмет етіп, халқымызды имандылыққа тәрбиелеуге зор үлес болары шүбәсіз.

мечеть акжайык (1)

Айта кету керек, аталған мешіт құрылысына бастамашы болған – жеке кәсіпкер, іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты Ляззат Сейткереева. Оның айтуынша, ізгі іске ауыл тұрғындары барынша қол ұшын созып, салтанатты күнді жақындатуға үлес қосқан. Соның ішінде ауыл жастарын ерекше атап өткен ол қыз-жігіттерді игі іске ұйыстырған ауыл тұрғыны Аслан Ғұбайдуллинге ризашылығын білдірді.

Осы азамат биыл Оралдағы медресені аяқтап, мешітке имам болып келмек. Сонымен қатар мешіттің қасында 9х9 шаршы метр болатын асхана салынған.

Қазіргі уақытта ауданда бес мешіт жұмыс істеп тұрса, «Жан-аян» алтыншысы болып қосылды. Сонымен қатар Құрайлысай, Қарауылтөбе ауылдарында жаңа мешіттің құрылысы аяқталып, құжаты рәсімделіп жатыр.

 

Аида Асылбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале