16.07.2026, 16:15
Оқылды: 8

Бөдене бағу— берекелі кәсіп

Қарапайым ғана құстың айналасында табысты кәсіп құрып, нарыққа сапалы өнім ұсынып отырғандардың қатары артып келеді. Соның бірі – Сырым ауданының Тоғанас ауылының тұрғыны, «Хатият» жеке кәсіпкерлігінің иесі Батырбек Хатият. 

IMG_2512

Кеше Батырбектің бөдене шаруашылығы Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Алдияр Сансызбайұлы Халеловтың ауданға жасаған жұмыс сапары кезінде таныстырылған нысандардың бірі болды.

Кәсіпкер 2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, бүгінде 6 мың бас бөдене өсіруде.

Шаруашылықта өндірілетін бөдене жұмыртқасы мен еті аудан және облыс орталығында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде тұрғындарға тұрақты түрде ұсынылуда. Арнайы іздеп, тапсырыс беріп, сатып алатындар да бар екен.

IMG_2511

Қазіргі таңда кәсіпкер облыс орталығындағы бірқатар супермаркеттермен келісімге келіп, өнімін сауда желілеріне шығаруды қолға алған. Бұл – өндіріс көлемін ұлғайтып, өткізу нарығын кеңейтуге жасалған маңызды қадам.

Шаруашылықтың жұмысымен танысқан облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Сансызбайұлы бөдене өнімдерінің адам денсаулығына тигізер пайдасына ерекше тоқталды.

– Бөдене жұмыртқасы мен еті – құнарлылығы жоғары, дәруменге бай өнім. Әсіресе қаназдық (анемия) секілді бірқатар дерттің алдын алуға және ағзаны нығайтуға пайдалы, – деді ол.

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін тиімді пайдаланып, кәсібін дөңгелеткен Батырбек Хатият бүгінде табиғи әрі сапалы өнім өндіріп, аудан мен облыс тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді.

 

Қоңдыкер Жеңісұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале