29.06.2026, 19:30
Оқылды: 80

Бөрлі ауданының әкімі үздік қаламгерлерге алғысхат табыстады

Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсановтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған мерекелік кездесу өтті.

image-29-06-26-06-52

Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған басқосуда аудан басшысы қаламгерлерді құттықтап, билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналған БАҚ-тың қоғамдағы маңызына кеңінен тоқталды. Ауданның тыныс-тіршілігін шынайы әрі ашық насихаттап жүрген бірқатар журналиске әкімнің арнайы алғысхаты табысталды. Еркебұлан Ихсанов өз сөзінде журналистиканың жай ғана мамандық емес, үлкен азаматтық жауапкершілік пен биік парасаттылықты талап ететін қасиетті міндет екенін ерекше атап өтті.

image-29-06-26-06-54-2

Салтанатты шарада сөз алған өзге де мекеме басшылары ақпарат саласының мамандарына жүрекжарды лебіздерін білдіріп, шығармашылық ұжым өкілдеріне алғысхаттар мен гүл шоқтарын тарту етті. Мерекелік көңіл күйді аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әнмен әрлей түсті. Жиын соңында қатысушылар үшін ақ дастарқан жайылып, бейресми жағдайда еркін әңгіме өрбіді.

image-29-06-26-06-54-1

Өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де бұл мерекелік кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырған аудан басшылығына шынайы ризашылықтарын білдірді. Қаламгерлер мұндай құрмет пен қолдаудың шығармашылық ізденістеріне жаңа серпін беретінін жеткізді.

image-29-06-26-06-54

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале