22.03.2023, 20:43
Оқылды: 9

"Бүкіл ұлтты біріктіретін ұлы мейрам"

Переметный ауылындағы орталық алаңда «Шалқар шабыт мерекесі – әз-Наурыз» атты мерекелік концерт өтті. Іс-шара көктемгі табиғаттың қайта түлеп, жаңаратынын бейнелейтін театрландырылған көрініспен ашылды. Алаң төріне Наурыз аруы қуыршағының шығуы, тайқазанды әкеліп, одан наурыз көже құйылып, бауырсақпен бірге таратылуы әдемі көрініс болды. Бір сәт сәйгүлік мінген ұлтымыздың арда азаматтары алаңға шықты. Бұлар:  биыл туғанына 2020 жыл толатын Махамбет, 200 жылдығы аталып өтілетін Құрманғазы және 180 жылдығы тойланатын Ақан сері. Олардан соң Қыдыр ата шығып, бата берді.

WhatsApp Image 2023-03-22 at 18.18.12

-Ұлыстың ұлы күнін халқымыз асыға күтеді. Өйткені ол - қуаныш пен шаттықтың, жаңару мен жаңғырудың мерекесі. Наурыз - жылдың басы, күн мен түннің теңесер тұсы, Самарқанның көк тасының жібіген сәті. Сол себепті оны қашанда ерекше көңіл-күймен қарсы алған. Бірліктің, татулықтың, ізгіліктің, бақыттың мерекесі болып саналатын бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар одан үлгі-өнеге алады. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек. Әз-Наурыз мерекесімен жерлестерімізді шын жүректен құттықтаймын! Алла Тағала әр шаңырақтың бақ-берекесін еселеп, арман-мақсаттарының орындалуына жар болсын!, - деді өз құттықтау сөзінде аудан әкімі Марат Тоқжанов.

WhatsApp Image 2023-03-22 at 18.18.13

Концертте жергілікті өнерпаздар күй тартып, ән салып, би билеп, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балалар мен жасөспірімдер бозкілемде белдесуден, қол күшін сынасудан, гір тастарын көтеруден сынға түсті. Аудан орталығының тұрғындары мен қонақттары мерекеге орай тігілген киіз үйлерден, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі сынды мекемелер және «Жұбан молда» мешіті қызметкерлері  дайындап тараптқан дәмнен ауыз тиді.

WhatsApp Image 2023-03-22 at 18.18.11

Мерекелік іс-шараның жоғары деңгейді ұйымдастырылғанын айтқан переметныйлық Жәмилә Боранбаева отбасы Наурыз мерекесін асыға күтетін жеткізді. Себебі Ұлыстың ұлы күні көпшілік бір-бірін кешіреді. «Көңіліміз бір атым насыбайдан қалатын қазақпыз ғой, - дейді Жәмилә апай.  -Күнделікті күйбең тірлікте бір нәрсеге бола ренжіп жататынымыз рас. Ұлыстың ұлы күні сондай өкпе-ренішті кешкен жөн дейді ғой. Әз-Наурызды «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп те дәріптейді. Бұл қыс бойы қатып жатқан табиғаттың көктем келгенде еріп, жаңа түрге енуі сияқты адамдардың да мінезі мен пейілі кеңіп, мейірімі оянып, кек сақтамай, табиғаттай болып, жайнап жасарып, рухани жаңаруы дегенді білдіреді деп ойлаймын. Соған орай Көрісу күнінен бері бұрын ренжіскен адамдарымызбен қайта табысып жатқан жайымыз бар».

WhatsApp Image 2023-03-22 at 18.18.12 (1)

WhatsApp Image 2023-03-22 at 18.18.14

«Ануш құрылыс» компаниясының жетекшісі Оганес Миносиян үшін Наурыз – ерекше мейрам. Ол ес біліп, етек жапқалы бұл мерекені тойлаудың басы-қасында жүр. «Наурыз мерекесін балалық шақта өзімнің туған жерім – Дариян ауылында да, жастық, студенттік шағым өткен Мәскеуде де оны кең көлемде атап өтетінбіз, - дейді ол. -Егемендік таңы атқалы Наурыз Қазақстанда бүкілхалықтық сипат алып, мемлекеттік мейрам болып саналады. Мұны өте дұрыс деп есептеймін. Соған орай барша отандастарымызды осынау ұлық мерекемен құттықтап, денсаулық, табыс, береке-бірлік тілеймін».

WhatsApp Image 2023-03-22 at 18.18.13 (1)

Трекиндік Дүйсәлиевтер отбасы осы Наурыз мерекесіне орай аудан орталығына арнайы келген екен. Балаларына дейін үстеріне ұлттық нақыштағы киім киген. «Біз - Бөкей ордасының тумасымыз, - дейді отағасы Ерлан Ыбрайымұлы. -Қазақы жерде өсіп-өнген соң ата салтты ұстанып, ана тілімізде сөйлеп, перзенттерімізге ұлттық бағытта тәрбие бергіміз келеді. Кеше Трекинде өткен осындай мерекеде де бәріміз ұлттық киім киіп шықтық. Ата-әжелеріміз бізге «Ұлыстың ұлы күні ең жақсы киімдеріңді киіңдер, дастарханға ең дәмді тағамдарды қойыңдар» деп үйреткен.

WhatsApp Image 2023-03-22 at 18.18.14 (1)

Соны ұстанып келе жатырмыз. Жаңа жылдың басы құтты болсын, ата-бабамыздан келе жатқан Наурыз мерекесі егеменді еліміздің көрінісі және ұлттың бақыты, елдің қуанышы деп білеміз. Аспанымыз ашық, кең даламызда әрбір жанұяның басына бақыт қонсын, бауырларыңыз бүтін, еліміз тыныш болсын, бақытты өмір сүріп, жаңа жылдан жаңа жылға жете беруге жазсын!»

 

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале