26.07.2019, 16:22
Оқылды: 415

Бұлдыртының қарбызын жейтін күн жақын

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Бұлдырты ауылдық округіндегі «Атамұра» шаруа қожалығында болды. Қожалық жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Болат Тасқалиев жазғытұры оңтүстік өңірден көптен бері қарбыз егуді кәсіп еткен азаматтарды ауданға тартып, әкелген болатын.

karbyz

«Атамұра» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Тасқалиевтің мәлімдеуінше, Өзбекстаннан Сарыағаш, Алматы, Түркістанға қоныс аударған үш қазақ азаматын Бұлдырты ауылына әкеліп, қарбыз өсіруді меңгеріп, қолға алуды көздейді. Бақша өнімін өсіруді қайтадан қолға алып,  бұл шаруамен бұрыннан айналысатын азаматтардың тәжірибесін меңгеруді қалайды. Бұлдыртының қарбызы кезінде әйгілі болғанын ел жақсы біледі. Оңтүстіктен келген бақшашылар екі жыл өнім аламыз деп емес, жерді зерттейміз деп қарбыз дәнін салады екен.

Төлеген Серікқалиұлы бақшаға барып, көзбен көріп, бақшашы Жәнібек Бижановпен кездесіп, қарбыздың жағдайын білді.

–   Он екі гектар жерге қауын мен қарбыз және қызанақ дәнін салдық. Дәнді барлық жерге қолмен септік. Қарбыздың голландық сорты, қауынның әңгелек және петро деген тұқымдары бар. 80 000 түп қарбызымыз он күнде піседі, саттыққа шығарылады. Суын тоқтатып қойсақ, 5 күннің ішінде пісіп кетеді, алайда көлемі өсіңкіреу үшін су жіберіп тұрмыз. Бір гектардан жақсы өнім болса, 30 тонна қарбыз алынады, бір түптен төрт-бес қарбыз шығады. Бір қарбыз күн ыстық болса, 15-16 келіге дейін  тартады. Қарбыз еккен түрі сондай, төрт түптен кейін тағы гүлдеп, артық шыққан түйнектерді алдыңғы үлкен түйнектер өсірмей тастайды, кезекпен өсетін сорттың түрі. Төртеуі өсіп кеткеннен кейін шыққан түйнек өспей қалатындықтан, оны жұлып алып тастау керек. Қарбыздың кішкене күнінде селитра тыңайтқышын септік. Қарбыздың дәні тасымалданып жеткенше химикатпен сақталады, сондықтан оған міндетті түрде дәннің астыңғы топырағына селитра себу керек.  Тауықтың саңғырығы да қарбыз үшін жақсы тыңайтқыш бола алады. Еккен кезде жаңбыр жауып, тағы бір он бес күнде жауса, онда қарбызды суармайды. Ал, егер жаңбыр болмаса, онда еңбектің еш кеткені. Сондықтан қарбызды суарған жақсы. Бұлдырты жері құмды болғандықтан, құм ылғалды сақтап тұрады, қарбыз суды, ылғалды өзі іздеп табатын шығар деп ойлағанбыз. Алайда олай болмады. Қарбыз құмның суына қанбай тұр. Суға қанса, таңғы сағат 6-да жапырақтары көтеріліп, жайқалып тұруы керек. Суға қанбаған қарбыз жапырақтары басылып, жермен-жексен боп тұрады. Бақшаны Бұлдырты өзенінің суын насоспен тартып, аптасына екі рет суарамыз. Қарбыздың су ішкісі келсе, жапырағынан байқалады. Сол кезде ғана су жібереміз. Ауа райы желді боп тұрса, аптасына бір рет суарамыз. Қатты нөсер жауса да, қарбызға қиын. Жапырақтары құмға көміліп, өсе алмай қалады. Енді келесі жылы қарбызды басқа жүйемен егетін боламыз,-дейді Түркістан қаласынан келіп, Бұлдыртыға қарбыз еккен бақшашы  Жәнібек Бижанов.

Аудан әкімінің «Қарбызды целлофанның астына егетін де технология түрі бар, Ақжайық ауданының Алмалы деген жерінде 500 гектарға дейін егеді. Шығым жақсы болады, олай егуге болмай ма?» деген сұрағына: «Мына жақтың желі қатты екен. Қарбызды целлофанның астына ексек, жел целлофанды ұшырып жібереді. Жел болмаса, пленканың астына егуге болар еді», - деп жауап берді Ж.Бижанов.

Аудан әкімі Т.Төреғалиев келесі жылы тағы да бақша салатын бригадаларды ертіп келуді, ауданда бақша көлемін ұлғайту қажеттігін, қарбыздың астраханьдық тұқымын салып көру керек деген ұсынысын айтты.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале