6.01.2021, 17:13
Оқылды: 161

Дауыс бергенің маңызды

Егер сары, көк жейде киіп, шарф тағып алған адамдар жалаулатып, ұрандатып ауыл-ауылда үй аралап жүрсе, көшеде парақшалар самсап, желбіреп тұрса, онда жақында сайлау болады деген сөз. Шынын айту керек, халықта сайлау десе, алғаш қалыптасатын түсінік, әсер осындай.

сайл1

Бірақ, сайлау – бір реттік акция, не бір күндік шара емес, ұлы саяси оқиға. Сайлау – мемлекет екеніміздің, өз таңдауы бар тәуелсіз мемлекет екеніміздің белгісі.

Сайлаудың қадір-қасиеті неге түсті? Халық тағдыршешті оқиғаға неге жайбарақат қарайтын болды? Бұған бірнеше себеп бар деп ойлаймын.

Бірінші себеп – асыра науқаншылдық. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дегендей, «Қырамыз! Жоямыз!» деп дабыраның дабылын қаға беру, ақылға салатын жерде, айқайға салу – бәрі-бәрі асыра науқаншылдықтың белгілері. Науқан болғасын жүйесі, жоспары, жоспар болғасын есебі болады. Есінегенін де суретке түсіріп, есепке тігіп қоятын пысықтар бар. Ол да – жаман қасиет.

Екіншіден, біздің елде партияаралық бәсекелестік жоқ. Бұл – шындық. Біздің елде аты тек сайлау кезінде ғана естілетін, 5 жылда 30 күн жұмыс жасайтын саяси ұйымдар бар. Осылар неге халықтың махаббаты үшін таласпайды, неге мәслихат пен мәжілістегі орындар үшін таласады? Бір партияның мүшесі аз болуы мүмкін. Бір партияның қаржы-қаражаты, ресурсы жоқ делік. Бірақ, бұлар халықтық махаббатқа, елдің ынта-ықыласына ие болуға себеп емес қой. Кейде жалғыз адамның өзі орынды айтқан бір сөзімен, игілікті бір ниет-амалымен ел қолдайтын, ел сенетін тұлғаға айналып кетеді. Бір адамның жасағанын бір партия жасай алмай ма? Сұрақ туады. Партиялар халық арқылы билікке жеткісі келе ме, әлде билік арқылы халықтың игілігін көксей ме?..

Үшіншіден, біз пікірді ас үйде, жалған есіммен желіде айтуға шеберміз. Онда да әділ пікір иесі емеспіз. Пікірімізде талдау, таразылау аз, жоқтың қасы, көзқарасымыз біржақты. Қате, қате деп айту үшін, дұрысты дұрыс деп мойындап үйренуіміз керек. Қадыр ақын айтқандай, «Нең кетеді жақсы десең, жақсысын, Нең кетеді, дұрыс десең дұрысын?».

«Сайлауға бармаймын!», «Менің дауысым не шешеді?» деген сөздер өзіндік пікірі жоқ адамның сөзі. Иә, қоғам кейде біздің пікірмен санаспауы мүмкін. Бірақ, өзіңнің пайымың болған, өзіңнің пікірің, таңдауың болған қандай жақсы?!

10 қаңтар күні елімізде Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Ерекшелігі, кандидаттарға емес, кандидаттарды ұсынған партияға дауыс береміз. Осы саяси аламанға «Nur Otan», «Ақжол», «Ауыл», «Аdal» партиялары және «Қазақстанның халық партиясы» ат қосып жатыр.

Сырым аудандық орталық сайлау комиссиясының төрағасы Өтеген Уашевтың айтуынша, аудан бойынша 11920 сайлаушы 29 сайлау учаскесінде дауыс береді.

Өзін қоғамның бөлшегімін, өмірде орыным бар деп санайтын әр адам бұл науқанға қатысады. Біз де, ҚР азаматы ретінде сайлау учаскесіне барып дауыс беруге міндеттіміз, құрметті оқырман! Дауыс бергенің – бар екендігіңнің, пікір иесі екендігіңнің белгісі. Кімге дауыс бергенің маңызды емес, бірақ дауыс бергенің маңызды!

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале