3.04.2024, 17:30
Оқылды: 58

Ерлі-зайыпты ақжайықтықтар «Желтоқсан құрбаны» деп танылып, ақталды

Ақжайық ауданында Желтоқсан оқиғасына қатысып, істі болғандардан ақталғандар саны үшеу. Соңғысы Ілбішін ауылының тумасы, марқұм Гүлзада Қалелова еді.

IMG_9951

Енді солардың қатарына чапаевтық ерлі-зайыпты желтоқсаншылар Темірбек мен Гүлжанар Жұмағалиевтер қосылды. Олар Желтоқсан оқиғасының құрбаны деп танылып, «Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Заңы негізінде толық ақталды.

Шүйінші хабарды жеткізуге Алматыдан арнайы келген «Желтоқсан-Алматы» қоғамдық ұйымының төрағасы Серікбек Жандыбай аудан желтоқсаншыларымен Жұбан орталығында жүздесті.

IMG_9964

– Еліміз бойынша желтоқсаншылардың басын біріктірген 30 бірлестік болса, соның басым бөлігі, яғни 19-ы Алматы қаласында орналасқан. Біздің бірлестік – соның бірегейі, құрамымызда республика бойынша 800 адам бар, – деген ол ұлттық рухымызды оятқан Желтоқсан оқиғасының ел тәуелсіздігін алудағы маңызы, оған қатысқан азаматтарға құрмет жөнінде айта кетті.

IMG_9979

Осыдан кейін Серікбай Жандыбай ерлі-зайыпты Жұмағалиевтерге ұйымның төсбелгісін, сондай-ақ «Тәуелсіздікке 35 жыл» медалін табыстады. Тарихымыздың сол қаралы күндерінде жала жабылып, азапталып, құрбан болған Гүлзада Қалелованың есімінің ақталуында еңбегі сүбелі тарихшы-өлкетанушы Алдаберген Сәрсеков те осы шараға арнайы қатысты.

– Ызғарлы желтоқсанның жаңғырығы  ұмытылмайды. Гүлзада, Темірбек, Гүлжанар сынды алаңға шығып, артынан небір жала жабылып, істі болғандар әлі де көп арамызда. Сондықтар зерттеулер үзілмеуге тиіс, тың деректердің табылары да хақ, – деді ол.

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале