28.04.2021, 9:55
Оқылды: 100

Індетті дер кезінде анықтауға мүмкіндік бар

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерге  сүйенсек, 22-25  сәуір аралығында облыс бойынша коронавирус дертін жұқтырған  690 жағдай тіркелген. Жалпы, өткен аптаның әр тәулігінде ауру  белгілері анақталған адамдар  саны 160, 180-нен төмендемеген.  Орал қаласымен қоса Ақжайык,  Теректі, Бөрлі, Бәйтерек, Казталов,  Шыңғырлау аудандары әзірге  "қызыл" аймақта. Жуырда  іссапармен Казталовта болып,  аудандағы эпидемиологиялық  ахуалды білген едік.

C2380980-37E4-4864-8D26-D05C811C18D9

Бұл ауданда жыл басынан коронавирус дертін жұқтырған 170 жағдай тіркелген. Наурыз айының 28-інен бері "қызыл" аймаққа енген ауданда сәуір айының 23 күнінде 110 адамның індетпен ауырғандығы анықталған. Дерт өршіген ауылдық округтердің қатарында Казталов, Жалпақтал, Қараөзен, Ақпәтер, Талдыапан ауылдары бар. COVID-19 жұқтырушылардың тізімінде жұмыссыздар мен зейнеткерлер, мұғалімдер мен түрлі салада қызмет ететіндер көптеп кездесуде.

Сәуір айы басталғалы 866 аудан тұрғынынан ПТР сараптама алынып, 110 адамнан ауру белгілері анықталды. Аудандық аурухана жанынан 20 орындық инфекциялық емхана ашылды. Ол жерде екі жансақтау бөлмесі де жабдықталды. Бүгінде аталған бөлімде сегіз науқас ем алуда. Олардың жетеуінің жағдайы қалыпты болса, бір науқас ауыр халде.

– Ауру белгілері өршіп, жағдайы қиындаған науқастарды Орал қаласы мен Ақжайық ауданындағы ауруханаға жеткіземіз. Шыны керек, осы кезге дейін тұрғындардан алынған ПТР сынаманы

облыс орталығына жолдап отырдық. Ол жақтан келетін сараптама нәтижесін 2-3 тәулік күту керек болатын. Жақында аудандық ауруханаға COVID-19 дертіне сараптама жасайтын арнайы зертханалық жабдық сатып алынды. Құны 28 миллион теңгені құрайтын құрылғыны орнату жұмыстары аяқтала келді. Енді мамандарды арнайы курстан өткізу жоспарлануда. Аталған жабдық іске қосылса, тек казталовтықтар үшін ғана емес, Бөкей ордасы, Жәнібек сықылды шалғай аудандардың тұрғындарына да қолайлы жағдай туары сөзсіз. Сәуір айының басында індет жұқтырғандар күрт көбейген еді. Ол кезде аптасына 40-тан астам адамнан дерт белгілері анықталып отырды. Ал соңғы аптада бұл көрсеткіш 20-дан төмендеді. Бұл жүргізілген түсінік жұмыстарының, сақтық шараларын күшейтудің және мониторингтік топ жұмысының нәтижесі деп білеміз. Тексеріс жүргізетін топтың төңірегінде де түйткіл жоқ емес. Белгіленген тәртіпке сай үй иелерін қоспағанда келушілердің саны егер 10-нан аспаса, адамдардың шоғырлануы болып есептелмейді. Соны жақсы білетіндер 8-9 адамның басын қосып, қонақ шақыра береді. Ал сол жағдайды анықтаған мониторингтік топ мүшелері қандай да бір шара қолдануға еш қауқарсыз. Яғни оларға хаттама да толтыра алмайды, айыппұл да сала алмайды. Тағы бір айтарым, мониторингтік топтың жұмысы еш жерде заңдастырылмаған, құқықтары қорғалмаған. Қақпасын қымтап жауып, көліктерді алысқа қойып, той немесе қонақтық өткізіп жатқан үйлерге кіре алмайды. Ол үшін адамдардың көп жиналғандығын растайтын бейне немесе фотодәлел керек. Осы жағдай қайта қаралып, заңдастырылса екен, – дейді аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова.

Айта кетейік, 20 сәуірден бастап Казталов ауданына жылжымалы-мобильді зертхана кешені де келген. Су жаңа «КамАЗ» жүк көлігі мен тіркемесіне орнатылған зертхана тәулігіне 200-300 ПТР талдама жасауға қауқарлы. Аталған кешенде екі дәрігер, екі зертханашы мен бір кіші қызметкер жұмыс істеуде. Осы кезге дейін тұрғындардан алынған талдамаларды ат арытып, Оралға таситын Казталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары үшін бұл оңтайлы жағдай.

– Бүгінге дейін ауданның 560 тұрғыны індетке қарсы екпе қабылдады. Келушілердің саны да күн санап артып келеді. Аурухана жанындағы 20 орындық инфекциялық емханада сегіз адам ем алуда. Жақында Нұр-Сұлтан және Орал қалаларынан арнайы мамандар келіп, жаңадан алынған зертхана кешенін орнатып кетті. Енді бір дәрігер мен зертханашы жақында арнайы курсқа жіберіледі. Бір айдың шамасында аталған зертхана толықтай іске қосылып, жұмыс жасайтын болады. Жылжымалы зертхана да індетті уақтылы анықтауға зор септігін тигізуде. Шалғай ауылдардан әкелінген талдамалар түс мезгіліне дейін қабылданып, кешке қорытындысы шығады, – дейді аудандық аурухананың эпидемиологы Рүстембек Камалов.

Иә, індет өршіп, бір айға жуық "қызыл" аймақта тұрған аудандағы бүгінгі эпидахуал осындай. Аудан басшылары мен аурухана қызметкерлері індетті ауыздықтаудың сан түрлі жолын қарастыруда. Аурухана жанынан арнайы орын ашылып, заманауи зертханалар алынған. Ол нысандардағы медқызметкерлер уақытпен санаспай қызмет етуде. Дейтұрғанмен, аты жаман індетті түбегейлі жою әр адамның өз қолында екенін де естен шығармаған жөн. Өз-өзімізге шектеу қойып, адамдар көп жиналатын жерлерге бармай, ел қатарлы екпе алу арқылы ғана ауруды ауыздықтай аламыз, ағайын!

 Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Рәмиля Сұпығалиева, «Әсел» ЖК-ның жетекшісі:

CCB71194-234C-4800-977A-A9BA7BBB849D

– «Ақ ниет» мейрамханасын 2005 жылы аштық. 2018 жылы аудан орталығындағы шағын қонақүйді сенімгерлік басқаруға алдық. Өткен жылда басталған пандемиялық жағдай кәсібімізді біраз тұралатып тастады. Қонақүйге келушілердің қарасы да әжептәуір азайды. Мейрамхана өз жұмысын толықтай тоқтатты. Былтырға дейін мейрамханада 5-6 адам тұрақты жұмыс жасайтын. Той науқаны қыза түскен кездерде 15-18 адамға дейін алатынбыз. Қазіргі жағдайға байланысты қызметкерлерді түгелдей тараттық. Мейрамхана қаңырап бос тұр. Індеттің  бар екендігіне сенгісі келмейтіндер ел ішінде әлі де бар. Құлақтарына бір сыбыс тисе, той-томалақ өткізгісі келіп, бізге хабарласады.  «Ақ ниеттің» енді мейрамхана болып ашылуы екіталай.

Бәлки, басқа салаға бет бұруымыз керек шығар. Оны уақыт көрсетеді. Не десек те, елмен біргеміз. Қойылған шектеулерге, тәртіпке бағынамыз. Уақыт өте келе, осы дертті түбегейлі жеңіп, бұрынғы емен-жарқын қалпымызға  қайта  оралармыз деп сенеміз.

Уәлиолла Әбішев, еңбек ардагері:

762FEB2F-51D2-443C-8E48-AE4FFB323E91

– Әлемдегі, елдегі орын алған жағдай баршамызға ортақ. Бүгінде бұрынғыдай емін-еркін жүріс-тұрыс жоқ. Белгіленген тәртіпке көнуіміз керек. Той-томалақты, қонақтық немесе өмірден өткен жанға ас беру секілді жиындарды барынша азайтқанымыз жөн. Сонда ғана бұл атың өшкір  індетке тосқауыл қоя аламыз. Былтырдан бергі жағдай бізге үлкен ой салды. «Кезінде күркіреп тұрған тойханалар мен мейрамханалар болашақта жұмыс жасай ма?» деген сауалға жауап беруіміз керек. Біздің той-жиынға үйір халық екендігіміз де жасырын емес. Сол арқылы осы кезге дейін шашпашылыққа, даңғазалық пен дарақылыққа жол беріп келдік. Ол туралы қанша айтылып жазылса да, той тойлауды доғарған емеспіз. Қымбат тойхананы жалға алып, бірнеше жүз адамның басын қосып той тойладық, өмірден өткен адамға ас бердік. Қаралы жиынның дастарқанын да ас та төк етіп әзірледік. Ал әлемді жаулаған індет біздерге көп нәрсені аңғартқандай. Енді алдағы уақытта осы ысырапшылықтан біржола арылуымыз керек.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале