5.04.2022, 15:00
Оқылды: 89

Қар суын жинамасақ, құр қаламыз

Жайықты жағалай қонған елде су жетпей жатыр дейді. Әсіресе Аңқаты, Ақсоғым, Шағатай округтері жағындағы ағайын жаздай су тапшылығын айтуда. Су қоймалары жартылай бос тұрды. Қор болмаған соң, су айдайтын арналар да бос жатыр. Теректі халқының үміті «Жайық-Шалқар» арнасында еді.

2

Жайық-Шалқар су жүйесі 1977 жылы 4,0 мың га егістік суару, 41,5 мың га жайылым суландыру және Шалқар көлінің деңгейін көтеру мақсатында салынған. Жайық өзенінің сол жағалауында, Ақжайық ауылы тұсында орнатылған сорғы станциясы арқылы су айдайтын болған. Ұзындығы 45 км. Кезінде арнасынан секундына 5,0 м3 су өтетін канал малға да, бау-бақша салуға да жетіп тұрыпты.

Бертін келе тұрып қалған сол құрылысты жандандырмақ ниетте, Ақжайық ауылы маңында қалқымалы сорғы қондырғысы қойылды. 2018 жылы алғаш рет су айдаған  сол қондырғы соңғы екі жылда тоқтаусыз жұмыс жасай қойған жоқ. Оған себеп – Жайықтың өзінде су тартылып барады. Кей жерінде қайраңы көрінген өзеннің жағдайы туралы өңір ғана емес, халықаралық деңгейде сөз көтеріліп жатыр. Нәтижесінде Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының 2021-2024 жылдарға арналған бағдарламасы да жасақталды. Бұл шараның да шарапаты болар. Дегенмен әзірге жағдай түзеліп кете қойған жоқ.

Былтыр отыз жылдай кенезесі кеуіп тұрған арнаға жан біткендей болды. Естеріңізде болса, ауыл шаруашылығына пайдаланатын шабындық, жайылымдар мен суармалы егістік жерлерді қалпына келтіру үшін қыркүйек айында ұзындығы 57 км-ді құрайтын «Жайық-Шалқар» каналы іске қосылған болатын. Ол үшін арнаны бітеп жатқан тал-терек пен қамыстан тазалап, Ақсоғым, Шағатай ауылдық округтері маңындағы Жезбұға өзеніне су құятын жыраларды бітеген құм, топырақтан арылытып шықты. Каналдың бойындағы 5 ауылдық округке қарасты  12 елді мекенде  сегіз мыңнан астам тұрғын бар. 11 мыңнан астам ірі қара, бес мыңға тарта жылқы мен 22 мың уақ жандығын канал бойында жайып отырған халық бір қуанып еді. Ал, биылғы жағдай қалай болар екен?

Биылғы қыста қар жабыны жақсы түсті. «Қазгидромет» АҚ мәліметіне сүйенсек, биыл қардың ылғалдық қоры да жоғары көрінеді. Мәселен, қардың ылғал қорының бірнеше жыл бойғы көрсеткіші қалыпты 59 мм болған, ал биыл ол 70 мм болыпты. Бұл да бір табиғаттың қарасып тұрғаны. Тек, сол бергенді шашып-төкпей пайдаға жаратсақ...

Ол үшін қар суы құйылатын су қоймасы, тоғандар мықты болуы керек.

Су жинауға қойма дайын ба?

Ауданда жалпы су сыйымдылығы 157,7 млн. текше метр тоғыз су қоймасы бар. Санына қарасақ, аз емес сияқты. Ал, сол суды жинайтын қойманың сапасы қалай? Осынша суды сақтау мүмкіндігі қандай?

Приречное ауылы маңындағы Қараоба өзені су қоймасының бөгет жалы мен шлюздерін 2016 жылы көктемгі су тасып, шайып кеткен болатын. Сыйымдылығы 5 млн. текше/метр  су қоймасы содан бері жөндеу күтіп тұрған жайы бар. 2021 жылдың көктемінде бөгеттің екі жерін бекіту жұмыстары жасалды. Қазір осы су қоймасын жөндеуге жобалық-есептеу құжаттамасы дайын, қаржыландыру Табиғатты пайдалану басқармасы арқылы қаралады.

Айтпақшы, су қоймасына байланысты былтыр бір бастама көтерілгені бар. 2021 жылдың тамыз айында жұмыс сапарымен ауданда облыс басшысы Ғали Есқалиев болған кезде сол кездегі аудан әкімі Арман Өтеғұлов Ұзынкөл су қоймасын көрсетіп, «Қабылтөбе – Федоров каналы» құрылысын жүргізу арқылы осы нысанның жағдайын оңалту мәселесін көтерген-ді.

алгабас пруд

Аудандағы су қоймасының  ең зоры – Ұзынкөл ауылынан 7 шақырым жердегі су қоймасы кіші-гірім көл десе де болғандай. Атқарар ісі де өзіне сай, зор.

Ұзынкөлдің жерімен шығып, арнайы қазылған Барбастау-Шалқар арнасы бойымен әрі қарай Шаған, Ақжайық, Аңқаты, Шалқар, Ақсоғым округтері аумағын аралап барып, бір шеті Қарабас ауылына  жетіп жығылады.

Сол бойда отырған шаруашылықтар үшін су көзі болып табылатын Ұзынкөл су қоймасы – ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгерімінде тұр. 2015 жылы мердігер «ҚұрылысГаз» ЖШС күрделі жөндеуден өткізген. Сол жылдары оны жалға алушы шаруашылық суға шабақ жібергені де есімде.

Содан соң арнаға қарай су жіберетін бұрандалы жаппасы істен шығып,«қасықтап» жинаған су ысырап болған-ды. Қазір жаппа жөнделді, су аузы бекітілді. Дегенмен, арна бойына жіберуге суы аз.

Облыс әкімі алдында А.Өтеғұлов: «Қабылтөбе ауылынан Социализм ауылына дейін Барбастау өзені бойында барлығы 51 шаруашылық орналасқан. Барбастау өзенінен шаруашылықтар суару маусымында 2 253 450 куб метр су пайдаланады екен. Барбастау өзені бойында бірнеше су тоғандары барын ескерсек, олардың бүгінгі жағдайы көңіл қуантарлық емес. Құрылыс жүзеге асса, Барбастауға Жайық өзенінен су жіберу арқылы қосымша 5414 га жерді суармалы учаскеге айналдыруға мүмкіндік туады» деген уәж келтірген. «Әрине, өте өзекті мәселені қозғадыңыздар. Аталмыш жобаға біраз қаржы кететінін ескеріп, жоспарды нақтылау керек. Шаруалардың да ойын біліп, канал бойына жан біткенде атқарар жұмыстарымен танысқан абзал. Ұзынкөл каналын қалпына келтіру қазір жөндеуі басталған «Жайық–Шалқар» каналына да сеп болар еді. Сол себепті аталмыш жобаның жүзеге асыруды қолдаймын» деген болатын өңір басшысы Ғали Есқалиев.

Биыл осы бастама сөзден іске айналар ма екен?

Иә, су қоймасы деген үлкен құрылыс қой. Оған қаржы да көп керек деп кібіртіктеу де дұрыс шығар. Ал, күтімі көп шығын сұрамайтын тоғандардың халі қалай екен?

Тоғанның тозығы бар

 Кезінде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында салынған тоғандар ауданның әр ауылында демейік, әр округінде бар.

Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берген мәліметте «Қазіргі таңда Теректі ауданында жалпы сыйымдылығы 4 111,72 мың текше метрлік 39 тоған бар» деп көрсетілген. Соның ішінде тек 10 тоғанның құқық белгілеуші құжаттары бар. Олар ауданның коммуналдық меншігі есебінде тұр. 3 тоған сенімгерлік басқаруға берілген. Жартысына жуығы, нақты айтсақ, 15 тоған тереңдету және бөгетін нығайтуды қажет етеді.

Жалпы, тоғандардың қай-қайсын алсақ та, өткен ғасырда салынған құрылыс. Мысалы, Шаған ауылдық округіндегі Мәмбетбай мекенінен 18 шақырым жерде жатқан тоған 1968 жылы қазылған деген дерек бар. Ендеше, «жасы» алпысқа тақап қалған тоғанның жөндеу сұрауы да жөн.

Тоғаны ең көп жер - Долин ауылдық  округі. Бұл аумақта бақандай 12 тоған бар көрінеді. Соның тең жартысы жөндеу күтеді десек, асыра айтқандық емес. Жоғарыда көрсеткен аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі берген мәліметте осы округ жеріндегі Ащы, «Тақсай ханым», Жақсы ауыл, Маленький, Жаман бөрлі тоғандарында су ағызу тұрбаларын, бөгет жалын жөндеу керек делінген.  Соның ішінде Ащы мен Жаман бөрлі бөгеттері тозығы жеткен көрінеді.

Осыдан келіп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – тоғандар қар суын жинап алуға дайын емес деген қорытынды шығады емес пе?

3

Яғни, мол түскен қар, наурыз бойы жауған жаңбыр суы ысырап болып, далаға кетеді.

Далаға жайылып кетсе де түк емес, жерге сіңіп, көк шығуға пайдасы тиер. Тек, ертең жайылымға шыққан мал суат іздеп, жер кезіп кетеді-ау. Соны ойлаған «Покатиловка» ЖШС 2017 жылы өз күшімен округтегі екі тоғанның біріне топырақ төгіп, жөндеу жүргізіпті. Ал екіншісін Покатиловка ауылдық округі өз теңгеріміне алу үшін құжаттарын өткізіп жатыр. Содан соң ғана жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алады.

Бюджетке қарап, «алақан жайып» отырмай, тоғанның азғын-шоғын жөндеу жұмыстарын өздері жасап жүрген ауылдар да бар. Мысалы, Богданов ауылдық округінің Алғабас ауылы тұрғындары сондай игі істі атқарған. Малы да, жаны да су тапшылығын тартып отырған ауылдың халқы осындай асарлату арқылы өзекті мәселені шешуге кіріскен.

-Алғабас 57 аула, 200 тарта  тұрғыны бар шағын мекен. Халық негізінен мал ұстайды. Жайылымдық жер болғанымен, суат жағы тапшы. Әсіресе жазда қиын. Былтыр сол мәселені шешуді  қолға алып, мал суаратын бір тоғанды тазаладық. Бұл жұмыс мемлекеттік қаржыға жасалды. Биыл алғабастықтар өздері ортаға ақша жинап, ауыл шетіндегі тоғанды жөндеп алды. Табанын тереңдетіп, жал топырағын көтерді. Әлсіз жерлерін бекітіп тастады. Қар суы мол болса, келесі жаз мал судан тарықпайды деп отырмыз,- дейді шаруаның басы-қасында жүрген Богданов ауылдық округінің әкімі Асқар Нұрғалиев.

1-1

Міне, алғабастықтар осындай ұйымшыл. Жауыр болған «әкімдік қайда қарап отыр?» деген сауал тастап, шеттен келіп біреудің істеп беруін күтпеген алғабастықтардың ісі құптарлық.

Су қоймалары мен тоғандарды қаншалықты қар суын толтыруға дайын болғанымызды көрсетер сынды күн келді. Бөгеттерді су жырып кетіп, «былай болуы керек еді», «ойымызға келмепті» деген себептерді айтар күн тумасын дейік.

Өзен-көл суға толса, тіршілік қайнары сөзсіз. Мал баққанға да, көк салғанға да су керек.

Қыстың күні бір аш ит «жаз шыққанда сүйектен үй салып алмасам» депті... Біз де сол, алдағы жазда тоғандарды қарайықшы.

Сөз соңында: соңғы күндердегі қарғын су туралы ақпараттарға қарасақ, тоғандар қар суын ішіне толтырмай, су астында қалды-ау.

 Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале