Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты Сулыкөл ауылының тумасы, жеке кәсіпкер Айбек Өтеғалиев «Біз біргеміз!» акциясы аясында қайырымдылық жасады.
Жерлестеріне көмектескен атымтай жомарт жан Сулыкөл ауылдық округіндегі күнелтіс деңгейі төмен 50 отбасына азық-түліктен жәрдемдесті. Мұқтаж отбасылардың әрқайсысына бір қапшық ұн, үш қорап макарон, 5 литр күнбағыс майын арнайы Орал қаласынан «Газель» автокөлігімен жіберді. Қолы ашық қайырымды азаматтың аманаты көмекті қажет ететін жанұяларға үлестіріліп берілді.
– Айбек Халелұлы туған ауылы, жерлестеріне деген ыстық ықыласын үнемі көрсетіп келеді. Орын алған қысылтаяң шақта «Біз біргеміз!» акциясы аясында ауылдастарына жасап жатқан қайырымдылық көмегі үшін ризашылығымызды білдіреміз.
Осындай қиын-қыстау кезде ел үшін аянбай қызмет етіп жүрген жандар округімізде бар. Солардың бірі ауылдағы аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі 4 отбасын тегін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, халыққа тиімді бағамен азық-түлік әкеліп, ауылдастары үшін аянбай қызмет етіп жүрген кәсіпкер апамыз Бақтыгүл Қазбаеваға да айтар алғысымыз шексіз, - дейді Сулыкөл ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері.
Серікбай Хасанов
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz