9.07.2026, 15:45
Оқылды: 8

Қараусыз мал қайғылы оқиғаға себеп болмасын!

Төрт түлікті тіршілігінің өзегіне айналдырған ауыл адамы үшін мал – күнкөрістің ғана емес, берекенің де көзі. Алайда малды бағып-күту, жайылымға шығару және бақылауда ұстау – әрбір төрт түлік иесінің заңмен белгіленген міндеті әрі жауапкершілігі. Өкінішке қарай, бұл талапты ескере бермейтіндер де баршылық. Соның салдарынан республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарда қараусыз жүрген ірі қара мен жылқылардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілеп, адам өмірі мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіруде. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Яңарыш» қоғамдық бірлестігі аудандық Полиция бөлімімен бірлесіп, үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолын кесу мақсатында рейдтік іс-шара өткізді.

image-09-07-26-02-24-4

Іс-шара барысында республикалық, халықаралық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының бойында ұсақ және ірі қара малдың, сондай-ақ жылқылардың бақылаусыз жайылуына жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Рейдтік іс-шараның географиясы да ауқымды аумақты қамтыды. Тәртіп сақшылары мен қоғамдық бірлестік өкілдерінен құралған жұмысшы топ Переметный, Қайнар, Щапов, Үлкен Шаған, Көшім және Янайкин елді мекендерін, сондай-ақ облыс үшін стратегиялық маңызы бар Орал – Атырау автожолы бойында орналасқан ауылдарды түгел аралап шықты. Аталған аймақтардағы үй жануарларының иелеріне ауыл шаруашылығы жануарларын күтіп-бағу және жаю қағидалары, сондай-ақ қараусыз малдың елді мекендер мен автомобиль жолдарының бойында еркін жүруіне жол бермеу жөніндегі талаптар түсіндірілді.

image-09-07-26-02-24-1

Түсіндіру жұмыстары барысында мал иелеріне Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделгені ескертілді. Айта кетелік, ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғандарға әкімшілік шара қолданылады. Егер заң талаптары бұзылып, мал иесіз жол бойында жүргені анықталса, ол қараусыз жүрген мал арнайы айып тұрағына жеткізіледі. Ал оның иесі анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалайды. Егер бақылаусыз жүрген малдың кесірінен біреудің мүлкіне немесе денсаулығына зиян келсе, жауапкершілік жүгі бұдан да ауырлай түспек.

image-09-07-26-02-24-2

Рейд тек ескерту жасап, айыппұл салумен шектелмей, оның сонымен қатар профилактикалық және көмек көрсету бағыты да қарастырылды. Түнгі уақытта немесе ауа райының қолайсыздығынан (тұман, жауын-шашын) көріну деңгейі төмендеген жағдайларда жол жиегіндегі малды байқау қиынға соғады. Осы мәселені шешу үшін рейдтік іс-шара аясында үй жануарларының иелеріне жарық қайтаратын арнайы «фликер» таспалары тегін таратылды. Малдың мойнына немесе аяғына байланатын мұндай жарық қайтаратын элементтер түнде автокөлік шамының жарығымен шағылысып, жүргізушілерге жолдағы жануарларды алыстан, дер кезінде байқауға мүмкіндік береді. Бұл жүргізушінің жылдамдықты дер кезінде бәсеңдетіп, апаттан аман қалуына септігін тигізбек.

image-09-07-26-02-24

«Мал – баққанға бітеді» дейді халық даналығы. Олай болса, төрт түлігімізді өрісте бағып, түнде қораға қамап, жол бойына шығып кетпеуін қадағалау – мал иесінің тікелей міндеті. Ал рейд нәтижесі әрбір тұрғынның малын жіті қадағалауы  мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале