15 сәуір – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» ғашықтар күніне орай С.Садықов мәдени-демалыс орталығында «Қазақша махаббат» атты жаңа форматтағы көңілді музыкалық кеш өтті.
Қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған Ләйлі мен Мәжнүн, Баян мен Қозы, Абай мен Тоқжан, Жібек пен Төлеген сынды мәңгілік ғашықтар махаббат әлемінің сырын шертіп, көрерменді қиялға жетелейді.
Сезімге толы кеш шымылдығы квартеттің орындауындағы «О, махаббат» әнімен ашылды. Кештің басты ерекшелігі – әлеуметтік желі (WhatsApp) арқылы кез келген көрерменнің мерекелік құттықтау жолдап, жүрекжарды лебізін білдіру мүмкіндігі болды.
Кеш барысында «Әнім болып қаласың», «Жаным деші», «Келемін саған», «Неге», «Жылдар өтсе де» әндері шырқалып, тыңдарманға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мейрам Мақсоттың орындауындағы «Қолымнан ұста» әні көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Ал көрермен сұранысы бойынша Нұрбек «Ұмытылмас күн» әнін жанды дауыста орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.
Жансаяның орындауындағы жастар арасында кеңінен танымал «Сондайым бар енді» әні жас көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар кеште орта буынға арналған әндер де назардан тыс қалмады. Ақторғын ансамблі орындаған «Шалқымалы» әні кештің көркін қыздырды.
«Қазақша махаббат» атты мерекелік концерт заманауи әндермен өріліп, ерекше форматта өтті. Көңілді музыкалық кеш әншілерден құралған квартеттің орындауындағы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» әнімен аяқталды.
Мейірім Парасат