24.06.2026, 16:00
Оқылды: 11

Казталовтағы «Болашақ» лагерінде биыл 640 оқушы жазғы демалыспен қамтылады

Жаз мезгілі балалар үшін демалыс пен жаңа әсерлерге толы ерекше кезең. Осы орайда Казталов ауданындағы балалар шығармашылығы және жаңа технологиялар орталығының жанынан ұйымдастырылған «Болашақ» жазғы демалыс лагері оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуге бағытталған ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда.

image-24-06-26-11-55-10

Лагерьдің негізгі мақсаты – жалпы білім беретін мектептердің оқу озаттарын, белсенді әрі дарынды оқушыларын қолдау және марапаттау, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау.

image-24-06-26-11-55-9

Биылғы жазғы маусымда лагерьде жалпы 7 ауысым өткізу жоспарланған. Әр ауысымға 100 оқушыдан, соңғы ауысымға 40 оқушы қабылданып, жаз бойы барлығы 640 бала демалыспен қамтылады. Лагерь бағдарламасы түрлі мәдени-танымдық бағыттарды қамтиды. Маусым айында «Дыбыстар әлемі», «ART – шабыт» және «Сиқырлы қылқалам» ауысымдары ұйымдастырылса, шілде айында «Roboland», «Tourist Vibe», «Сөз мергені» және «Білім керуені» бағытындағы ауысымдар өтеді.

image-24-06-26-11-55

Бағдарлама аясында оқушылар үшін Казталов және Жалпақтал ауылдарындағы тарихи-мәдени нысандарға, аудандық музейлерге, Хан Ордасына, орталық кітапханалар мен мәдениет үйлеріне танымдық экскурсиялар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар «Success Story: Жеңімпаздың жолы», «Білім белесіндегі қос жұлдыз» секілді кездесулер арқылы балалар танымал тұлғалармен, үздік ұстаздар мен шәкірттермен жүздесуге мүмкіндік алады.

image-24-06-26-11-55-6

Лагерь өмірінің ажырамас бөлігі саналатын спорттық-сауықтыру шаралары да кеңінен қамтылған. Күнделікті суға шомылу, спорттық ойындар, эстафеталар мен кешкі би марафондары балалардың денсаулығын нығайтып, белсенді демалысына жағдай жасауда.

image-24-06-26-11-55-4

Биылғы алғашқы екі ауысым – «Дыбыстар әлемі» және «ART – шабыт» мәдени-танымдық бағдарламалары 2-8 маусым және 11-17 маусым аралығында ұйымдастырылып, оған 200 оқушы белсенді қатысты. Бір апталық демалыс барысында балалар қызықты іс-шараларға қатысып, жаңа достар тауып, шығармашылық және танымдық бағыттағы жұмыстарға белсене араласты.

 

Ауысымның алғашқы күні лагерьдің салтанатты ашылу рәсімі өткізіліп, оқушылар топтарымен танысып, лагерь ережелерімен танысты. Түрлі ойындар мен танысу тренингтері балалардың тез арада ортаға бейімделуіне ықпал етті.

image-24-06-26-11-55-5

Лагерь жұмысы барысында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған патриоттық шаралар өткізілді. Оқушылар Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұранының тарихы мен маңызы туралы тың мәліметтер алып, туған елге деген құрмет пен сүйіспеншіліктерін арттырды.

image-24-06-26-11-55-1

Танымдық экскурсиялар барысында балалар аудандық мұражайларда болып, туған өлкенің бай тарихымен танысты. Сондай-ақ Хан Ордасы тарихи-мәдени кешеніне және Қошанкөл ауылындағы «Сәйгүлік» мұражайына саяхат жасап, халқымыздың өткені мен мәдени мұрасы туралы мол мағлұмат алды.

Спорттық шаралар аясында оқушылар «Айбын» спорт клубында және Данияр Елеусінов атындағы спорт кешенінде болып, түрлі спорт түрлерімен танысты. Эстафеталық жарыстар мен қозғалмалы ойындар балалардың дене дайындығын шыңдап, спортқа деген қызығушылықтарын арттырды.

image-24-06-26-11-55-3

Ерекше әсер қалдырған шаралардың бірі – «Рух» ат спорт орталығындағы кездесу болды. Мұнда оқушылар атқа міну мәдениетімен танысып, садақ ату өнерінің қыр-сырын меңгерді. Сонымен қатар тирде мергендік сынақтарына қатысып, өз шеберліктерін байқап көрді.

Шығармашылық күндері балалардың өнерге деген қызығушылықтарын дамытуға арналды. Олар ән айтып, би билеп, сурет салып, қолөнер бұйымдарын жасап, өз таланттарын көпшілікке паш етті.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында тоғызқұмалақ пен дойбыдан сайыстар ұйымдастырылып, қатысушылардың логикалық ойлау қабілеті мен зияткерлік мүмкіндіктері сынға түсті.

Мәдени демалыс барысында балалар Мәдениет үйінде көрсетілген «Пейіш 2» және «НВП ағай» көркем фильмдерін тамашалап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған әсерлі сәттерге куә болды.

Осылайша «Дыбыстар әлемі» мен «ART – шабыт» ауысымдары балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуге, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, тарихи-мәдени құндылықтарды танып-білуіне зор мүмкіндік берді. Бір аптаның ішінде оқушылар жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, достық қарым-қатынастарын нығайтып, жарқын естеліктерге толы күндерді бастан өткерді.

image-24-06-26-11-55-8

«Болашақ» жазғы демалыс лагері алдағы ауысымдарда да жүздеген оқушыға шаттық сыйлап, олардың жан-жақты дамуына ықпал етуді жалғастыра бермек.

 

Жайна Қабиболла,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале