23.06.2021, 19:55
Оқылды: 746

Кененің кесірінен қалай құтыламыз?

Төрт түліктің қадірін жете түсінген қазаққа малдың ауызы көкке ілінсе, арқадан жүк түскенмен бірдей. Сондықтан да халқымыз қашанда қыстың тез аяқталып, жер аяғы кеңігендігін асыға күтеді. Биыл қыстың сонша созылғанын ауладағы мал азығының таусылғандығынан байқауға болады. Әсіресе, қарапайым халықтың уайымына айналғаны көктем мезгілі болатын. Дегенмен табиғаттың да өз ойлағаны бар ма, қалай?

InShot_20210623_193841338

Оның үстіне мал ұстап, шаруашылығын жүргізгендерге кене келіп бір бүйірден «жабысты». Бүгінгінің негізгі мәселесі болған ауыл шаруашылығының зиянкестері ертең бәле болып жармаспасына кім кепіл? Жалпы кенелер туралы мәлімет бере кетсек, өрмекші тәріздестерге жататын ұсақ жәндіктер. Олар топырақта, орман төсемінде, әр түрлі ұяларда, індерде, өсімдіктерде, тұщы сулар мен теңіздерде тіршілік етеді. Сондай-ақ паразиттік жолмен тіршілік ететін кенелердің 20 мыңнан астам түрі бар деп есептеледі. Бұлардың тұрқы 0,05-13 мм шамасынан аспайды. Тек қанға тойған кене мөлшерінің 30 миллиметрге дейін жетуі мүмкін.

Көпшілік кенелердің медициналық және малдәрігерлік мәні бар. Олар бірқатар қауіпті ауруларды жануарлардан адамға тасымалдауға бейімделген. Сондықтан да қауіпті. Кене адам мен үй хайуанаттарын ауруға шалдықтырады. Астық және ұн қорын ысырап етіп, бүлдіретін де кенелер тобы бар. Кейбір кенелердің паразиттік тіршілік ету әсерінен мәдени өсімдіктердің түсімі кемиді. Тіпті өсе алмай қалады.

Дегенмен қураған өсімдік қалдықтарын шіріту арқылы топырақ құнарлылығын арттыратын да кенелер болады. Кенелердің сан алуан топтары бар: жайылым кенесі, су кенесі, астық кенесі, қамба кенесі, өрмек кене, беріш кене, мамық кене, шаш кене болып бөлінеді. Кенелердің дене бөлігі өрмекшілерден өзгеше. Тек қарапайым құрылымы кенелерде ғана болмаса, өзгелерінде үш бөлік: бас, көкірек, құрсақ тұтасып бітіскен. Сондықтан кене денесінен бұл бөліктерді ажырату қиын. Кененің дернәсілі алты аяқты. Ал ересек кенелерде сегіз аяқ болады. Тек беріш кене ғана төрт аяқты. Тұтқы аяқтардың негізі біріге келіп, денеге жалғасады. Сөйтіп, қимылдайтын ауыз мүшесі түзіледі. Бұл сырттай қарағанда кененің «кішкене басы» тәрізденіп байқалады. Бірақ бұл дененің бас бөлігі болып саналмайды. Кененің ауыз мүшесі қорегіне байланысты түрліше құралады. Қатты затпен қоректенетін кененің аузы – кеміруші, сұйық затпен қоректенетіндердікі шаншып соруға бейімделген. Кене жабынындағы қылтанақтары арқылы сезеді. Терісі немесе демтүтіктері арқылы тыныс алады. Кенелер – дара жынысты жәндіктер, жұмыртқа арқылы, кейбіреуі тірілей туып көбейеді.

Кененің дамуы басқа өрмекші тәріздестерден ерекше. Жұмыртқадан үш жұп аяғы бар дернәсіл пайда болады. Ол жыныс жүйесі жоқ, сегіз аяқты нимфаға айналады. Нимфадан ересек кене шала түрленіп дамиды. Нағыз қансорғыштың өзі... Кенелер – ауыл шаруашылығы жануарлары мен өсімдіктердің зиянкестері. Олар азық-түлік қорын бүлдіріп, шаруашылыққа үлкен зиян келтіреді.

Микроскоппен ғана көруге болатын өте ұсақ кенелер (қамба, сүтсірне кенесі) азық-түлікті орынсыз ысырапқа ұшыратады. Әсіресе, қамба кененің зияны қисапсыз. Ол қамба ылғалданғанда өте тез көбейеді. Сөйтіп, астық пен ұнды жеп, оны шірік иісті сұр затқа айналдырады. Мамықкенелер құстардың денесінде мекендеп, әкаяқ (әсіресе, тауықта) ауруын туғызады. Мұндайда сирақтағы қабыршақтар қопсып, аяқта ақшыл томпақтар түзіледі де, ұлпа тіршілігін жояды. Сөйтіп, тауық саусағын қимылдата алмай, ақыры өледі. Бұл ауруды ақшыл томпақтарға қарамай немесе креолин жағып емдеуге болады.

Үй хайуанаттары тері кенелерінен де зардап шегеді. Бұлар – қышыма кенедей ірірек, 1 мм шамасындағы жәндіктер. Кене теріге жабысып алады. Ол малдың қанын сорғанда, жануар тынышсызданып, оның терісі қабынады да қотырға айналады. «Қотырды қаси берсең, қаны шығар, киімді қаға берсең, шаңы шығар» демекші, терінің жүні түседі. Содан мал азып, титықтайды. Тері кенесінен құтқару үшін қойды жүнін қырыққаннан соң креолинді суға тоғытады.

Қансигек ауруы еліміздегі мал шаруашылығына орасан зор зиян келтіреді. Аурудың ғылыми атауы – пироплазмоз. Ауру белгілері: малдың дене температурасы 41-42 С-ге дейін көтеріліп, тынышсызданады. Жүрек және асқазан жолы бұзылып, қан аралас зәр шығарады. Мал әлсіреп, арықтайды. Ауруды тасымалдаушы – жайылым кенесінің нәзікбас кене деген түрі бар. Жайылымда мекендейтін нәзікбас кенелер мамыр-тамыз айларында өте көбейіп кетеді. Сондықтан мал осы мезгілде қансигек ауруына жиі ұшырайды. Бұл кенелер қорексіз 9 ай тіршілік ете алады. Мұндайда кенелер кездескен жайылымнан малды 9 айдай басқа кенесіз табынға ауыстыру керек. Сонда мал пироплазмозбен (кене арқылы жүғатын ауру) ауырмайтын болады. Кенелер – дара жынысты жәндіктер, жұмыртқа арқылы, кейбіреуі тірілей туып көбейеді. Жайылым кенелері адам терісінде, жабайы жануарлар мен ауыл шаруашылығы малдарында паразиттік тіршілік етеді. Кене және оның дернәсілі даму барысында әр түрлі жануарларды иеленеді. Соған байланысты бір иелі, екі иелі және үш иелі кенелер болады. Дернәсіл ересек кене болғанға дейін бір жануарды иемденсе – бір иелі; ал дернәсіл мен нимфа бір жануарда, ересек кене басқа жануарда паразиттік етсе – екі иелі, дернәсіл кезінде бір жануарда, нимфаға айналған соң екінші жануарда және ересек кенеге айналған соң үшінші жануарда паразиттік етсе, үш иелі кенелер тобына жатады. Мысалы, ит кенесі – үш иелі жәндік. Қанға тойған кене нимфаға айналады. Оның дернәсілі қанға тойып алып, жерге түседі де, түлеп барып, нимфаға айналады. Ал нимфа қорегін басқа жануардан табады. Нимфа да ол иесінде тіршілігін тоқтатып, жерге түседі де, жыныстық жүйесі жетіліп, ересек кенеге айналады. Ересек кене тағы бір жануарға жабысады. Сөйтіп, кене даму барысында үш жануарды иемденеді.

Ит кенесі және тайга кенесі адамға ең қауіпті ауру – энцефалитті жұқтырады. Бұлар табиғатта әр түрлі жануарлардың денесінде орнығып, бір жануардан екінші жануарға сорған қаны арқылы энцефалит қоздырғышын таратады. Бірақ бұдан жануар ауырмайды. Сөйтіп, табиғатта ауру қордасы пайда болады. Тасымалшы жәндік арқылы таралатын қоздырғыш (мысалы, кене энцефалитінің вирусы немесе оба таяқшасы) белгілі бір территорияда бір жануарлардан екінші жануарларға кене дернәсілі, нимфасы және ересек түрімен ұзақ уақыт айналымда болады. Инфекция қоздырғышы сақталатын осындай территория қандай болса да, бір аурудың табиғи қордасы деп аталады.

Адам үшін қышыма кене – өте қауіпті жәндік. Оның мөлшері 0,2-0,5 миллиметрден аспайды. Сондықтан ұлғайтқыш әйнек арқылы ғана толық көруге болады. Қышыма кене адамның терісіне еніп, денені қышытады. Себебі оның түлеген кездегі қабыршақтары мен бөлінді заттары денеге сіңеді. Қышыма кене мал денесін де жайлап, адамға көбінесе жылқыдан жұғады. Қышыма кененің әрекетінен денеде қотыр пайда болады. Адам немесе мал қотырдан мазасызданып, арып-талып, әлсірейді. Қотырды денеге дәрі-дәрмек жағу арқылы емдейді.

Сала мамандарының сөзінше жалпы аудан көлемінде аталмыш мәселемен күрес қалай жүруде? Бұл жайында Тасқала аудандық ветеринариялық станциясы директорының міндетін атқарушы Марина Шамшитова айтып берді. Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, кененің қаптап кетуі облыс бойынша күн тәртібінде тұр.

– Аудан көлемінде мал ұстауға қолайсыз деген жер белгіленген жоқ. Себебі кененің көптеп таралуы облыс бойынша негізгі мәселе. Тек біздің аудан немесе нақты мына аудандар деп бөліп-жаруға болмайды. Кененің тым көп таралуына бірден бір себеп – ауа райының тез жылынуы. Биыл қар ерте кетіп, жер жылдағы уақытынан ерте кепті. Ал кене құрғақ жерлерде тез тарайды. Сондай-ақ оның өзіндік түрлері де болады. Ғылыми негізде түрлері өте көп. Ағымдағы жылы энзотияға қарсы 5400 бас ірі қара малға ивомек препарат егілді. Бұл – облыс бойынша барлық аудан-аймақтардағы мәселе. Кене кез келген малға жабысады. Қанмен қоректенетін болғандықтан, тарататын аурулары да сан түрлі. Өткен жылмен салыстырғанда биыл кене мөлшерден тым көп. Бірақ арнайы дезинсекциялық жұмыстар жүргізіледі, – дейді Марина Амантайқызы.

Маманның айтуынша, ауыл шаруашылығы зиянкестерін мал бағатын адам жақсы біледі. Жалпы кене жабысқанын түліктің іс-әрекетінен анықтауға болады. Алғашқы белгісі деп малдың көп қышынуын айтуға болады. Себебі кенеде қоздырғыш қасиет қатты дамыған. Егер кене ұзақ уақыттан бері жабысып тұрған болса, малда аннемиялық белгілер пайда бола бастайды. Мөлшерден көп қанын сорып, малдың әлсіреуіне алып келеді.

P/S: Халқымыз қашанда төрт түліктің бабын білген. Сондықтан бүгінде қорасын адал малымен толтырған тұрғындар кездескен кедергілермен күресуін тоқтатпақ емес. Әсіресе, кенеден келер кесір шаруашылыққа айтарлықтай әсер етпес деген үмітте. Дегенмен «Сақтансаң, сақтармын» деген де бар. Сондықтан жоғарыда айтып өткен сақтық шараларына немқұрайлы қарамаған жөн болар.

Әсет Баян,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале