7.10.2021, 10:17
Оқылды: 293

Киікті жойып, мүйізімен заңсыз айналысқандар жазаланып, залалы өндірілуде

Қазақстанның «Қызыл кітабына» ене қоймаса да, елімізде кең даланың еркесі - киікті қорғау мәселесі өте өзекті болып тұр. Осы ретте аудандағы жағдайды білмек болып, Жәнібек ауданының прокуроры Р.Сабыровпен сұхбаттасқан едік.

B40F9CD9-AC89-46F5-A795-964CFBDC3E27

-Руслан Меңешұлы, аудандық газетке берген бір сұхбатыңызда, ауданда өткен жылы киіктің заңсыз дериваттарымен байланысты экология саласындағы қылмыстың бестен он бірге дейін өскенін айтқан екенсіз. Биылғы жағдай нешік?

-Ағымдағы жылы киіктің заңсыз дериваттарымен байланысты анықталған қылмыстар саны азаймауда. Өткен 2020 жылы бұл санатта 11 қылмыс тіркелген болса, 2021 жылдың өткен мерзімінде ғана, өкінішке қарай, олар 13-ке дейін өсіп отыр.

Жалпы, соңғы жылдары, бұрын да айтып өткенімдей, экология саласындағы осындай қылмыстар санының өсуі орын алып отыр және оған әртүрлі фактілер теріс әсерін тигізуде.

-Қанша қылмыс ашылды?

-Биылғы қылмыстардың барлығы да әшкереленіп, қылмыс жасаған адамдар қылмыстық жауапқа тартылды. Ал 2020 жылы тіркелген 3 қылмыс бойынша күні бүгінге оны жасаған адамдар анықталмай отыр.

-Браконьерлікпен ұсталған азаматтарға қандай қылмыстық жауапкершілік көзделген. Осы тұрғыда келтірілген шығындар өтеле ме?

-2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру жəне жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Заңы қолданысқа енгізілді.

Аталған Заңмен Қылмыстық кодекстің заңсыз аңшылық (ҚК-тің 337-бабы) және өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысқаны үшін (ҚК-тің 339-бабы) қылмыстық жауаптылық күшейтілді (қатаңдатылды).

Соның ішінде киіктерді заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау үшін арнайы қылмыстық жауаптылық көзделді.

Және де қылмыстар сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қарай, киіктің заңсыз дериваттарымен байланысты қылмыстыр ауырлығы орташа және ауыр санатындағы қылмыстар болып танылды, олар үшін 3 жылдан 12 жылға дейін нақты бас бостандығынан айыру жазалары көзделген.

Келтірілген шығын туралы орынды сұрақ қойып отырсыз. Айтып өтейін, осы уақытқа дейін тұрғындар арасында киіктің дериваттарын (мүйіздерін) сақтағаны үшін зиян келтірілмейді деген теріс және қате түсінік бар.

Біріншіден, дериват деп не танылады, осыдан бастап түсінік берейін, себебі анықталып отырған осы қылмыстар киіктердің мүйіздері бар бастарын немесе тек мүйіздерін сақтаумен байланысты.

2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» №593 Заңының 1-бабы 33-тармағына сәйкес, дериват деп жануардың туынды түрі мен одан және оның туынды түрінен өндірілген өнім болып танылады.

Осы Заңның 1-бабының 39-тармағында жануарлар дүниесі объектілерін алу табиғи еркіндік жағдайында мекендейтін жануарларды, олардың бөліктері мен дериваттарын мекендеу ортасынан жануарлар дүниесін пайдалануға арналған рұқсаттың негізінде ғана алуға (ұстап алу, аулау, атып алу, жинау, соғып алу) болады делінген.

Ал "Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 шілдедегі №190 бұйрығына толықтыру енгізу туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының 2020 жылғы 3 ақпандағы № 27-5-6/16 бұйрығына сай, ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салынған.

Сөйтіп, киік дериватын, соның ішінде мүйізін алу жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған рұқсат арқылы тек қана ғылыми мақсаттарда пайдалануға жол берілген.

Сондықтан киік дериватын, оның мүйізін, соның ішінде өлген төшкесінен алуға (табиғи себептен) және оны әрі қарай қолдануға (иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау) тыйым салынған және ол заңсыз болып табылады.

Енді келтірілген залалды өтеуге келетін болсақ, 2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 131-бабының 1-тармағында табиғи орта құрамдастарына келтірілген залал, егер ақылға қонымды уақыт кезеңі ішінде оларды ремедиация жөніндегі шараларды қолданбай, базалық жай-күйге дейін табиғи қалпына келтіру мүмкіндігі болмаса, экологиялық залал деп танылады.

Киіктерді заңсыз қолға түсіру немесе оның дериваттарын сақтау арқылы келтірілген зиян мөлшері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы «Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу мен келтірілген зиянның орнын толтыру мөлшерін бекіту туралы» №18-03/158 және ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 03 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзумен келтірілген зиянның орнын толтыру мөлшерін бекіту туралы» №18-3/1058 бұйрығында көзделген формуласы бойынша есептеледі және оны анықтауда қылмыс орын алған уақыттағы айлық есептік көрсеткіш ескеріледі. Осы формулаға сәйкес 2021 жылы 1 дана серке киіктің мүйізі үшін 2 187 750 теңге залал келтірілген болып есептеледі.

 -Ауданда браконьерлікпен ұсталған азаматтарға заң жүзінде қандай шаралар қолданылды. Жаңа Сіз қылмыс орын алған уақыттағы айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) ескерілетінін айттыңыз. Осы орайда мемлекетке келтірілген зиянды қайтаруда айыппұл арқалаған азаматтар болды ма?

-Аудандық прокуратурамен мұндай фактілер бойынша қозғалған қылмыстық істің заңдылығына тиісті қадағалау ұйымдастырылып, заңдылықтың сақталуы қамтамасыз етілуде. 2020 жылы соттармен 14 аудан тұрғыны қылмыстық жауаптылыққа тартылса, соның ішінде екі адамға нақты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ағымдағы жылы соттармен тоғыз аудан тұрғыны қылмыстық жауаптылыққа тартылды, екеуіне қатысты іс сотпен қаралуда. Нақты мысал келтіретін болсам, аудандық соттың биылғы 6 қыркүйектегі үкімімен Борсы ауылдық округінің тұрғыны азамат А. заңсыз 36 дана киіктің мүйізін иемдену, сақтау және тасымалдау арқылы аса ірі залал келтіргені үшін бес жылға дейінгі мерзімге аңшылық қызметпен айналысу құқығынан айырылып, оған жеті жыл, алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды (үкім күшіне енген жоқ). Ол қылмыстық әрекеттерімен мемлекетке 75 006 000 теңге материалдық залал келтірген болатын.

Сол сияқты аудандық соттың биылғы 27 қыркүйектегі үкімімен Ақоба ауылдық округінің тұрғыны азамат А. заңсыз он дана киіктің мүйізін иемденіп, сақтау арқылы ірі залал келтіргені үшін екі жыл алты айға дейінгі мерзімге аңшылық қызметпен айналысу құқығынан айырылып, үш жыл сегіз ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды (үкім күшіне енген жоқ). Ол өзінің қылмыстық әрекетімен мемлекетке 21 877 500 теңге материалдық шығын келтіргені үшін енді жазасын түзеу мекемесінде өтейтін болады.

Қылмыскерлермен мемлекетке келтірілген зиянды қайтаруда нақты жұмыстар атқарылуда. Прокуратураның қадағалау актісімен 2020 жылы сотталушыдан мемлекет пайдасына 14 млн теңге өндірілді.

Анықталғандай, 2019 жылғы 13 желтоқсандағы сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша аудан тұрғыны С.Авдей кінәлі деп танылып, одан мемлекетке 14 013 750 теңге зиян өндірілуі тиіс еді. Алайда ол үкім күшіне енгеннен бастап, аталған соманың бар болғаны 531 мың теңгесін ғана өтеген болатын.

Дегенмен прокурорлар ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, борышкердің меншігінде жер телімі мен тұрғын-жайдан басқа, 130 бас ірі қара бар екендігін анықтады. Прокуратураның ұсынысы бойынша «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 32 және 66-баптарының тәртібінде сот орындаушы мүліктің тізімдемесін жасап, олардың барлығына тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы малдарын сауда-саттыққа шығару туралы хабарламадан кейін борышкер қалған берешегін толығымен өтеді.

Биыл сотталған борышкерлер, аудан тұрғындары О.Ғалиев пен М.Құбышев та 2017 жылдан бері киікке заңсыз аңшылық жасап, мемлекетке келтірген 6 807 000 теңге зиянды өтемегені белгілі болды. Оларға әкімшілік жауапқа тарту мен заңдарда көзделген шектеу шараларын толығымен қолданған соң, тамыз айында келтірген зияндарын өтеді.

-Алдағы уақытта осы мәселеге қатысты заң талаптарының орындалуы қалай болмақ?

-Сөз соңында, аудан тұрғындарынан киік дериваттарын тауып алған жағдайда құзырлы органға хабарлауды немесе өз еріктерімен әкеліп тапсыруды сұраймын, себебі оларды білместікпен сақтаған жағдайда да жауаптылықтан босатпайтынын қаперлеріне саламын.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале