17.05.2023, 19:56
Оқылды: 66

«Кішкентай ханшайым-2023»

Бәйтеректің Дариян ауылында осындай атаумен аудандық байқау өтті. Онда ауылдық округтерден келген 7-10 жас аралығындағы он жеті қыз бақ сынады.

IMG_20230517_195153

Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, шеберлігін дамытуды мақсат тұтқан байқауды БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Вера Шохина құттықтау сөзбен ашып,  балалар егемен еліміздің ертеңі екенін айта келіп, барша қатысушыға сәттілік тіледі.

IMG-20230517-WA0044

Қыздар әдемі, түрлі әшекейлермен әсемделген сұлу көйлектерімен сахнаға шыға келгенде көпшілік ертегілердегі ханшайымдарды көргендей болды. Олар «Мен - отбасымның еркесімін» өзін-өзі таныстыру, «Білімді – ел ертеңі» сұрақ-жауап, «Кім жылдам?» қағаздан ою-өрнек ою, түйме қадау, ине-жіпке бисер өткізу, «Жұлдызды сәт» сән үлгісі, «Өнерлі бала өрге жүзер» өнер көрсету секілді бес кезеңнен тұрды.

IMG_20230517_195138

Әділқазылардың шешімі бойынша өзін жан-жақты, өнерлі екені көрсете білген «үй иесі», яғни дарияндық Асылзада Шаймардан байқау жеңімпазы атанды. 1-орын Трекин ауылынан келген Дария Намазоваға бұйырса, қалған жүлделі орындарды мичуриндік Нұрбибі Мамай мен Достықтан келген Сезім Бақтияр өзара бөлісті. Жеңіпаз бен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар берілді. Ал қалған он үш қатысушы түрлі аталымдармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

IMG-20230517-WA0045

-Ұлы Абай атамыз «Ең алдымен баланы мейірімге, шапағатқа, одан кейін ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылым мен еңбекке баулу керек» деген. Перзенттерін сондай мейірім-шапағатқа,  ақыл-парасатқа,  ғылым мен еңбекке баулып, бүгін, міне, үлкен сахнада бәйгеге қосып отырған ат-аналарға және жетекшілеріне шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Кішкентай болса да, жауапкершілік алып, сахнаға шығып, өнер көрсетіп, өз ауылының намысын қорғаған бүлдіршіндердің еңбегін айтпай кетуге болмайды. Барлық ханшайымдарымыз жоғары дәрежеде дайындалып келгендері көрініп тұр. Өнерлі қыздарымыздың жұлдызды сәттері көп болсын,- деді байқау соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.

 Динара Ғизатова,

Дариян ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале