23.01.2020, 17:33
Оқылды: 10

Мал ұрлығының азаймауы алаңдатуда

Қаратөбе ауданының Сулыкөл ауылдық округінде аудан әкімі Жанат Асантаев пен округ әкімі Берікқали Мусаның тұрғындар алдындағы есеп беру жиыны өтті.

 qaratobe sulykol (3)

Есептік жиында Сулыкөл ауылдық округінің әкімі Берікқали Муса өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерді баяндады.

 Әлеуметтік қамтамасыз ету және жұмыспен қамту саласында Сулыкөл округінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 8 адам оқыған. Оның екеуі тұрақты жұмысқа орналасса, бесеуі грант иеленіп, кәсібін бастаған. Былтыр 20 жеке кәсіпкерлік нысан тіркеліп, сонша жұмыс орны ашылған. Әрі «Бизнес бастау» жобасы аясында 11 жұмыссыз тұрғын қысқа мерзімді курстарда оқытылса, 14 адам 6020000 теңгенің грантын алып, кәсіп қылмаққа ниет еткен.

 Ауылды көркейту және абаттандыру мақсатында былтыр 300 түп жиде ағашы әкелініп, жол жиегіне егіліпті. Үшана ауылы көшесін жарықтандыруға 10 жарық шам, Төлен ауылына 6 фонар қондырылған. Орталық саябақ ішіне 670 шаршы метр өрнектас төселіп, су құбыры тартылса, бұл жұмысқа 3 624000 теңге қаржы жұмсалған. Ал ауыл полигонын тазалауға 286 мың теңге қаржы қаралып, толықтай игеріліпті.

         Есептік жиында аудан әкімі Жанат Асантаев ерекше назар аударған мәселе - ауыл шаруашылық жерлерін ұтымды пайдалану болды. Өткен жылы мақсатты пайдаланбаған 21 шаруа қожалығының 17,7 мың гектар жері мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Былтырғы қыркүйек және қараша айында өткен жер конкурсының қорытындысы бойынша 23 шаруа қожалығына 16 550 га. , 2 ЖШС-ға 3 600 га. , 1 АШӨК 500 гектар жер телімі және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында «KazMeatIndustry» ЖШС-ға 25 000 гектар жер учаскесі берілген көрінеді.

Есептік кездесуде аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Меңдешов ауыл тұрғындарды жалқаулық, жатыпішерлік сынды жат қылықтардан ада болуға шақырып, Үшана, Төлен елді мекендеріндегі клуб ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізілсе деген тілегін жеткізді. Мұнда Қалдығайты мектебіне күрделі жөндеу мен ауыл шетіндегі су мұнарасын жаңарту керектігі де сөз болып, ауыл ақсақалдары Жеңісқали Қуанышкереев пен Бітімәлі Құрманәлиевтер округте мал ұрлығының азаймай тұрғандығына алаңдаушылық білдірді.

Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале