15.04.2023, 15:03
Оқылды: 435

Мәнді махаббат – сәнді өмір

15 сәуір – Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күні

«Махаббатсыз дүние дос...». Бұл қағиданы өмірдің негізі, қан тамыры десек артық айтқанымыз болмас. Махаббаттың құдыреттілігі сондай, ол - бүкіл әлемді өзіне бағындыратын ұлы күш.

photo

Суреттің дереккөзі: massaget.kz

Биолог ғалымдардың айтуынша, шынайы махаббаттың оянуы да оңай емес. Махаббаттың ояну үдерісі ерекше екен. Болашақ жар болатын адамдар кездесе қалса, бірінің бойындағы биотолқындар екіншісінің денесіндегі көзге көрінбейтін мылқау гендік клеткаларын оятады екен. Осылайша ағзада жас, жаңа белоктар шығарады. Міне, осы себепті, дұрыс табысып, бас қосқан жұбайлар көпке дейін қартаймай, олардың бойындағы қуат-қайраттары арта түседі екен. Ал ғашықтардың екі бөлек анадан туса да сырт келбеті, мінезі, қылықтары жағынан бір-біріне ұқсас болуы тіптен қызық жайт. Дегенмен бұның себебі ғылыми тұрғыда зерттеліп, жауабы табылмаған.

Көп айдың бір күні күллі әлемге әр мен сән беріп тұрған махаббатқа арналмауы мүмкін емес. Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бұл мереке жылдың бір күнінде аталып өтеді. Бізде бұл бастама 1999 жылы көтерілген еді. Қос ғашықтың махаббаттарын ұғынып, мәңгілік махаббат иелерінің атына күн белгілеп, асыл сезімді дәріптеуді ұсынып, бастама көтергеннен соң ол көпшіліктің қолдауына ие болды. Бірақ алғашқыда қай күнге тойлау керек екенін шеше алмай, әр өңір әртүрлі тойлай бастады. Мысалы, Таразда 15 сәуір — «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні, Семейде 11 наурыз — «Баян күні», тағы бір өңір «19 мамыр — «Қозы күні» деп аталсын» деп жан-жаққа тартқан. Бүгінде бұл мерекені тойлайтын күн нақты. 2011 жылғы қаңтарда Алматыда «Ұлттық ғашықтар күнін» енгізді. Одан кейінгі аралықта еліміздің әр өңірінде ғашықтар күні аталып өте бастады. Ал сәуірдің 15-жұлдызының таңдалуының себебі, бұл күн – көктемнің бел ортасы. Символдық жағынан көңілге қонымды мерекені дәстүрімізге сай атап өту маңызды.

Нұрсәуле Жәнібекқызы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Нұржан Дүзбатыр - Бақытты Ақдонова, Переметный ауылының тұрғындары:

-Ұлтымыздың тарихында дәлелдеуді қажет етпейтін махаббат тақырыбындағы оқиғалар жетерлік. Махаббат дастандары ұлттық тәрбиемізде үлкен маңызға ие. Мәңгілік махаббаттың символына айналған ғашықтардың тағдырын жырлаған поэзия ұлт әдебиетінің айшықты діңгені. Осы айтулы күннің елімізде аталуы әлі де өз деңгейінде емес. Жастар маңыздылығын терең түсінбей жүр. Махаббат күні ғашықтардың бір-біріне кіршіксіз сезімдерін білдіретін, әдет-ғұрыппен өрнектелген ғажайып сәт болуы тиіс. Бұл күннің маңыздылығы махаббат деген ұлы сезімді қоғамда дәріптеу, жастарды тарихымыздан тәлім алуға тәрбиелеу. Сондықтан қаншалықты қажет деп ойлаудың өзі артық болар еді. Бұл күнді отбасында арнайы атап өтпейміз әрине. Бойжеткен қыз, бозбала ұлымыз бар соларға маңыздылығын түсіндіреміз. Үйленуге ұсыныс жасаудың түрлі тәсілі бар қазір. Көбі Батыс мәдениетінен алынған. Ұлтымыздың ұрын бару, қыз айттыру, сырға салу, бастаңғы сияқты жастарға сезімін білдіруге мүмкіндік беретін рәсімдері бар ғой. Сондықтан қыздың жолына гүл төсеп, тізерлеп отырып сезімін жариялайтын, үйленуге ұсыныс жасайтын дүниелерді артық деп білеміз. Махаббат жүректердің ғана үнсіз ұғынысуы болып қалғаны дұрыс.

WhatsApp Image 2023-04-15 at 12.36.22

Қанат Ахметқалиев - Гүлназ Нәсіпқалиева, Атамекен ауылдық округының тұрғындары:

-«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күні - қазақтың ғашықтар мерекесі. Бұл шетелден келген емес, өзіміздің мейрам болғасын отбасында жыл сайын атап өтеміз. Қазіргі таңда жастарымыз шетелдік дәстүрлерге көп еліктеуі салдарынан өзіміздің төл мерекелеріміз ұмытылып бара жатыр. Әсіресе бізде батысқа еліктеушілік көп. Соның бірі - жау алдында тізе бүкпеген қазақ жігітінің қыз алдында «тізерлеп» ұсыныс жасауы. Батыстың қаңсығын өзімізге таңсық етіп қайтеміз?! Біз мұндай үрдістерді құп көрмейміз.

WhatsApp Image 2023-04-15 at 12.36.45

Аслан Өтеш пен Гүлжайнат Қабесова, Шалғай ауылының тұрғындары:

-Адамзат ежелден махаббатты ерекше қадірлеген ғой. Осы махаббат жолында түрлі қиындықтарға кездесіп, қосылғаны бар, қосыла алмай өткендері бар. Сондай махаббаттың символы саналатын әр елдің өзінің кейіпкерлері бар. Солармен байланыстырып махаббат мерекесі, ғашықтар күнінде ойлап тапқан. Біздің еліміздегі сондай мерекенің бірі - «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» күні болып табылады. Бұл мереке пайда болғанына көп болмаса да, оны тойлаушылардың қатары көбеюде. Төл тарихымызды, өзіміздің махаббат жырымызды, ғашықтық дастандарымызды насихаттайтын бұл мейрам қоғамға қажет деп ойлаймын. Біздер осы мерекені жылда атап өтеміз, бір-бірімізді құттықтап, сыйлық сыйлаймыз.

WhatsApp Image 2023-04-15 at 13.00.37

WhatsApp Image 2023-04-15 at 13.00.38

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале