13.07.2022, 17:00
Оқылды: 61

Өмір мен обыр: онколог-дәрігерге неге толық жүктеме берілмейді?

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев, Мәжіліс депутаты Мәлік Құлшар бастап, облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева қостаған топ жұмыс сапарымен Бөкей ордасы ауданының халқымен кездесті.

депутат (5)

Алдымен халық қалаулылары ат басын Мұратсай ауылына тіреген еді.  Ауыл ақсақалы Рафхат Әшенов ауылдағы электр сымдарының тозығы жетіп тұрғанын алға тартты.

Оған облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева:

̶   Бұл тек мұратсайлықтардың ғана бас ауыртар мәселесі емес. Электр торабы қызметі бір кездері жекенің қолына өтіп кеткен еді. Жұмысы көңіл көншітпеді, тұрғындардан шағым көптеп түсті. Электр торабының қызметі қайтадан Үкіметтің теңгеріміне алынды. Электр сымдарын жаңартуға қомақты қаржы бөлініп, жұмыстар басталып та кетті. Ең алдымен апатты деген жерлерге басымдық берілуде,  - деп жауап берді.

Медицина саласының ардагері Жаңылсын Дәулетова ауылдағы фельдшерлік-амбулаториялық пункттің жөндеу қажеттілігін мәселе ғып көтерді. Сенат депутаты Нариман Төреғалиев:

̶  Ауылдық округ, шағын елді мекен тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз етілуде бірқатар іс-шара легі бекітіліп, қолға алынуда. Сіз көтеріп отырған мәселе де жақын күндері өз шешімін табады,  - деп жауап берді.

депутат (1)

А.Құсайынов атындағы мектептің директоры Асылбек Нұралиев әріптестері үшін бас ауыртар мәселені көтерді.

̶ Ұстаз мәртебесі көтеріліп, жалақысы еселеніп отыр. Бұған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дегенмен, кіші қызметкерлерімізді әлеуметтік қолдау мәселесі кемшіндеу боп тұр. Жалақылары аз, еңбек демалысында берілетін сауықтыру төлемақысы қарастырылмаған. Олар да ел қатарлы МӘМС жарнасын төлеп отыр, ал ешқандай жеңілдік жоқ. Оқу жылы алдында медициналық тексерістен ақылы өтеді. Асхана қызметкерлері әр алты ай сайын өтуі керек. Алпыс мың теңге ғана алып отырған қызметкерлеріміз үшін бұл қалта қағар мәселе боп отыр, - деді.

Бұған да облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева жауап берді. Мәселенің жиі көтеріліп жүргенін, өткен жылдан бері осы кіші қызметкерлерді әлеуметтік қолдау бағдарламасы бойынша жұмыстанып жатқандарын айтты.

 Қалаулылардың халықпен кездесуі аудан орталығында жалғасты. «AMANAT» партиясы бастауыш ұйымының жетекшісі Қуаныш Елемесов полигон үшін төленетін төлемақының белгілі бір мөлшері жергілікті бюджетке бөлінсе деген ұсынысын айтты.

̶  Ресей Федерациясы полигон жерін пайдаланғаны үшін бір миллион доллардан астам қаржы төлейді екен. Соның он пайызын жергілікті бюджетке аударса, жыртығымызды жамап, бір кем дүниемізді бірлендіріп алар ма едік, -  деді ол.

Сонымен бірге Қуаныш ағамыз ет өнімдерін өткізу, малдың жүн-терісін пайдаға асыруды да жолға қойса екен деген ойын айтып еді, Сенат депутаты бұған мал иесінің өзі мүдделі болуы керек, бірігіп, ет өнімін, тері илеу өндірісін дұрыс жолға қойып, дамытып отырған кәсіпкерлермен кездесіп, өздері қолға алуы керек деп жауап берді.

Аудандық мәслихат депутаты Бибігүл Жұмағұлова ауданымызда сауықтыру орталығы салынса, мал шаруашылығы үшін су көздерін пайдалануды оңтайландырып, суландыру жүйесіне баса көңіл бөлсе деген ұсынысын айтты.

̶  Мал баққан ағайынға Үкіметтен субсидия беріліп, қолтықтан демеп, қолдау көрсетіліп келеді. Мал оның жеке дүниесі, жеке бизнесі. Жеке бизнесті дамытуға бюджеттен қаржы қарастырылмайды. Ал сауықтыру орталығын салу үшін де егжей-тегжейлі зерттеу жүргізіліп, бұлтарпас негіздеме дайындауымыз керек, - деп жауап берді Нариман Төреғалиев.

̶  Сауықтыру орталығы денсаулық министрлігінің еншісіне кірмейді. Дәрігерлер тек емдеу мәселесімен ғана айналысады. Сауықтыру орталығы айналып келгенде тағы да сол бәсекелестік ортаның «азығы». Яғни, жеке бизнесмендер қолға алуы керек. Көршілес Жаңақалада ауданаралық сауықтыру орталығы бар. Оның да жабылып қалу қаупі туындап, дағдарысты бастан кешті. Қазір, шүкір жұмыс жасап тұр. Екі жүз шақырым жерге тағы бір сауықтыру орталығын салудың қандай қажеттілігі болады? Ертеңгі күні оған сұраныс бола ма? Осы жағын ойлауымыз керек,  - деп қоса жауап берді облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Тишанқызы.

Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева аудандық білім беру бөлімдерінің облысқа берілуі дұрыс еместігін, қаржының уақтылы бөлінбей, мектептің күрделі жөндеуінен бастап, ақыр аяғы бор, лампа сатып алудың өзі мұң боп тұрғанын айтты. Лариса Тельманқызының тағы бір көтерген өзекті мәселесі онкологиялық дертке шалдыққан жандардың жайы болды.

̶  Ауданда обыр дертіне шалдыққандар саны 44%-ға артқан. Дертке шалдыққан ауылдастарымыз айына үш бармаса, екі рет анық қалаға барып, ем алуы керек. Оған біреуінің жағдайы келмесе, енді бірінің қалтасы көтермейді. Аудандық ауруханада онколог маман 0,5 жүктемемен отыр. Сол маманға толық жүктеме беріп, науқасқа тұрғылықты жерінен ем алуына неге жағдай жасамасқа? - деп сауалын қойды.

Бұдан өзге МӘМС төлемей, санатқа енбей қалған тұрғындар жайы, скринингтік тексерістердің жұмысының нәтижелі болуын қамтамасыз ету, онкодерттерді анықтау маркерлері бойынша да тексеріс жүргізу мәселелері сөз болды.

Халық қалаулылары бұл мәселені министрлік деңгейінде қарастырып, аяқсыз қалдырмаймыз деп жауап берді.

Депутаттардың ауыл тұрғындарымен кездесуі Хан ордасы ауылында жалғасты.

Еркебұлан Рахметолла,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале