31.01.2024, 17:24
Оқылды: 48

Сайлау үлкен жауапкершілікті талап етеді

Дүниежүзілік сайлау күнін жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісінде атап өту дәстүрге айналған. Себебі 2005 жылы Будапеште өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында бұл дата сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде белгіленген. Айтулы күннің мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның тарихымен тығыз байланысты еліміздегі сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыру, сайлаушылардың белсенділігін арттыру, жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылыққа деген ұстанымын қалыптастыру.

сайлау фото

Биыл Сайлау күні 1 ақпанға келіп тұр. Сол себепті Тасқала аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Динара Баишеваға жолығып, сұхбаттастық.

– Динара Құрманғалиқызы, біріншіден, сізді жаңа қызметіңізбен құттықтаймыз! Екіншіден, биылдан бастап сайлау комиссияларының құрамы жаңартылды. Осы жөнінде толығырақ түсіндіріп берсеңіз?

– Иә, Тасқала аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы шешімімен саяси партия ұсыныстары негізінде сайлау комиссияларының жаңа құрамы сайланды. Себебі осыған дейін қызмет атқарған комиссия мүшелері ҚР «Сайлау туралы» Заңына сәйкес бес жыл өтуіне байланысты өз өкілеттілігін тоқтатты. Айта кетейік, сайлау комиссияларының жұмыс істеу өкілеттілігі бес жылды қамтиды. Қазіргі таңда ауданда сайлау комиссиясы құрамы 53 пайызға жаңарды. Ауданда жалпы 34 сайлау комиссиясы тіркелген. Соның ішінде Тасқала ауданының аумақтық комиссиясы, 11 округтік және 22 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Комиссия мүшелерінің саны – 188. Тасқала аумақтық сайлау комиссиясының үш мүшесі тұрақты кәсіби негізде жұмыс атқарады.

– Жаңа құрамның кәсіби деңгейі қандай? Олардың біліктілігін арттыру үшін қандай жұмыс атқару жоспарда бар?

 – Жоғарыда айтып өткеніміздей, комиссия құрамы 53 пайызға жаңартылды. Дегенмен комиссия мүшелерінің сайлау жүйесіндегі орташа еңбек өтілі үш жылды құрайды. Олардың біліктілігін арттыру мақсатымен жоспарға сай оқыту семинарлары міндетті түрде өткізіледі. Семинар барысында «Сайлау туралы» Заң талаптары мен міндеттері, практикалық кейстер, тағы басқа ақпарат беріледі.

– Биылғы жұмыс жоспарын бөліссеңіз...

– Биыл Амангелді және Достық ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын өткізу жоспарланып отыр. 24 қаңтар күні өткен отырыста Амангелді ауылдық округі әкімінің сайлауы 3 наурызға тағайындалды. Қазір ұсыну мерзімі болып жатыр. Амангелді ауылы – ауданымыздың үлгілі елді мекенінің бірі. Мұнда 1 қаңтардағы есеп бойынша халық саны – 1253, сайлаушылар саны – 823 адам. Аталмыш округке №327, №328 учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылады. Қазіргі таңда комиссия мүшелері арасында каскадтық әдіспен ұйымдастырылған оқыту семинарлары басталды. Комиссиялар өз жұмысына ақпан айынан бастап кіріседі.

– Динара Құрманғалиқызы, былтыр алғаш рет пилоттық жоба негізінде ұйымдастырылған саяси додада халық өз таңдауын жасады. Оның ішінде біздің аудан да бар. Осы сайлау жөнінде айтып өтсеңіз және аудан бойынша қанша ауылдық округ әкімін тікелей халық сайлады?

– Жалпы 2013 жылдан 2021 жылға дейін ауыл әкімдерін халық қалаулылары, яғни депутаттар сайлап келді. 2021 жылдың маусымынан бастап тәуелсіз мемлекеттің тарихында тұңғыш рет ауыл әкімдерін халық тікелей сайлайтын сайлау өтті. Қазақстан үшін маңызды саяси науқанды өткізу туралы бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерді. Президент атап өткендей, бұл дауыс беру науқаны саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Тасқала ауданында осы әдіспен бес округте, яғни Қосшы, Шежін, Тасқала, Ақтау, Қазақстан ауылдық округтерінің әкімдері сайланып, халыққа қызмет көрсетуде. Ал 2023 жылдың 5 қарашасында республикалық пилоттық жоба негізінде өткен аудан әкімінің сайлауына біздің тұрғындар да қатысып, халық өз таңдауын жасады.

– Кейінгі кезде қоғамда сайлау мәдениетін қалыптастыру жөнінде көп айтылады. Сіздің ойыңызша, сайлау кезіндегі азаматтардың рөлі қандай?

– ҚР Констуциясында еліміз азаматтарының сайлануға және сайлауға құқығы бар деп көрсетілген. Сонымен қатар әр адам міндеті мен жауапкершілігін де ұмытпауға тиіс деп есептеймін. Өйткені сайланған тұлға – ауылдық округ әкімінен бастап, Президентімізге дейін белгіленген мерзімде елге қызмет етеді. Сондықтан әр сайлау – ел болашағын айқындайтын маңызды саяси науқан. Әр азамат сайлауға қатысу арқылы Отанға деген жауапкершілікті сезінуге дағдыланады. Сайлау кезінде «Біз бармасақ та сайлау өтеді» деген ойдан алшақ болғанымыз дұрыс. Ел тағдыры шешілетін уақытта барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдықпен қатысып, өз таңдауын жасаса, нұр үстіне нұр. Сонда ғана біздің сайлау мәдениетіміз жоғары деңгейде болады деп есептеймін.

– Жақын арада Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтеді. Осы аталмыш датаға әзірлік қалай?

– Жақында аумақтық сайлау комиссиясының отырысын өткіздік. Одан бөлек сайлаушылардың белсенділігін арттыру мақсатымен сайлаушылар форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар аудан көлемінде «Жас сайлаушылар» клубын құрып, түрлі сайыс пен кездесулер ұйымдастыратын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет. Жаңа құрамның жұмысына сәттілік тілеймін!

Сұхбатты жүргізген Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале