26.08.2026, 16:30
Оқылды: 5

Шыңғырлау ауданында мал иелеріне жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары айтылды

Шыңғырлау ауданында ауыл шаруашылығы жануарларын таңбалау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

image-26-08-26-03-49

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының маңызды салаларының бірі. Сондықтан төрт түліктің амандығын қамтамасыз ету, мал ауруларының алдын алу, ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуын бақылау және жануарларды бірдейлендіру жұмыстарын жүйелі жүргізу ветеринария мамандарының негізгі міндеттерінің бірі.

Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында Шыңғырлау аудандық ветеринариялық станциясының директоры Досханат Ерболұлы, Алмаз ауылдық округі ветеринариялық пунктінің мамандары және учаскелік полиция инспекторы бірлесіп, Ақтөбе–Орал тасжолы бойында орналасқан Сегізсай және Чапай елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауыл тұрғындарына ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, флиппер және чип арқылы таңбалау, сондай-ақ малды қараусыз қалдырмау жөнінде кеңінен түсіндірілді.

Бүгінде аудан аумағында ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі кейбір тұрғындардың малды қараусыз жайылымға жіберуі. Әсіресе автомобиль жолдарына жақын орналасқан елді мекендерде бұл мәселе ерекше назар аударуды қажет етеді. Кешкі уақытта малды қораға қамамау да жолдағы қауіптің артуына себеп болып отыр.

Осыған байланысты жылқы және мүйізді ірі қараға жарық шағылыстырғыш жолақтар флипперлерді тағудың маңызы зор. Қараңғы уақытта көлік жүргізушісіне малдың жол бойында жүргенін ертерек байқататын бұл қарапайым құралдың жол-көлік оқиғаларының алдын алуда тиімділігі жоғары.

Аудандық ветеринариялық станция директоры Досханат Сағынбай бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

- Біздің басты міндетіміз ауыл шаруашылығы жануарларының денсаулығын қорғаумен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарға ветеринариялық талаптарды дұрыс орындаудың маңызын түсіндіру. Жануарларды бірдейлендіру олардың есебін жүргізу үшін ғана емес, ветеринариялық бақылауды тиімді ұйымдастыру үшін де қажет. Әрбір малдың тиісті тәртіппен таңбалануы оның қозғалысын, ветеринариялық жағдайын бақылауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөліп отырмыз. Әсіресе жол бойындағы елді мекендерде мал иелерінің жауапкершілігі өте маңызды. Жылқы мен ірі қараға жарық шағылыстырғыш флиппер тағу – қарапайым болғанымен, қауіптің алдын алуға мүмкіндік беретін тиімді шара. Аталған түсіндіру жұмыстары барлық ауылдық округтерді қамтитын болады. Сондықтан тұрғындарды бұл жұмыстарға түсіністікпен қарап, өз малдарына қажетті таңбалау жұмыстарын жүргізуге және малды қараусыз қалдырмауға шақырамыз", – деді.

Ветеринариялық станцияның алдағы міндеттерінің қатарында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарын жетілдіру, ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды уақытылы өткізу, мал ауруларының алдын алу, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және елді мекендердегі ветеринариялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау бар.

Сонымен қатар мамандар мал иелеріне жануарларды жолға қараусыз жібермеу, кешкі уақытта қора-жайларға қамап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін еске салуда. Бұл – тек малдың амандығы үшін емес, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін де маңызды.

Төрт түлік – ауыл тұрмысының берекесі. Ал оның қауіпсіздігі ең алдымен мал иесінің жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан әрбір тұрғын өз малын бақылауда ұстап, флиппер тағу, чиппен және өзге де белгіленген тәртіппен таңбалау жұмыстарын уақытылы жүргізсе, бұл аудан аумағындағы ветеринариялық қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға да елеулі үлес қосары сөзсіз.

 

С. Тыныс

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале