28.02.2024, 18:00
Оқылды: 31

Шыңғырлауда сайлауалды пікірсайыс өтті

Шыңғырлау ауданының Ардақ ауылында ауылдық округі әкімінің сайлауы бойынша сайлауалды пікірсайыс өтті. Сайлау 3 наурыз күні өтеді. Жалпы ауыл бойынша 209 сайлаушы тіркелген. Округтің әкіміне сайлануға үш адам кандидатурасын ұсынды. Нақтырақ айтсақ, Шыңғырлау аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлыбек Қайыржанов, Ақшат ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Асхат Ермұханов өздерін ұсынса, «Amanat» партиясы ұсынып отырған Шыңғырлау ауылдық округі әкімінің орынбасары Мәди Сатыбалдиев сайлауға түскелі отыр.

429820933_1821218411623252_7104403296514839279_n

Пікірсайыс алдында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Қалиев 2021 жылы басталған ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау бойынша бүгінге дейін атқарылған жұмыс бойынша ақпарат беріп, жергілікті тұрғындарды сайлауға белсенді қатысып, лайық деп санаған кандидатқа дауыстарын беруге шақырды.

Пікірсайыстың модератор Тілеген Қалиев сайлау бойынша ақпарат беріп, үміткерлерді тұрғындарға таныстырып өтті. І кезеңде кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын баяндаса, ІІ кезеңде бір бірлеріне бағдарламалары мен алдағы уақытқа жоспарлары бойынша сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды. Пікірсайыстың үшінші кезеңінде үміткерлерге тұрғындар тарапынан басшы болып сайланған жағдайда ауылдық округті өркендету үшін, тұрғындардың әлеуетін арттырып, ауылға жастарды тарту үшін, қандай жұмыстар атқарып, «Ауыл аманаты» бағдарламасын, «Қаладан ауылға» пилоттық жобасын, басқа да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша жүргізетін шаралары жайында сұрақтар қойылып, ортаға ұсыныстар тасталды. Үш кандидат та өз ойларын ашық, нақты жеткізіп, өздерінің дауыс беруге қаншалықты лайық екендерін көрсете білді. Сондай-ақ сайлаушыларды жұдырықтай жұмылып, ауыл игілігі үшін сайлауға бір адамдай атсалысып, лайық деп таныған кандидатқа дауыс беруге шақырды. Осындай үгіт-насихат жұмыстарының арқасындар сайлаудың ашықтығына, ақпараттардың анықтығына халықтың сенімі нығая түспек.

Гүлжазира Асу,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале