30.06.2026, 17:35
Оқылды: 9

Шыңғырлауда ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды кездесу өтті

Шыңғырлау орта мектебінің жанындағы «Күншуақ» жазғы демалыс лагерінде ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған «Ұлттық мұра әлемінде» атты тағылымды шара өтті. Аталған кездесуге аудандық мәдени-демалыс орталығының «Елім-ай» әжелер ансамблінің мүшелері мен «Асыл қазына» аталар тобы қатысып, жас ұрпақпен мазмұнды жүздесу өткізді.

image-30-06-26-05-09

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтап, өскелең ұрпақтың бойына ата-баба мұрасын сіңіру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы іс-шара балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастырумен қатар, олардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне де оң ықпал етті.

Шара барысында ұйымдастырылған «Ұлттық ойындар алаңы» бөлімінде оқушылар асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындарға қатысып, ептілік пен ұйымшылдықтарын танытты. Ұлттық ойындар арқылы балалар тек жарысып қана қоймай, достық пен бірліктің, әділдік пен төзімділіктің мәнін ұғынды.

"Мақал – сөздің мәйегі" бөлімінде оқушылар халқымыздың даналыққа толы мақал-мәтелдерін айтып, олардың тәрбиелік мағынасын түсіндірді. Ал «Салт-дәстүр сырлары, бата беру» бөлімінде ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы әңгімелеп, бала тәрбиесіндегі үлкеннің өнегесі мен тәлімінің маңызын жеткізді.

Шараға қатысқан «Елім-ай» әжелер ансамблінің мүшесі, зейнеткер ұстаз, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Мағрипа Құбашқызы ұлттық тәрбиенің маңызына тоқталды.

– Бала тәрбиесі ең алдымен отбасынан, үлкендердің өнегесінен басталады. Қазіргі ұрпаққа ұлттық құндылықтарды тек сөзбен емес, іс жүзінде көрсетуіміз қажет. Осындай кездесулер арқылы балалар халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық ойындарын, үлкенді сыйлау мен кішіге қамқор болуды үйренеді. Ұлттық тәрбиені бойына сіңірген бала өз елін, жерін, тілін құрметтейтін азамат болып өседі, – деді ардагер ұстаз.

image-30-06-26-05-08

Кездесу барысында балалар үлкендермен еркін пікірлесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Ақ батасын берген ақсақалдар мен әжелер жас буынға елін сүйетін, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін азамат болуға тілектестіктерін білдірді.

Ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталған мұндай шаралардың тәрбиелік маңызы зор. Өйткені ұлттық құндылық – ұлттың рухани тірегі, ұрпақ сабақтастығының алтын көпірі. Бүгінгі бала халықтық тәлім-тәрбиемен сусындаса, ертең елдің болашағына жауапты, рухы биік азамат болып қалыптасары анық.

Шыңғырлау орта мектебіндегі тағылымды кездесу осының айқын дәлелі болды. Ата мен әженің ақылы, ұлттық ойын мен салт-дәстүр тағылымы жас буынның жүрегіне жол тауып, ұлттық рухтың жаңғыруына өз үлесін қосты.

 

Сара Әділ

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале