30.07.2021, 10:14
Оқылды: 103

Шыңғырлаулықтар көмегі – Маңғыстауға

Биылғы жаз айлары елімізде өте жоғары температурамен есте қалары сөзсіз. Тіпті жаңбырлы өлкелердің өзінде ыстық 50 граусты көрсетіп тұрды. Адам түгілі, жан-жануарға да кері әсерін тигізген ауа райы жерге шыққан шөпті күйдіріп, жер-су біткенді құрғатуда. Оның соңы жаппай құрғақшылыққа әкеп соғуы ықтимал деп синоптиктер дабыл қағуда.

7990e080-0c46-4619-87fb-2e5b2b6c1fba

Елімізде қуаңшылықтың алғашқы белгілері білінген өңірлер, әсіресе Маңғыстау, Қызылорданың кейбір аудандарында шаруалар мал азығынан қатты тапшылық көруде. Төрт түлік малдың, ауыл шаруашылық саласының терминімен айтқанда ірі, қатты азық саналатын табиғи шөптің аздығы, аздығы емес тіпті жоқтығы мал басының өлім-жітіміне әкеліп соғуда. Қиын жағдайды бастан өткеріп отырған шаруашылық құрылымдары мен жеке тұлғалардың осы жөніндегі өтініш-тілектері Үкіметке де жетіп, бүгінде тиісті шаралар алынуда. Үкімет басындағылар және министрліктегілер егіні, мал шаруашылығы шығын көргендерге қолдау-көмек қаражатын қарастыруда. Десек те уақыт күтпейді. Мал басының шығынын тоқтатудың бірден бір жолы-тез арада азық жеткізу.

«Көп түкірсе – көл» дегендей, Қызылорда және Маңғыстау облыстарына еліміздің барлық өңірінен қолдау көрсету жедел қолға алынды. Кең пейілді халқымыз, қол ұшын беріп, қолдарындағы барымен бөлісуде. Қайырымды істен шет қалмайтын шыңғырлаулықтар да биылғы жиған-терген мал азығынан бөліп, көмек күткен облыстардың төрт түлігіне арнап жөнелтуді жоспарлауда.

Нақтырақ айтсақ, Шыңғырлау ауданы аймағындағы еңбек етіп, мал қыстағына әзірленген шаруалардың ішінде бір топ жанашыр азаматтар жиған азықпен бөлісуді ұйғарды. Енді біреулері ақшалай қаражат аударып, маңғыстаулықтардың мал басын сақтауына сеп болмақ. Нәтижесінде аудан көлемінде 13 шаруашылықтың күшімен 400-ден аса рулон шөп жиналды. Оны Маңғыстау облысындағы шаруашылық қожалықтары мен жеке аулаларында мал өсіріп отырған тұрғындарға жіберу қамы жасалуда.

Кеше ғана Маңғыстау өңірі Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылынан қос прицепті жүк көлігі келген болатын. Сыйымдылығына қарай маңғыстаулық жүк көлігіне 34 рулон шөп «Бекманов.Н.» шаруа қожалығының мал қыстағынан тиелді. «Қалған 23 рулонды келесі жолы саламын»,- дейді қайырымды шаруа жан.

Игілікті іске атсалысып, малы ашыққан ел-жұртқа өз көмегін ұсынған О.Алмағамбетов («Ақсауат» ШҚ), Ә.Алмағамбетов («Бауырым» ШҚ), Ж.Алмағамбетов, («Бек» ШҚ), Қ.Құсмағамбетов («Дән» ШҚ), М.Ботанов («Ақ-ай» ШҚ), Қ.Жазықбаев («Қуан» ШҚ), Б.Уксумбаев («Нұрәлі» ШҚ), Н.Лесов («Жайдар» ШҚ), Н.Акиев («Акиев»), Н.Бекманов («Бекманов.Н» ШҚ), Ғ.Бискалиев («Болашақ» ШҚ), А.Тулеганов («Алаша»), С.Абдуғалиев («Абдуғалиев» ШҚ) атты ер-азаматтарға маңғыстаулық отандастарының алғысы шексіз.

«Шөп тиелген алғашқы көлік сапарға шықты, діттеген жеріне барып жетсе, ендігі жерде көмекке мұқтаж шарауалар үшін қалған 374 рулонды шашау шығармай жеткізу мақсаты алдымызда тұр», – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Рүстем Еслямов.

Айта кеткен жөн, иісі қазақ көрген жерде амандық-саулықпен қоса «Мал-жаның аман ба?» дейді. Демек, деннің саулығы, тұрмыс-тірлігі ауладағы төрт түлігіңе де тікелей байланысты екендігін өмір анық көрсетіп отыр.

А.Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале