12.01.2024, 15:49
Оқылды: 9013

Соғыссыз қырылып жатырмыз ...

Күнбе-күн елімізде орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары туралы хабарды естіген кезде жаның түршігеді. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба мен суретті қарасаңыз, тіптен, жүрегіңіз аузыңызға тығылады. Мынау бейбіт заманда соғыссыз-ақ қырылып жатырмыз. «Неге», «Кім кінәлі» деген сұрақтар ойыңызға келері анық. Өткен жылы түгелдей бір отбасы жол апатынан көз жұмды. Сол қайғылы жаназаға қатысып, ауыр қазаның қаралы елдің қабырғасын қайыстырғанын да көрдік. Жағамызды ұстадық. Елмен бірге егілдік. Әттең, қолдан келер шара жоқ. Бұл қалың қазақтың басына түскен трагедия шығар?! Тегіс қатқыл жолда ажалдың артынан қуған бір адам. Бұл ақырзаманның бір белгісі шығар?!

QEqM3BP6rHcYpmBEviwoF5ZE64WU1oCCU4tPYS88

Расында, соңғы жылдары жол-көлік оқиғалары жиілеп барады. Өзіміздің Казталов ауданы көлеміндегі жол апаттарын саралап көрелік. Мәліметтер алу үшін аудандық полиция бөліміне бас сұғып, полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, майор Мәрлен Қарабаевпен кездестік. Мәрлен Сахметұлы аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің жол және техникалық инспекциясы тобының 2023 жылдың 12 айында атқарған жұмыс қорытындысымен таныстырды.

Аудандық полиция бөлімі берген деректерге сүйенсек, өткен жылдың 12 айында аудан бойынша 9 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3 оқиғаға көбейген. 2023 жылы орын алған жол-көлік оқиғаларында 7 адам жарақат алса, 5 адам көз жұмған. Сұмдық цифрларды ширатсақ, жол апатынан көз жұмғандардың дені жолда көлік тізгініне ие бола алмау, жылдамдықты арттыру, басып озуды дұрыс болдырмау, жол ережелерін сақтамау, көлік тізгінінде ұйықтап кету, мас күйінде көлік басқару, бағымсыз малға соғылу секілді себеп-салдардан жол-көлік оқиғаларына ұшыраған. Қарап тұрсақ, алкогольдік ішімдік ішіп, көлік басқару әлі де болса тиылмай тұр. Былтырғы жылдың мамыр айында масаң күйде автокөлік тізгіндеген бір аудан тұрғыны басқару жүйесіне ие бола алмай қалып, көлігі жолдың жанына ауған. Көлік иесі жол апаты кезінде алған жарақаттар салдарынан аудандық ауруханада көз жұмған. Қайғылы жағдай екені сөзсіз. Бір отбасы асыраушы ер азаматынан айырылып отыр. Құдай сақтап, қарсы бағыттағы көлікке соғылмаған.

Полиция бөлімінің берген мәліметтеріне тағы да бір көз жіберсек, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің) 608-бабына сәйкес, яғни, алкогольдік ішімдік ішкен күйінде көлік құралдарын басқарған 46 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылған. Сол 46 жүргізуші айыпты деп танылып, көлік жүргізу құқығынан айырылған, қамауға алынған. Осы жерде жол полиция инспекторларының қырағылығы мен жауапкершілігін атап өткен жөн. Мас күйінде көлік басқарып жүрген жүргізушілерді дер кезінде құрықтау арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алды десе болады. Мұнымен қоса ауданымызда көлік құралдарын басқару құқығы жоқ азаматтардың көлік тізгіндеуі де тиылмай тұр. ҚР ӘҚБтК 612-бабы, 2 бөліміне сәйкес, көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның көлік басқарғаны үшін 55 әкімшілік хаттама толтырылған. Тағы бір айта кететіні, көлік жүргізу куәлігінен сотпен айырылған аудан тұрғындары қашып-пысып көлік басқарып жүргендері де бар. Заңды белшесінен басып жүрген, яғни, ҚР ӘҚБтК 612-бабының, 3 бөлімінде көлік басқару құқығынан айрылған жүргізушінің заңсыз көлік құралын басқарған 7 хаттама толтырылған. Ал ҚР ҚК (қылмыстық кодексінің) 346 бабына сәйкес көлік құралын басқару құқығынан айрылған және алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқарған 3 қылмыс анықталған. Келтірілген мәліметтерді көріп, жағаңызды ұстайсыз. «Ал осы дұрыс па?!» деген ой тағы да мазалайды.

Жол-көлік оқиғаларының орын алуына жол бойында бағымсыз жүрген төрт түлік мал да тікелей әсер етуде. 2023 жылы ауданымызда автокөліктердің жол бойындағы бағымсыз малға соғылған 25 фактісі тіркеліп, 1 адам қаза тапқан. Сол жол апатын болдырған 8 малдың иесі күні бүгінге дейін табылмаған. Біздің ауданымызда мал басы өскен сайын қолдағы малды бағымға қоспау, қарамау күнделікті үрдіске айналғандай. Салғырттықтың салдары адам өміріне қауіп төндіріп жатқанын ешкім ескергісі келмейтіндей. Аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Мәрлен Қарабаев мәселені оңтайлы шешу жолын ұсынып отыр. Оның айтуынша, күре жол бойында орналасқан Сарықұдық, Серік, Бостандық, Қоныс, Нұрсай секілді елді мекендер тұстарына бағымсыз малды қамайтын орын ашып, сол салаға жауапты мамандарды тартуға болады екен. Осы жұмыс қолға алынса, жол-көлік оқиғалары біршама азаятыны анық. Тап қиын шаруа емес секілді. Тек мал иелерінің жауапкершілігі артса дейміз.

Иә, полиция бөлімінен алған ақпаратты біраз қорытып, санамызға сіңіргендей болдық. Аудандағы жолдар жөнделіп, көлік жүруге жағдай жасалған сайын жол-көлік оқиғалары да жыл санап артып келеді. Бұған адами фактор да, дамыған заманауи техника да бірдей әсер етіп отыр. Құдайға шүкір, қазір бір отбасында бір немесе екі көліктен бар. Кезінде атамыз арба айдаса, біздер шетелдің таңдаулы көлігін тізгіндеп, айды аспанға бір шығардық. Желмен жарысқан темір тұлпарға мініп алып, асфальт жолмен жүйткиміз келіп. Тіпті, астымыздағы шетелдік көліктің спидометр тілі 150-160 барған сайын арқамыз қозып, қанымыз қыза түскендей. Ал мұның соңы жақсылыққа апармасы анық.

Жол апатының жиі болуына заңсыз таксилер мен тәжірибесіз жүргізушілердің көбеюі де әсер етуде. Елімізде көлік саны көбейген сайын жүргізуші де көбейген. Облыс орталығына баратын болсаңыз такси қызметіне жүгінесіз. Ал такси қызметін атқаратын азаматтардың дені заңсыз қызмет жасап, нәпақасын тауып жүргендер. Ашығын айтсақ, көліктері «Такси» ретінде еш жерде тіркелмеген, арнайы сақтандыру полисі жоқ жүргізушілер көп-ақ. Оларды да түсінуге болады. Ешкім еріккеннен такси болып жүрмеген шығар?! Бірақ заңсыз қызмет жасап жүрген азаматтың да жауапкершілігі болмайтыны айдан анық. Осы қызметте жүргендер ішінде кеше ғана жүргізуші куәлігін алып, бүгін көлік сатып алып, адам тасымалдауға шыққан жастар да бар. Бұл жерде көлік басқарған азамат өз басын қатерге тігумен қатар қасындағы жолаушыларға да жауапты екенін ұмытпауы керек. Қатер аяқ астында. Облыс пен аудан орталығына қатынайтын арнайы автобус жүрген уақытта алаңсыз жолға шығатын едік. Енді басыңызды қатерге тігуге тура келеді. Олай дейтін себебіміз біздің көліктеріміз жүретін Орал-Атырау тас жолында көліктер жүктемесі көп. Былтырғы жылы осы мәселені жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан көтерген болатын. Халық қалаулысы Орал-Атырау тас жолында көліктер жүктемесін азайту үшін екі араға темір жол салуды ұсынды. Сол кезде екі облысқа қатынайтын көліктер мен жол апаттары да азаятынын жеткізген болатын. Расында халық арасында: «Өлім жолы» атанып кеткен бұл республикалық трассада жол-көлік оқиғалары да жиі болып жатады. Күні кеше ауылдас азаматымыз осы жолда көлік басқарып келе жатып, басып озу маневрын дұрыс жасамаған көлікпен бет-бет соғылып, ажал құшты. Жол ережесін бұзған көлік иесі де ажал тырнағынан аман қалмады. Өкінішті жағдай. Міне, жолдағы олқылықтың салдары қандай болатынын көріп отырмыз.

Мақаламызды жазар кезде облыстан келген мына бір ақпарға көз тіктік. Жыл басынан бері жол апатынан 12 адам көз жұмған. Бұл тек 10 күннің ішінде тіркелген жол-көлік оқиғасы. Алдымызда не күтіп тұрғанын ешкім болжап білмейді.

Мақалада тек жүргізушілерге ғана айып тағудан аулақпыз. Жол-көлік оқиғаларына әкеліп соқтыратын басқа да факторлады іздеп көрдік. Жол апатының болуына басты мәселе — салынған қатқыл табанды жол мен жолдарды күтіп-ұстау болып тұр. Республикалық, облыстық жолдарға жауапты мекемелер өз жұмыстарын дер кезінде, сапалы түрде атқармайтынын оқырмандар жоққа шығармас. Былтырғы жылы аудандық полиция тарапынан жолға жауапты лауазымды қызметкерлерге жолды күтіп ұстау бойынша ҚР ӘҚБтК 631 бабы, 1 бөліміне сәйкес 8 хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Жол мәселесін халық қалаулылары, біздің әріптестеріміз тарапынан талай мәрте көтерілгенімен, дұрыс жолға қойылмай, орындалмай келеді. Алысқа бармай-ақ өзіміздің ауданымыздың үстінен өтетін облыстық маңызы бар Чапаево-Казталов-Жәнібек тас жолына шығып көрсеңіз болады. Қар жауып, көктайғақ орын алған кезде осы жолды қырып немесе құм шашып жүрген техника көре алмайсыз. Керек десеңіз, жолды күтіп-ұстауға жауапты мекеменің Жалпақтал ауылында арнайы базасы орналасқан. Дегенмен, жолды қардан аршып жатқан техника жоқ. Сонда қар, мұз басқан жолда жол апаты орын алса, жүргізушінің кінәсі деп жылы жауып қоя береміз бе?! Мұндай жауапсыз мердігер бізде де бар. Казталов ауданында 524 шақырым аудандық маңызы бар жол болса, соны күтіп-ұстауға жауапты «СтартСтройСервис» ЖШС мекемесі. Әттең, жауапсыз мердігер өзіне жүктелген қызметті толыққанды атқара алмай келеді. Мердігердің мәселесі талай мінберлерде көтерілсе де, нәтиже шамалы. Жергілікті билік пен депутаттарымыз жауапсыз мердігерді тоқпақтаған сайын, терісіне таяқ өтпейтін аюдай былқ етер емес. Біздің болашақта ұсынарымыз — жол апаты кезінде жауапсыз мердігерлерді де қатысы барын анықтап, жауапқа тартатын кез келген секілді. Сонда ғана олардың жұмысы дұрыс орындалар еді.
Халық арасында жол ережелерін түсіндіру, мұқтаждық болмаса ауа райының қолайсыз кезінде жолға шықпау, жол ережелерін бұзбау туралы түсінік жұмыстары өз уақытында жүргізіліп тұрады. Тек бұл ескертпелерді құлағына іліп жатқандар шамалы. Нәтижесі қандай болатынын көріп жүрсіздер.

Құрметті оқырмандар! Жол-көлік оқиғаларын болдыратын тікелей факторлардың біразын саралап көрдік. Жол апатына соқтырар себеп көп екеніне көз жеткіздіңіздер деп ойлаймыз. Соғыс жоқ бейбіт заманда жол апатынан қынадай қырылып жатқанымыз анық. Бұл тығырықтан қалай шығамыз, өмірімізді қалай сақтаймыз?! Ойланатын кез келген секілді. Ал сіз қалай ойлайсыз?.. Жолға шығарда сақ болайық, ағайын!

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале