16.09.2021, 14:39
Оқылды: 108

Спортшыларды қабылдады

Биыл Бәйтерек ауданының грэпплинг шеберлері Башқұртстан астанасы Уфа қаласында өткен әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Дүние жүзінің үздік спортшылары қатысқан бәсекеде володарлық Нұрболат Бахыбаев қола жүлде еншілеп, елді қуанышқа бөледі.

IMG-20210916-WA0030

Аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев әлемді мойындатқан спортшыны қабылдап құрмет көрсетті. Аудан әкімдігінде өткен кездесуге БҚО грэпплинг федерациясының президенті Азат Ихсанов, грэпплинг бапкері Алмаз Ихсанов және әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрболат Бахыбаев пен грепплингтен Қазақстан Республикасы чемпионатының төрт дүркін жүлдегері, 2017 жылы Баку, 2018 жылы елордамызда өткен әлем чемпионаттарының қола жүлдегері Ерлан Мұхит келді.

IMG-20210916-WA0029

– Байрақты бәсекеде ел намысын қорғау оңай емес. Көк туымызды желбіретіп, намысымызды жықпағандарыңыз үшін елдің және аудан әкімінің атынан алғыс білдіргім келеді. Жарысқа қатысу, сайыстан орын алу – тыңғылықты дайындық пен қажырлы еңбектің жемісі. Сіздердің асқан асуларыңыз, шыққан белестеріңізге шын қуаныштымыз. Жеңісті күндеріңіз бен ел абыройын асқақтатар спортшыларымыз көбейе берсін, – деді спортшылар мен бапкерлерге риза болған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

Кейін БҚО грэпплинг федерациясының президенті Азат Ихсанов еңбекті елеп, спортшыларды қолдаған аудан басшылығына ризашылығын білдірсе, Нұрболат Бахыбаев пен Ерлан Мұхит спорттағы жетістіктерін айтып, бұдан да жоғары белестерді бағындыруға ниетті екендіктерін жеткізді. Ал жастарды жарысқа дайындаған бапкер Алмаз Ихсанов ауданда спорттың осы саласын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале