7.12.2021, 11:30
Оқылды: 89

Тәуелсіз елдің тірегі – жастар

Бәйтерек ауданы орталығында «Тәуелсіз елдің болашағы – жастар» атты аудан жастарының форумы өтті. Тәу етер тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған шараға Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар университетінің ректоры, профессор Әліби Баяхов, Батыс Қазақстан облысы жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Әділгерей Зұлхаров, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Орталық Азия әйелдер халықаралық қоғамдастығының президенті Әсемгүл Оразаева, облыстық азаматтық альянсының және «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова және ауданның белсенді жастары қатысты.

17

Ел болашағы саналатын жастарды тәуелсіздік туының астына біріктіріп, үздік және түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар мен азаматшалардың еңбегін елге таныту мақсатында ұйымдастырылған форум басында көпшілікке жергілікті қолөнершілер мен өнертапқыштардың, робототехника саласында еңбек етіп жатқан жастардың жасаған бұйымдарының көрмесі ұсынылды. Аталмыш көрмені тамашалаған аудан басшысы Марат Тоқжанов тынымсыз еңбек етіп, өз өнерімен көпке танылған жастардың еңбегіне оң бағасын берді.

18

Кейін салтанатты шара мәдениет үйінің акт залында жалғасты.

20

-Форумға келген әр жас өзінің өнерімен ғана емес, отбасындағы тәрбиесімен де ерекшеленгенін көрсете алды. Өйткені әрқайсысыңыз еліме болса екен, болашағымыз үшін деп еңбек етіп жатсыздар. Барлығыңыз тәуелсіздік туы астында дүние есігін ашып, еркіндікте тыныстап, егемен елдің туын көтеріп келесіздер. Сіздің бойларыңызда басқаны биік қою, өзгені ерек санау жоқ. Сіз өз отаныңызға, тәуелсіз қазақ еліне деп еңбек етудесіздер. Бұрынғы жастар – жас, қазіргілер өзгеше дегенге біз келіспейміз. Өйткені өмірдің өзгеруіне, елдің дамуына өздеріңіз тікелей себепкер болып келесіз. Әрі қарай да жастар елдің заманауи бет-бейнесін қалыптастырып, жаңа идеяларды ұсынуға және Қазақстанды жаңартудың негізгі қозғаушы күші болуға тиіс. Қазір елімізде оқимын, біліктілігімді арттырамын деген жастарға бүкіл әлемнің есігі ашық. Осы мақсатта бүгін ауданымыздағы әр саланың үздіктері мен белсенділері бас қосып отыр. Бұл форум – аудан жастарының басын қосып қана қоймай, өзара танысу, ойларыңызбен бөлісу алаңы. Ол – жастар үшін баға жетпес тәжірибе,-деді форумда сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов.

23

Одан соң сөз алған Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар университетінің ректоры, профессор Әліби Баяхов елімізде жастардың алаңсыз оқып, білім алуына, шығармашылықпен айналысып, қалаған мамандық иесі атануға барлық жағдай жасалғанын, Қазақстанның болашағы білімі мен білігін бір мақсатқа ұштастырған, жүрегінде патриотизмі бар жастардың қолында екенін айтты.

24

Сондай-ақ форум барысында «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Орталық Азия әйелдер халықаралық қоғамдастығының президенті Әсемгүл Оразаева мен облыстық азаматтық альянсының және «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова да өз пікірлерін білдіріп, бастамашыл жастардың қашан да жолы ашық болатынын жеткізді.

25

-Жастардың және жастар ұйымдарының белсенділігі күннен-күнге артып келеді. Бұл – мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың жемісі. Мемлекетіміз үшін маңызды да жауапты кезеңде жастар белсенділік танытып, елі үшін еңбек еткені жақсылықтың нышаны. Бәйтеректік жастар да түрлі салада белсенділік танытып келеді. Ол бастамаларды іске асыруға қолдау танытқан аудан әкімдігі алдағы уақытта да белсенді де білімді жастарды қолдайтынына сенімдімін,-деді Батыс Қазақстан облысы жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Әділгерей Зұлхаров.

26

Одан бөлек, форумда аудандық кітапхана қызметкері, жас ақын, тәуелсіздік құрдасы Фарида Азбантаева сөз алып, өз өлеңін оқыса, аудандық «Шың» саз-драма театрының жетекшісі, аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемдік қойылымдар мен шығармашылық бөлімінің жетекшісі Әліби Жанәбілов аудан жастарын өнерге баулу жолында тынбай еңбек етіп, ел дамуына өзіндік үлесін қосуға дайын екенін айтты.

27

Форум соңы жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале