31.01.2024, 0:16
Оқылды: 235

«Т.Жүргеновте осылай оқытты» немесе «Жаныңа жақпаса, өлеңді өзгерт. Авторлар ренжімейді»

Бұл – белгілі кино актері Мәлік Әбдіраманның айтқаны. Оқырман қауымға түсінікті болуы үшін кеңірек тарқатайын. Әлеужеліні шолып отырған сәтте елге танымал «Бәсеке» сериалының актері шыға қалды. Алғашында сүйсініп тыңдап отыр едім. Соңына қарай төбемнен жай түскендей болды. Оқырманның жүрегінен орын алған Төлеген Айбергеновтың «Бір тойым бар» өлеңін оқып, соңғы шумағының тас-талқанын шығарыпты.

90b25f040ec10554

Құлағыма түрпідей тиген өз ойынан қосқан сөздері үшін жүктеген бейнесіне теріс пікірімді білдірдім. Кейін ол көп ұзамай бейнеқоңырау арқылы хабарласты. Жазу үстелінде өз ойыммен арпалысып жатқан сәтте үздіксіз қоңырауын елемей қойдым. Содан соң «Звондасай, бетіме айтсай. Еркесің ба?» деген хабарламалар келе бастады. «Еркесің ба?» дегені – еркексің бе дегені ғой ол әртістің. Халықтың алдында жүріп, қарапайым сауатты жазуды білмейтін оған басымды бір шайқадым. "Үлкенге қарсы келме" деген ата-әжемнің ақылынан аттап кеткім келмей, «Әуелі амандасып алған жөн болар, аға. Армысыз» деп жауап бердім. Кейін өзім хабарластым. Өкінішке қарай, актер өз қателігін мойындағысы келмеді. Өлеңді нақышына келтіре бастап, соңында:

Қыз қуатын жігітке ат беремін,

Жанам деген жүрекке от беремін.

Мен сөйтіп бар тиған, жиғанымды,

Алла Тағала бұйырса керемет бір той қылып өткерермін,- дейді ол.

Дұрысында: «Мен әйтеуір бар жиған-тергенімді, Бір тамаша той қылып өткеремін»,- болуы тиіс еді. Әңгіме барысында «аға» деп ізет көрсетіп, барымша түсіндіруге тырыстым. Ал Мәлік Әбдіраман болса, «Бізді Жүргеновте осылай оқытты. Егер жаныңа жақпаса, өз жаныңнан сөзді қоса бер. Авторлар ренжімейді деп үйретті» деп дүрсе қоя берді.

Бұл сөзімен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына күйе жаққандай. Қатардағы асаба болса, көндігер едім. Дегенмен аты дардай академияның түлегі һәм қарапайым халық көретін кинолардың актері ғой. Парақшасын қарасам, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Өмір жайлы» өлеңінің сөзін өзгертіп оқытыпты. Оқырмандарының көпшілігі жақсы пікір қалдырса, жас ақын Алтынбек Әлібаев: «Ақын деп, өлгесін атақ беріп, көшенің атауларын айтақтатып, бөркімізді аспанға ататын заманда ақынның сөзін бұрмалау қалды. Әртістің ең басты құндылығы шығарманы қалай бар солай жеткізу емес пе еді? Спектакль болса, бір жөн. Оқыған екенсің сөзін бір қарап оқығаның дұрыс болар еді-ау, ағасы» депті.

Енді бір желі қолданушысы: «Керемет деп жазып жатқандар, «соқыр тауыққа бәрі бидай». Өлеңді быт-шыт қылғанына қазақтың шаруасы жоқ. Көке, оқыр алдында бірінші жаттайсыз-ау. Әлде ешкім танымайтын ақынның өлеңдерін оқыңыз. Елдің құлағында жатталған өлеңдерді неге қорладыңыз?» деген пікір қалдырыпты.

Мұқағали, Төлеген ақындардың жүрек сөзі мына заманда қор болмауы керек деп есептейміз. Бүгінгі таңда аталған актерден өзге өлеңді бұзып оқитындар көбеюде. Ойымды Абайша «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп түйіндегім келеді. Бұл оқиға өзгелерге сабақ болса, игі. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлығының лауреаты Ғайса-Ғали Сейтақ ағамыз не дейді екен?..

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале