2.05.2024, 16:32
Оқылды: 45

Жайна бер, жаңара бер, "Жауқазын"

Биыл үлгілі «Жауқазын» би ансамбліне 30 жыл толып, би ұжымының  мерейлі мерекесі аталып өтті. Сырым аудандық «Демалыс орталығы» МКҚК-нің  ұйымдастыруымен мерейтойға және 29 сәуір –  Халықаралық би күніне орай би ұжымдары, жетекшілері мен оқушыларының арасында «Билейік бірге» атты облыстық би байқауы өтті.

Жауқазын 2

Байқауда Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала, Сырым аудандарынан барлығы бес би ансамбльдерінің жетекшілері мен оқушылары бақ сынады. Би өнерінің мәртебесін көтеру, би өнерінің жан-жақты дамуына үлес қосу, аудандар арасында тәжірибе алмасу – би бәсекесінің  мақсаты еді.

Өңірімізге белгілі өнер жанашырлары –  М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің режиссура, хореография және мәдени-тынығу жұмысы ББ-ның жетекшісі, өнертану кандидаты, «ҚР Мәдениет саласының үздігі», хореограф Қарлығаш Айтқалиева, облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы», ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет грамотасы», «Білім саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін» медалі, «Мәртебелі мектеп директоры» медалі, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» медальдарының иегері, үлгілі «Жауқазын» би ансамблінің негізін қалаушы Роза Тасанова, «ҚР Тұңғыш Президент Қоры» сыйлығының лауреаты, ҚР «Өнер саласының үздігі», БҚО «Үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісінің иегері, балетмейстер, халықтық «Ақжайық» би ансамблінің жетекшісі Әсел Дәулетовалар би байқауында қазылық етті.

Жауқазын 1

Қатысушылар қазақ ұлттық биі (қазақ биінің стилизациясы) және еркін тақырыпта екі кезең бойынша өзара өнер көрсетті. «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» дегендей, байқаудың бас жүлдесін бөрлілік халықтық «Назерке» би ансамблінің жетекшісі Назгүл Аяпбергенова мен Аделя Кисимова жеңіп алды. Жүлделі І орынға Ақжайықтың намысын қорғап келген, Роза Тасанованың шәкірті, «Сымбат» би ансамблінің жетекшісі Гүлден Оңғар мен Іңкәр Берік ие болды. Бәйтеректік үлгілі «Нұрай» би ансамблінің жетекшісі Дана Дишенова мен Наргиза Мурсанова екінші жүлдені еншіледі. Жүлделі ІІІ орынға Жаңақала ауданынан келген Венера Қаменова мен Айару Елдосқызы және Сырымдық «Shine» би ансамблінің жетекшісі Гүлрайхан Темірбекова мен Жұлдыз Жолаева ие болды.

Одан кейін шара «Жауқазын» ансамблінің есеп беру-мерекелік концерттік бағдарламасымен сабақтасты. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев қатысып, үлгілі «Жауқазын» би ансамблінің негізін қалаушы Роза Тасанова мен ансамбль жетекшісі Бахтыханым Жұмағалиеваға аудан әкімі Жұмагелді Батырниязовтың құттықтау хатын табыс етті.

Жауқазын 6

Шараның құрметті меймандары мен «Жауқазынның» түлектері, ата-аналар, ауданның би ұжымдары жетекшілері әріптестерін мерекемен құттықтады.

Айта кетейік, «Жауқазын» би ансамблі 1994 жылы құрылды. Негізін қалаушы жетекшісі Роза Төлеуқызы Тасанова болды. Алғашқы күннен бастап аудан, ауыл тұрғындарын өнерлерімен тәнті етіп, аудан көркемөнерпаздарымен бірге мәдени шараларына мән мен сән берді. Ансамбль құрылғанына 5 жыл толған кезде, көрерменге мерекелік концертін ұсынды. «Жауқазын» би ансамблі 2002 жылы «Балдәурен» фестивалінде ІІ орын, 2001 жылы «Дала дарындары» фестивалінде ІІІ орынға ие болды. 2006 жылы ансамбль Түркия елінде «Fomged» халықаралық фестиваліне қатысып, мақтау грамотасына ие болды. Сол жылы «Жауқазын» би ансамблі «Үлгілі ұжым» атанды. 2008 жылы би ұжымы Түркия еліне «Great Anatolian Meeting» халықаралық фестивалінде өнер көрсетті.

«Ибалы» би ұжымының жетекшісі болып келген Бахтыханым Жұмағалиева 2010 жылдан бастап «Жауқазын» би ансамблінің тізгінін қолына алды. 2013 жылы жылы ансамбль Халықаралық би күніне орай есеп беру концертін өткізді. 2016 жылы БҚМУ ұйымдастырған ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жастары шақырады» атты ХІІ облыстық «Жас дарын» байқауының І дәрежелі дипломына ие болды. Сол жылы Астана қаласында өткен «Жаңа жұлдыз» байқауында ІІІ дәрежелі лауреат атанды. 2018 жылы республикалық «Бақытты елдің ұрпағымыз» атты байқауының бас жүлдесін жеңіп алып, халықаралық байқауға жолдама алды.

Бүгінде Бахтыханым Лұқпанқызы жетекшілік ететін «Жауқазын» би ансамблінің құрамында 60-жуық жас биші бар. Би ұжымының репертуарында қазақ және өзге ұлт өкілдерінің бірнеше билері бар. Ансамбль құрамы жыл сайын толығып, би қоржыны жаңарып тұрады.

Жауқазын 4

Жауқазын 3

Шынар Молданиязова, 

Сырым аауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале