6.12.2022, 11:00
Оқылды: 190

«Жақсыбайлықтарға жалпақ жұрт тілеулес болғанын сезіндік»

Биылғы көктемде табиғаттың тосын мінезі өңірдегі бірнеше елді мекенмен қатар Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылын да әбігерге салды. Әңгімені әріден бастасақ, осы ауылдың орта тұсында терең сай бар. Жергілікті тұрғындар оны Жақсыбай сайы деп атап кеткен. Ауылдағы жұрттың негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Жақсыбай ауылдық округінде 281 түтін бар. Шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтар 1400-ге жуық жылқы бағады. Округ бойынша ірі қара мен ұсақ жандықтың әрқайсының жалпы саны 5 мыңнан асып түседі. Осылайша қойын құрттап, айранын ұрттап отырған жұрт сәуір айы басталғанда күрт басталған су тасқынынан зардап шекті. Сәуірдің екісінде кешқұрым сайдағы мұздың көбесі сөгіліп, лықсып аққан су ауылдағы үйлерге қарай жүйтки аққан. Көп ұзамай ауыл аумағының тең жартысын тізеден келетін қызыл су басқан. Сол кезде тұрғындардың бірқатары малын қораға жайғастырып, шаруа қамымен жүрсе, енді  біразы үйлерінде бейқам отырған. Күтпеген сәтте ауыл ішінде алашапқын, қарбалас басталған. Ресми деректерге сүйенсек, Жақсыбай ауылында 386 адам тұрып жатқан 84 үйді су басқан. Төтенше жағдай кезінде жауапты құрылымдар ауылдағы мектеп пен балабақша ғимаратын уақытша қосын ретінде дайындап, 300-ден астам тұрғын, соның ішінде 150 бала қауіпсіз жерге көшірілген.

9

Шалғай ауылдағы жағдайға елеңдеген ел-жұрт қал-қадерінше қолұшын созды. Біздің облыспен қатар, көрші өңірлер көптеп-көлемдеп жылу жинады. Төтенше жағдай салдарын анықтайтын комиссия шығын есебін жүргізіп, соған сәйкес зардап шеккендерге мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетілді. Су тасқынынан 37 үй бүлінді. Оның ішінде жеті отбасыға арналып төрт үй жаңадан салынатын болды. Жоба бойынша екі пәтерлі үш үй, бір пәтерлі бір үй салу қарастырылған. Тапсырыс беруші мекеме – облыстық құрылыс басқармасы. Құрылыс мердігері – «Жайық сити» ЖШС. Аталған басқарма бұған дейін «Қазақстан халқына» қорынан үй құрылысына 195,2 миллион теңге бөлінетіні туралы хабарлады. Бірақ зардап шеккендерге арналған үйлердің салынуы кешеуілдеді. Ауылдағы жағдайды бағамдау үшін Жақсыбайға өткен сенбіде жұмыс сапарымен бардық. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, сол күні ауыл әкімдігі пайдалануға берілетін үйлердің салтанатты ашылуын жоспарлаған екен. Бірақ қоныстойды өткізу дүйсенбіге шегерілгенін естідік. «Жазған құлда шаршау жоқ» демекші, ауыл тұрғындарымен сөйлесіп, көрген-түйгенімізді газет бетіне жариялауды ұйғардық.

Қарасуық жел адамның өңменінен өтеді. Ауылдың солтүстік-шығыс жағында еңсе көтерген екі пәтерлі үй ауласына кірдік. Аулада әлі де абыр-сабыр қарбаластың басылмағаны байқалады. Иманов көшесінде орналасқан үй иесі Қобылан Каргин есімді азамат екен. Ол бірден қош алып, қазіргі жағдайды баяндады. Үй құрылысында мін жоқ деп айту қиын. Кіреберіс есіктің жоғарғы топсасы үзіліп қалған. Құрылыс материалдары уақтылы жеткізілмей, баспананы бригадалар баяу салған. Үш ай бойы қаңтарулы тұрған құрылыс күзге таяу жанданғанға ұқсайды. Қазан және қараша айларында қара жаңбыр үзбей жауыпты. Соның салдарынан болар, кіреберістегі бөлменің іші кеуіп те үлгермепті. Қабырғалары көктеп, пластикалық терезелері буланып тұр. Одан әрмен ортаңғы бөлмеге өткенімізде, еденге төселген линолеумді бекіту, есіктердің табалдырығын бекемдеу жұмысы әлі жүргізіліп жатқанын көрдік.

– Үй құрылысы кеш басталды. Әлі күнге аулада қалқайып тұрған асүйді паналап келемін. Көктемгі уақыттан бері аядай жерде зайыбыммен, ауыл мектебінің 4-сыныбында оқитын ұлыммен бірге тұрамын. Баспанам бұрынғы уақытта саман тастан салынған. Бір-екі сағатта ауыл ішін су басты. Тұрғындар ауыл мектебі мен балабақшаға орналаса бастады. Бізге ауыл маңындағы шекара бекетінде қызмет ететін жігіттер көмектесті. Түн ортасында мектепке барып жайғастық. Көп ұзамай саман үйлер опырылып құлады. Екі ай өткеннен кейін комиссия мүшелері келіп, фотоға түсірді. Баспананы көтеруге өзім де атсалыстым. Үйдің қабырғасы керамзитблоктан қаланды. Төбесі профлистпен жабылды. Құрылыс материалдары көңілімнен шығады. Келесі жылы кіреберіс бөлмені жөндеп аламын. Төтенше жағдайдан кейін халық жинаған қордан қаржылай көмек берілді. Жалпы мал бағып күнелтіп отырмыз. Зайыбым да жұмыссыз, – деді Қобылан Каргин.

10

Пәтер ішіндегі бір бөлмеде қолжуғыш пен ванна орналасқан, асүйге арналған орын да бөлек салыныпты. Одан бөлек екі бөлме кең де жарық екен. Қобылан Каргиннің зайыбы Мейрамгүл (төмендегі суретте) пәтер ішін көрсетті. Бір кемшілігі, пластикалық терезелердің жақтауынан суық жел есіп тұр. Бір терезенің жігіне мұз қатып қалыпты. «Сәуірдің 2-сі күні үйімізде қаннен-қаперсіз отырғанбыз. Көршілер «Ауылды су басып жатыр» деп хабарлады. Жолдасым сеніңкіремей, көшеге шығып қарап келуді тапсырды. Расымен де, дүрбелең басталып кеткен екен. Біз қамданып шыққанша, веранда ішіне су құйылды. Қолымызға құжаттар мен теледидарды алып үлгердік. Аула ішіндегі биіктеу жерге барып тұрдық. Екі сағаттан кейін шекарашылар мектепке алып барды», – деді Мейрамгүл. Каргиндер отбасы кейін ауладағы там іспеттес асүйді мекендеген.

11

Қобылан Каргиннің көршісі Әміржан Қарақұловтың саманнан салынған үйде тұрғанына отыз жылдан асқан. Балалық шағы сай жағасында өткен. Жақсыбайда туып-өссе де, биыл зейнет жасына шыққан азамат су тасқынының осынша зардабы тиетініне алғаш куә болып отыр. «Суды бөгейміз деп көшеде ұзақ жүріп қалдық. Сол кезде пәтер ішіндегі барлық мүлік суға кетті. Құдайға шүкір, көп ұзамай ел-жұрт қарайласып, аудан-ауыл қолұшын созды ғой. Бірақ баспананы салу тым ұзаққа созылып кетті. Қордан қаражат кеш бөлінген сияқты. Құрылысшылар үйлерді салып үлгеруге бар күш-жігерін жұмсады», – деді Әміржан Қарақұлов. Сәуір айында сайдан тасыған су үйлердің 34 пайызын басқан. Үйлердің ортасымен аққан су лезде көл-көсір болған. Ауыл азаматтары төтеншеліктермен бірге ауыл шетіндегі айналма аутожолды жырған. Жақсыбай жұртын әбігерге салған қызыл су далалық жерге еңіске қарай таңға дейін ағып кеткен. Буырқанған су сірескен сеңдерді серпіп, сай үстімен тұрғындардың жаяу өтуіне арналған көпірді бұзып кеткен.

– Менің үйіме құйылған судың тереңдігі 25 сантиметрдей болды. Бөлмелердің ішінде су кілкіп тұрды. Арнаулы комиссия сәуір айында келіп, шығын есебін жүргізді. Үйімді жөндетуге 1 миллион 800 мың теңге бөлінді. Бірақ қаражат шотыма тамыз айында аударылды. Орал қаласынан құрылыс материалдарын тасымалдауға 300 мың теңгеге жүк көлігін жалдадым. Қалған қаражатқа барлық есікті жаңаладым. Қызыл су кесірінен еден түгел шіріп кетті, өзім барлығын қайтадан ауыстырып шықтым. Ішкі қабырғаларға сылақ жүргіздім. Қабырғалардың төменгі бөлігі әлі дымқылданып тұр. Үйімді түгелдей жөндеуге қаражат жетпей қалды. Ауылдағылардыңббарлығы дерлік зардап шекті. Бірақ көбі баспанасы құлағандарға жаны ашып, қолдау-көмектің денін соларға бағыттады. Тұрғындар қиынқыстау кезінде бір кісідей  ұйымшылдық танытты. Жақсыбайлықтарға жалпақ жұрт тілеулес болғанын сезіндік,  – деді үйін көрсеткен Асқар Иманғалиев.

15

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар Жақсыбай ауылындағы М.Ықсанов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақшаны паналады. Тұрғындарды эвакуациялау жайы туралы мектеп директорының орынбасары Медет Әубәкіров әңгімеледі. «Сәуірдің 2-сі күні, сенбіде, кешкі сағат 6-лар шамасында сайдағы су деңгейі көтеріле бастады. Сағат 8-дерде ауылдардағы үйлерді су басты. Тұрғындарды осында қоныстандыру үшін бөлмелерді шұғыл дайындадық. Таңғы сағат 5-ке дейін 300-ге тарта тұрғын мектепке орналасты. Ауылдастарды паналату үшін мектептің бірінші қабаты түгел босатылды. Үшінші қабатта орналасқан жылы кабинеттерге сәбиі бар жас аналар барды. Мектеп ұжымы зардап шеккендерге қаржылай көмек ұйымдастырды. Бір-екі күннен кейін қауіп сейілген соң, біраз жанұя үйіне оралды. Одан қалған 20 шақты отбасыға мектеп жанындағы бір қабатты ғимаратты  босатып бердік. Бұл ғимарат бұрын интернат ретінде жабдықталған еді. Айта кетейін, сабақ беру үдерісі бір күнге ғана тоқтады. Мектебімізде 200 оқушы бар», – деді Медет Әубәкіров.

Жаңадан салынған пәтердің бірі Нұрлан Жапалақовқа тиесілі. Ол баспана құрылысына риза екенін айтты. Өзі де үйді салуға атсалысқан. Нұрлан Жапалақов көктемгі су тасқыны кезінде 40 бас қойы қырылып қалғанын хабарлады. Бірақ оны комиссия есепке алмаған, мал шығынын жабуға өтемақы төлемеген. «Есесіне, жеке шотыма Қазақстан  Республикасының Қызыл жарты ай қоғамының облыстық филиалы 300 мың, ауыл әкімдігі 150 мың, ауылдағы мешіт 95 мың теңге аударды. «Жайық сити» ЖШС үйді салуға жұмысқа тартты. Бірақ әлі күнге жалақы төлемеді», – деді Нұрлан Жапалақов. Айта кетейік, су тасқыны нағыз сақманның қайнаған уақытына тап келді. Жақсыбайлықтардың айтуынша, суға кеткен қозылар мүлдем есепке алынбаған. Одан бөлек су шайған қора-қопсыларды жөндеуге қаражат бөлінбеген. Ауыл әкімі аппаратының статисі Гүлстан Төрешева  ұсынған дерек бойынша 1 жылқы, 72 қозы, 29 бұзау, 8 қой, 10 сиыр өлген.

13

– Ауылға арнайы комиссия келіп, мал шығынын есепке алды. Нұрлан Жапалақовтың қорасында өліп қалған он шақты қозыны көріп, суретке түсіріп алдық. Жаңа туған қозылар деректер базасында тіркелмегесін, акт құжаты жасалынғанымен, өтемақы төленбейтін болды, – деді Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаев. Ауыл бойынша суға кеткен 84 үйдің иесіне  төтенше жағдай салдарын жоюмен шұғылданатын комиссия ықпалымен 13 020 000 теңге қаржылай көмек көрсетілген. Жалпы мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар және жомарт кәсіпкерлердің демеуімен 59 554 636  теңгеге материалдық және қаржылай көмек берілген. «Қазақстан Республикасының Қызыл ай қоғамы» ҚБ БҚО филилалы 37 отбасына 17 300 000 теңге бөлген. Атырау қаласының тұрғындары  7 356 646 теңге қаржы (84 отбасыға берілді), оған қоса 3 «ГАЗель» көлігімен киім-кешек, азық-түлік, Ақтау қаласының еріктілері 4 000 000 теңге (215 отбасыға берілді) және екі «ГАЗель» азық-түлік, төрт «ГАЗель» киім-кешек жеткізді. Жәнібек ауылынан депутаттар, кәсіпкерлер және мекеме бас-шылары 1 537 455 теңгеге азық-түлік, гигиеналық құралдар, сусабын, резіңке етіктер сатып алып берді.

Нұртай Текебаев,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале