18.05.2021, 12:22
Оқылды: 104

Жаратылысқа жасандылық жарға жығады

Біз жан-жақты дамып жатқан заманда өмір сүріп жатырмыз.

Медицина, білім, ақпарат алмасу, техникалық салалардағы таңғажайып жаңалықтардың куәсіміз. Әсіресе бүгінгі медицинаның дамығандығы соншалық, адамның кез келген ағзасын ауыстыратын болды. Адам ағзасын ауыстыру былай тұрсын, қазір әйелді - еркекке, еркекті әйелге айналдыру да түк болмай қалды. Қорқыныштысы сол, соңғы жылдары жаратылыстың заңына қарсы шығып, өзінің жынысын ауыстыруға ынта білдіргендердің қатары көбейді. Бұрын қоғамға жат мұндай көріністер тек Еуропаның батыс елдеріне тән секілді көрінетін. Алайда бұл кесапат Қазақстанды да айналып өтпеді.

BD0A89DF-4FCA-433A-A9CA-075A876D5D93

Қазір қыз бен ұлдың талғамына, киім киісіне, ортасы мен ойынына мән бере бермейтіндігі байқалады. Ұлдар қыздар сияқты белі қиылған киімдер кие береді. Бұрын қызғылт түсті киім киген ұлға үрке қарап «қызтеке» деп айдар тағатын еді. Ер балалар болса, қыздардың қуыршақ, ойыншығына да жуымайтын. Ойлап қарасақ, мұның өз үлкен тәрбие. Ал қазір ше?

Ұлдар ұсақталып кетті. Ұлдың тәрбиесінде әкенің рөлі үлкен екенін ұмыттық. Әкенің айбары, әкенің қаһары не екенін жадымыздан шығардық. Ұлдың да, қыздың да тәрбие тізгіні әйелде. Ер бала әкесіне еріп, шеге қағып, бұранда бұраудың орнына шешесімен бірге қамыр илеп, тамақ пісіріседі. Ерлікке, азаматтыққа тәрбиеленудің орнына қызша майысып, қыздың тірлігін жасап жүргендерді көп байқаймыз. Жібектей нәзік жігіттерден қандай еркектік көруге болады?

Ер баланы өзінің табиғатына қарай бейімдеп, «сен жігітсің, ертеңгі күні Отаныңның тірегісің, отбасыңның қорғанысың» деп тәрбиелеп, санасына еркектік мінезді кішкентайынан сіңіре беру керек. Ал қыз баланы еркекшора қылмай, бала жасынан нәзіктікке, биязылық пен ибалыққа баулығанымыз жөн. Қыздың шашын өсіріп, сырға салып, үйдің шаруасына бейімдеудің өзі оның ертеңгі күні жақсы жар, ардақты ана болып қалыптасуына жол ашатыны анық. Әр отбасында әкенің рөлі мен беделі, балаларды тәрбиелеудегі орны жоғары болуы тиіс. Әйел адам қанша мықты болғанымен ешқашан ер-азаматтың орнын баса алмайды. Отбасындағы бала тәрбиесінде, әсіресе, ұлдарды тәрбиелеуде ер-азаматтың ықпалы бәрібір ерек екендігін естен шығармауымыз қажет. Еркектік намысы бар ұл, табиғатына сай тәрбиеленген нәзік қыз бөтен ойға жол бермесі анық.

Бүгінгі қоғамда ер болам десең де, әйел болып өзгерем десең де, өз еркіңде. Ешкім шектеу қоймайды. Қазіргі адамдардың психологиясына салатын болсақ, кім қалай өмір сүргісі келсе, өзі шешеді. Ең бастысы, адам өзін бақытты сезінсе болғаны.

Бірақ, бұл дұрыс па? Адамның өзінің табиғи болмасына, Алланың нәсіп еткен жаратылысына қарсы шыққаны ақылға қона ма? Әйелдің еркек болғысы келгені немесе еркектің әйелге айналғаны психикалық ауытқушылыққа жата ма? Ондай адамдарды ауру деп қарағанымыз жөн бе? Сан түрлі сауалдың жауабын мамандар тарқатып көрді.

Еркінбек Ебелекқажиев,

Теректі ауданының бас имамы:

-Өз табиғи жаратылысын ауыстыру – өз жаратылысыңа қарсы шығу. Бұл – азғындықтың ең ауыр түрі, шайтан ісі.

Әр адамның қандай жыныста болатыны ананың құрсағында біткен күннен жазылады. Жаратушы иеміздің бұл құдіретіне ешкім де қарсы келуге тиіс емес. Қазіргі таңда медицинаның дамуы адамзатқа үлкен мүмкіндіктер сыйлап отыр. Мысалы, бүгінде ағасы інісінің өмірін құтқару үшін бауырын бөліп берген, баласы анасына бір бүйрегін берген жағдайлар аз емес. Шариғат заңы бойынша өмір мен өлім ортасында арпалысып жатқан жандарға араша түсу - үлкен сауапты іс. Қасиетті Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 32-аятында: «Кімде-кім бір адамды өлімнен құтқарса, барлық адамды тірілткенмен тең» деп адамдарға өмір сыйлаудың сауабы көп екенін өсиет еткен. Әрине, ағза берген адамның өзіне зиян болмауы керек. Егер қайтыс болған адам басқаны құтқару үшін ағзасын беруді өсиет етіп кетсе немесе жақын туысқандары рұқсатын берсе, онда ол марқұмның мүшелерін алуға болады. Бірақ дене мүшелерін саудаға салу - үлкен күнә. Оны сатуға, арам пиғылға пайдалануға шариғат бойынша қатаң тыйым салынады.

Ислам бойынша адамға өзінің жаратылысы ұнамай, ағзасын өзгертсе, ол күнә саналады. Мысалы, жынысты ауыстыру - Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Алла Тағала мұндай өзгертулерді харам еткен. Ол жөнінде Алла Тағала «Ниса» сүресінің 119-аятында Ібіліс шайтанның былай деп ант ішкендігін ескертеді: «Мен оларға (адамзатқа) Алланың жаратылысын өзгертсін деп сөзсіз әмір етемін».

Шариғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әйелге ұқсағысы келген еркектерге және еркектерге ұқсағысы келген әйелдерге лағынет айтты» деген.

Мұндай жыныстық өзгертулер ер мен ердің, әйел мен әйелдің үйленуіне жол ашады. Сондықтан ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ауысуы - кешірілмес күнә әрі харам іс. Мұндай іске барған әрбір адам қатаң жазаға лайық болады. Адамның ағзасы - Алланың берген аманаты. Оны қалай пайдалансам да, өзім білемін деу - үлкен ағаттық.

 Аягөз Ғалымжанқызы,

психолог, дефектолог:

Еркектің өзін әйелше сезінуі, әйелдің өзін еркекше ұстауы - денсаулықтағы кінәрат я гормондық бұзылыстың туа біткенінен болмаса, көп жағдайда психикалық ауытқу емес, жетіле келе қызығушылығына, ортасына қарай қалыптасып жатады. Бұл - жүре қалыптасатын мінез. Оны дер кезінде байқап, дұрыс бағыттап жіберсе, түзетуге болады. Адамдардың бәрі бірдей емес. Олардың ішінде ортаға бейімделгіш, еліктегіштері болады.  Және көбі осындай адамдардан шығады. Сондықтан ондай жандарға дұрыс тәрбие қажет.

Өз жаратылысын ауыстыруға бейім адамдарда түрлі жағдай болуы мүмкін. Мысалы, біріншісі, балалық шағындағы психологиялық жарақат, екіншісі – мидан соққы алуы, үшіншісі – психологиялық аурулар. Дегенмен, қандай жағдай болса да шығатын жол міндетті түрде табылады.

Бір тараптан қарасақ, осындай жағдайларға әкеліп соқтыратын қадамдарды ең алғашқы болып өзіміз жасайтын секілді көрінеді. Себебі, қыздарды ұл сияқты киіндіріп қоятындарды байқаймыз. Мысалы, бір үйдің төрт ұлы болса, артынан ерген бесінші қыз солардың киімін киіп өседі. Кейбір отбасылар ұлдарын қыз сияқты қорғаштап, тәрбиелейді. Осылай өскен балалар көп жағдайда жасөспірім жасқа жеткенде өзін өзге жынысты деп есептей бастайды. Оның емі бар, бұл мәселені шешуге болады.  Маман ретінде емес, адам ретінде айтар болсам, мен үшін бұл – қоғамдағы ерсі әрекет.

 Иә, ата-баба дәстүрінен, діні мен ділінен алшақтай қоймаған қазақ үшін жаратылысына қарсылық білдіру - нағыз азғындық. Сондықтан, әр шаңырақтағы ұл мен қыз өз жынысына сай  тәрбие алса, мұндай келеңсіз әрекеттердің алдын алар едік.

Жаратқанның жаратылысын ауыстыру, тіпті ауыстырмағанның өзінде сыртқы бейнелерінің өзгеруі секілді жат қылықтарға біз үрейлене қараймыз. Менталитетіміз де оған сай келмейді. Тіпті, мұндай мәселе көп айтыла бермейді. Жаратылысқа жасандылық жарға жығады. Соны ұмытпайық.

 Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале