3.11.2022, 13:00
Оқылды: 47

«Жас кезінде еңбек қылғанның ұтары көп»

 Ерінбей еңбек еткен адам өз мақсатына жетеді. Бұл – ақиқат. Бұған подстепныйлық кәсіпкер Анар Қайрекенованың нағыз еңбекқорлығы дәлел. Естеріңізге сала кетейік, ол – құс шаруашылығын қолға алып, үй жағдайында гидропоника тәсілімен көк шөп өсіріп отырған жан. Сонымен қоса үйден бәліш, самса және  басқа да түрлі тағамдар пісіріп сатуда. Еңбегін елі де елеп жатыр. Айталық, «Қайсар ана» аталымының иегері.

IMG-20221103-WA0012

Сондай-ақ «Жылдың үздік жас кәсіпкері» төсбелгісін иеленді және ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері атағын алды. Мінекей, кейіпкеріміз таяуда тағы да екі қолға бір күрек тауып, «кәсіп түбі - нәсіп» деп өз ауласынан жылыжай салуға білек сыбана кірісіп кетті.

Жалпы, қазіргі таңда наны жүріп тұрған кәсіптің бірі – жылыжай десек, артық айтқандық емес. Тірнектеп істеген тірліктің табыссыз қалмайтынын түсінген қазекем бүгінде жылыжай жайын жетік меңгеруге кіріскен. Соңғы уақытта өңірде айтулы кәсіппен айналысушылар саны басым. Хош, сонымен...

IMG-20221103-WA0014

-Жас кезінде еңбек қылғанның ұтары көп. Жастықтың өзі – үлкен күш, сенім. Мен жастарды кәсіппен айналысуға шақырамын. Бұл салада көгеріп жатқан қаншама адамдар тәп-тәуір үлгі, мысал болып тұр. Әу баста Теректі аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен «Өrle 2.0» жобасы жөнінде естідім. Бұл – Орталық Азия – Еуразия қоры «Шелл Казахстан» компаниясының қолдауымен қолөнер немесе көкөніс өсіруге бағытталған жоба екен. Өздеріңізге мәлім, мен гидропоника тәсілімен көк шөп өсіріп отырмын. Осы бағытта қатысамын деп ойлап едім, алайда бұған қаражат қарастырылмаған. Тек қана жылыжайға бар. Ал жылыжай шаруашылығы бойынша менде тәжірибе жоқ. Сөйтіп, Теректі колледжінде сабақ беретін Ораз Владимировичпен ақылдасып, кеңесіп, жылыжай бойынша бизнес жоспарымды құрып тапсырдым.

IMG-20221103-WA0013

Атаулы шаруашылық туралы Павел Кавунов пен Бақытгүл Елшібайқызы секілді тренерлерден дәріс алып, сертификатқа қол жеткіздім. Сайып келгенде, көкөніс өсіру бойынша грант иегерi атанып, 1 200 000 теңгені  ұтып алдым. Енді аула ішінен жылыжай кешенінің қаңқасын құрып бастадым. Ені 7,5, ал ұзындығы 20 метр.  Көлемі – 150  шаршы метр, оның 100 шаршы метріне қияр, қалғанына аскөк, ақжелкен, көк жуа, базилик егуді наурыз айына жоспарлап отырмын. Хәкім Абай «болмасаң да ұқсап бақ» деген ғой. Көл-көсір пайда табуды көксеп отырғаным жоқ. Ешкімге алақан жаймай, намысыңды табанасты етпей, адал еңбек еткеннің өзі шексіз бақыт, - дейді Анар Қуанышқызы.

 Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале