26.06.2020, 17:10
Оқылды: 85

«Он жасымнан бері қарай, домбыра болды жолдасым!»

Домбыра – біреулер үшін ағаш, ал біреулер үшін жолдас, серік. Домбыра серік болмаса, Аралбай ақын Қашағанға мұңын шағып отырып, «Кешегі өткен он жасым, Он жасымнан бері қарай, Домбыра болды жолдасым!» - деп жырлар ма еді?

0F986D5C-B9F5-42CA-B10A-49C9C8316D8E

Бұлдыртылық Дархан Қажығалиев те – жанына домбыраны жолдас қылған жанның бірі. Жүректің өнерге деген іңкәрлігі бар, оның үстіне әкесінің інісі Мұрат бір кісідей домбыра тартатын болғасын, әйтеуір Дархан мен ағасы Бейбіт жастайынан домбыра сабалап өсті. Ол кезде саз мектебі деген жоқ. Ауылда үйірме де тапшы. Дархан кешегі сал-серілердің жолымен, елдің ішіндегі қос ішекті қағатын адамдардың алдына өзі аяқтай барып, өнер үйренді. Күйші Бауыржан Тәленов оны домбыра сазының сиқырына, ақын Қуаныш Қапановтан шаршы топқа түскенде түйілмеуге баулыды.

Қарагерін Алтай асырған атақты Қатимолланың шәкірті Гүлнафис Исламғалиева Бұлдыртыға келін болып түсіп, Тәңірдің бір жарылқағаны бар. Дархан әнші жеңгесінен Батыс ән мектебінің жарқын туындыларын орындауды үйреніп, көп кешікпей Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінің «Дәстүрлі ән айту» бөліміне оқуға түсті. Колледжді 2007 жылы аяқтап, елге келіп, Сырым ауданындағы балалар саз мектебінде «Дәстүрлі ән» сыныбының оқытушысы болып еңбек жолын бастады.

Дарханның қолынан ән айту қалай келсе, жақсы ұстаз болу да солай келді. Бойында өнері тасыған жігітке, ертеден салса кешке озған, ылдидан салса төске озған жүйрікке сал-серілік салтпен, тойлы ауылды жағалап күн өткізсе де жарасар еді. Бірақ ол елдің басында болып, ауыл балаларын ұлттың ұлы аспабы – домбыраға баулығанды дұрыс көрді. Бір шәкіртке өзін бір немесе екі күндеп емес, 3 – 4 жылдап уақыт бөлді. Еңбек жеміс берді. Дарханның алдынан 13 жылда 30-ға жуық оқушы домбыраны жай дыңылдатып емес, кәсіби түрде меңгеріп шықты. Біразы бәйгеден келді. Шәкірті Қоңдыкер Елеуов Алматыда өткен «Алатау шыңы» республикалық фестивалінде топ жарса, келесі жылы Ерасыл Өміржан сол Алматыға барып «Ұлы дала ұрпағымыз» байқауының бас жүлдесін алды. Қажығалиевтің қажыр-күшінің арқасында Ақжол Темірбеков, Гүлсана Өтеулина, Төлес Төлеген, Ақтілек Төлегенов, Әмина Мералы, Мереке Айзере, Мәдина Құрмашева, Диляра Исламғали, Арнұр Есқайыр сияқты жас қанаттар ән өнерінің көгінде қалықтады.

Домбыра – шипа. Буын ауыруымен ауыратын бір бауырымыздың Дарханның домбыра үйірмесіне арбамен келіп, аттай шауып кеткенін, қасық ұстауға икемсіз қолының кейін пернеде жүгіргенін көзімізбен көргенбіз.

- Домбырадан шалқыған ән, күй өз алдына, оның төрде ілулі тұрғанының өзі адамды биіктікке тәрбиелейді. Бір шәкірттен кәсіби әнші шығаруға 3 – 4 жыл уақытым кетеді. Ешкім ешкімді қайталамаса екен деймін. Әр адамның дауысының өзіне тән бояуы бар. Сол үн естілуі тиіс.

- Әрине, домбыра үйренгеннің бәрі әнші – күйші болмас, бірақ қазақы адам болары анық. Өзім уайымға салынсам, қуансам, тіпті қолым қалт етсе домбыра ұстаймын. Шертіп, ән айтып отырсам, жүрек тынышталады. Сапарға шықсам да қасиетті аспапты арқалап шығамын.

Домбыраға құрмет керек, ілтипат керек. Оны тартушының қолы аққудың мойынындай әсем қимылдауы керек. Домбыраны тыңдамайтындарды былай қойғанда, жөнді ойнамағандарды көрсем, жаным құлазиды. – дейді А.Ғұбайдуллин атындағы дәстүрлі ән сыныбының оқытушысы, тәжірибелі педагог, домбыраның «досы» Дархан Қажығалиев.

Дәкеңнің өзі де шаппай жүрген жоқ. Әсіресе «Мен қазақпын!» мега жобасы мен осы атпен Жымпиты өткен дәстүрлі әншілер байқауындағы, Ғ.Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған ән бәйгесіндегі аяқалысы алапат, шабысы төтен болды. Сахнаны шаңға көмді. Кейде көп байқауларға қатыса алмай жатады. Оған бір жағынан ұстаздық қызметі себеп болса, екінші жағынан ерін салып, айылын тартып, сауырын сипап аттандыратын адам табылмай жатады. Байқау – жарысқа шақыртудың бәрі мәдениет саласы арқылы келеді, Дархан болса білім беру саласында жасағасын, тұяғы қызып, аяғы байланып отырады. Талай дүбірден солай шет қалған.

Дәстүрлі әншіні мазалайтын тағы бір мәселе – сахналық киім мәселесі. Әннің желі тұрса, жамылып шыға қоятын желбегей шапаны болмағасын, фольклорлық ансамбльдің киімін киіп бара салып жүр. Аудан Дархан секілді ұлттық өнердің өкілдерін неге жарқыратып ұстамайды екен деп ойланасың осындай да. Айтпақшы, бір байқауда ұлттық киімі болмағасын саз мектебінің оқушыларын орыннан төмендеткен жағдайлар да болыпты. Соған қарағанда, аудандық саз мектебінің гардеробын жаңалау керек сықылды.

Дархан Қажығалиев Ж.Ерман атындағы айтыс мектебінің жұмысына да жәрдемдесіп, жас айтыскерлерге дәріс беруге де уақыт тауып жүр. Жақында ғана 35 жасқа толған ол қазір өзінің шығармашылық кешіне дайындық үстінде. Ақын Қ.Қапановтың сөзіне жазылған «Бұлдыртым» атты авторлық әнін Еркін Нұрымбетов өңдеп, нотаға түсіріпті. Кеште «Сырым сазы» фольклорлық ансамблімен орындамақ. Тағы да әндер жазсам, репертуарыма Арқаның әндерін қоссам деген де ниеті бар. Әйтеуір, жұрт вирус деп оқшауланса, Дархан ойын жинақтау үшін оқшауланып, шығармашылық көңіл күйде жүр.

Ойлаған жақсылықтарыңа елмен бірге жетейік, Дархан ұстаз!

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале