Бүгін Қазақстан халқы тілдері күніне орай аудандық мәдениет үйінің фойесінде салтанатты жиын өтті.
Жиыннан ауданның үлкендері мен белсенді азаматтары, тіл жанашырлары табылды. Аудан әкімі аппаратының басшысы Бекежан Шарафутдинов жүрекжарды сөз сөйлеп, тілдің адам өміріндегі баға жетпес құндылық екенін атап өтті. Ол: «Тіл – халықтың жаны, елдіктің айнасы. Әр ұлттың тілі мен мәдениетін құрметтеу арқылы біз өзара сыйластықты, бірлікті және татулықты нығайтамыз»,- деп ой бөлісті. Бекежан Биболатұлы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – баршамыздың ортақ парызымыз екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар жиын барысында тілдерді дамыту мен насихаттауға үлес қосып жүрген Наргиза Касумова, Жәмиля Мұхамбетқалиева, Бибінұр Сүйінішқалиева сынды азаматшаларға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы атынан алғысхаттар табысталды.
Шара әрмен қарай қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күніне орай «Шежіреден сыр шертсе, ұрпақ нәр алады» атты аудандық отбасылар байқауымен ұласты.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы