5.03.2015, 18:37
Оқылды: 27

«Кублейдің» жаңа көкжиектері

img_8246


Өңірдегі ет және балық өңдеуші кәсіпорындардың бірі «Кублей» ЖШС-ның өнімдері жақын және алыс шетелдерге танымал. Әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс жағдайында кәсіпорын сапалы өнімдерімен  жаңа көкжиектерді бағындыруға ұмтылуда.


Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында да кәсіпорынның тынысы тарыла қойған жоқ, дамуы тұрақты. Биыл кәсіпорында өнім өндіру көрсеткіштері өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 10-15 пайызға өсті. Олай болатын жөні бар, өйткені компания өндірісті дамытудың ауқымды бағдарламасын жасақтап, өндірістік орынды техникалық қайта жарақтандырудан өткізді. Еліміздегі «Бизнестің жол картасы –  2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кәсіпорын бизнесті дамытуға алған несиелерінің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауға мемлекеттік көмек алды. Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде өнім өндірісіне жаңа технологиялар енгізіліп, өнімнің жаңа түрлерін өндіру жолға қойылды. Бүгінде «Кублей» ЖШС бір ауысымда 100 мың дана қалбыр шығарады. Кәсіпорынның өз жұмысын алғаш бастаған кезде тек қана сиыр етін қалбырлап шығаратын болса, қазіргі уақытта етке қоса балық пен көкөніс те өңделіп, қалбырланады. Өнім түрлері 100-ден асып жығылады.

Компанияның үлкен жетістігі қазақтың ұлттық тағамдарын, асылған етін, қазы мен шұжықты, қуырдақпен қатар қазы, шұжық және қуырдақ секілді ұлттық тағамдарды дайын күйінде қалбырлап шығару технологиясын игеру дер едік. «Кублейдің» өнімдерінің өтімділігі олардың экологиялық жағынан таза, жасанды қоспаларсыз дайындалатындығында болса керек.  Сондықтан да қалбырдағы ет, балық өнімдеріне ішкі және сыртқы нарықта сұраныс мол.

Осыдан екі жыл бұрын «Кублей» ЖШС компаниясы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанып, ірі кәсіпорындар арасынан «Халық тұтынатын тауар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымын жеңіп алды. Компания басшылығы халықаралық көрмелерге өз өнімдерімен жиі қатысады. Жақында ғана Ресейдің астанасы Мәскеу қаласында өткен ХХІІ «Продэкспо – 2015» халықаралық азық-түлік көрмесіне қатысып, алғысхатпен марапатталды. Компания басшылығы мұндай көрмелердің жаңа байланыстар орнатуға септігі көп екендігін айтады.  «Кублейдің» өнімдері Қазақстанның барлық өңірлеріне, көршілес Ресей облыстарына және Түрікменстанға, Қырғызстанға таралады. Енді компания Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында жаңа экономикалық байланыстар орнату бағытында ізденуде. Мысалға айтсақ, биылдың өзінде Ресейдің жаңа нарықтарына жол ашылған. Бұрын ресейлік Самара, Саратов, Орынбор, Тольятти, Ульяновск облыстарына өнім шығарылса, енді бұл қатарға Орск, Мәскеу, Новосібір, Волгоград қалалары қосылды.

Бұған дейін әзір өнім шығаруға керекті шикізат негізінен Канада мен Бразилиядан және Польша мен Венгриядан жеткізілсе, алдағы уақытта компания бұған жергілікті шикізатты пайдаланбақ. Осы мақсатта Орал қаласының іргесінен мал сою кешені салынуда. Бұл қосалқы өндіріс орны алдағы жылы іске қосылмақ.  Сонымен бірге  жаңа кешенде тері мен сүйек-саяқты, сирақтарды терең түрде өңдеу жұмыстары да атқарылмақ. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа нысан құрылысына тегін жол тартылды.

Қазір өндіріс орнындағы цехтарда 350-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді және компания басшылығы олардың бірде-бірінің қысқармайтынына сендіреді. Оның үстіне оралдық кәсіпорын биыл жаңа желі сатып алып орнатуда. Оның конвейерінен  қалбырдағы шпрот өнімі шығарылады.

Осылайша, оралдық кәсіпорын сапалы әрі дәмді қалбырдағы өнімдерімен жаңа биіктерге ұмтылуда.


Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале