26.02.2015, 21:56
Оқылды: 21

Сапалы бензинмен толық қамтылмақ


 Өткен жылы ҚР Энергетика министрлігі республикамызды газдандырудың бас сызбасын әзірледі. Қазіргі таңда мемлекетіміздегі 1150 елді мекен көгілдір отынға қосылған. 2030 жылға дейін ол 1,6 мың елді мекенді құрамақ, яғни газдандыру деңгейі 56%-ға жетеді.


2015 жылы белгіленген жоспарға сәйкес мұнай тұрақты өндірілетін болса, газды өңдіру жылына 42,2 млрд. м3 құрамақшы. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Энергетика министрi Владимир Школьник мәлiм еттi. Оның айтуынша, газдандыру деңгейін арттыру бағытында бiрқатар жобалар қолға алына бастады. Мәселен, Қазақстан-Қытай газ құбырының үшінші тізбегі жылына 55 млрд. м3 дейін тасымалдау мүмкіндігін береді. «Бейнеу-Бозой» газ құбыры Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының 300-ден аса елді мекенін газбен қамтамасыз етпек.

Министрдің айтуынша, елдегi мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары 2016 жылдан соң толығымен аяқталмақшы. Бүгінгі таңда Атырау мұнай өңдеу зауытында технологияны жаңғырту және қайта құру жұмыстары жалғасуда. “Зауыттағы өте кең ауқымды технологияны ескеретiн болсақ, ол мұнай-химия және жанар-жағармай режимдерi бойынша жоғары октанды бензин шығара алады, - деді Владимир Школьник. – Жобаның жалпы құны 1 млрд. 098 млн. долларды құрайды. Оның 1 млрд. 064 млн. доллары – Қазақстан даму банкiнiң қаражаты. Кешен пайдалануға берiлгеннен соң, онда 357 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар бұл зауытта мұнайды тереңдете өңдеу кешенi салынуда. Жобаның жалпы құны - 2 млрд. 23 млн. доллар. Қазiргi уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүруде. Онда шамамен 3,8 мыңнан астам адам жұмысқа тартылды. Аталмыш нысан 2016 жылдың соңында салынып бiтедi. Кешендi пайдалануға бергеннен соң, шикi мұнайды өңдеу көлемi жылына 5 млн. тоннадан 5,5 млн. тоннаға дейiн өседi. Өндiрiлетiн жанар-жағармай сапасы  еуро-4, еуро-5 деңгейiне дейiн жеткiзiледi. Сонымен қатар зауытта қосымша құны жоғары бензол, параксилол сынды мұнай өнiмдерi шығарылады».

Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға 1 млрд. 829 млн. доллар қарастырылған. Қаржыландыру «ҚазМұнайГаз» компаниясының және қарыз ақшалардың негiзiнде iске асады. Қазiргi уақытта инвестицияның 5 пайызы жұмсалды. Жаңғыртудан кейiн зауыт өнiмдiлiгi 6 млн. тоннаға жетедi. Мұнайды терең өңдеу үлесi 90 пайызға жуықтайды. Жанар-жағармай еуро-4 және еуро-5 сапасы бойынша шығарылады.

Ал Павлодар мұнай өңдеу зауытын жаңғырту құны – 1 млрд. 218 млн. доллар. Пайдалануға 2016 жылдың соңында берiледi. Зауыт жаңа технологияларға ие болғаннан соң мұнай өңдеу көлемi 7 млн. тоннаға жетедi, мұнда да еуро-4 мен еуро-5 сапасына сәйкес жанар-жағармайлар шығарылады.

Отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңарту аяқталғаннан кейiн мұнайды қайта өңдеу көлемi 30 пайызға артады. Мұнайды өңдеу тереңдiгi 90 пайызға жетпек. Осылайша, Қазақстан 2016 жылдан кейiн өз нарығын толығымен сапалы бензинмен және дизель отынымен қамтамасыз етедi, оны өзге елдерден экспорттау  қажеттiлiгi  болмайды.


Мәди ЫҚЫЛАС

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале