5.03.2015, 8:32
Оқылды: 36

Ұлттық кластер ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІ ДАМЫТПАҚ

sam_5214


ҮИИД бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында мұнайгаз, соның ішінде осы салаға арналған машина жасау секторын дамыту бойынша ұлттық кластер дайындалды. Соған орай Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмекші.


Бұл өз кезегінде отандық өнімге тұрақты тапсырыстың болуына кепілдік береді. Өндіріс орындарындағы мамандардың халықаралық талаптарға сәйкес дайындықтан өтуіне жағдай жасайды. Кластерді үйлестіру биліктің орталық органы деңгейінде жүзеге асырылады. Осынау шаралар өңіріміздегі машина жасау компанияларын біріктіріп отырған «Машзавод» консорциумына оң әсерін тигізері сөзсіз. Бұл жөнінде сейсенбі күні облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиын барысында облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аслан Жақыпов мәлімдеді.

- ҮИИД бағдарламасының бірінші кезеңінің қорытындысы көрсетіп отырғандай, өңірімізде бағдарламаның негізгі көрсет-кіштері бойынша айтарлықтай даму бар. Мәселен, облысымыздың ішкі өңірлік өнімі 2008 жылы 826,5 млрд. теңге болса, 2013 жылы ол 1,7 трлн. теңгені құрады. Ал өткен жылдың тоғыз айы бойынша бұл көрсеткіш 1,3 трлн. теңгеге жетіп, 2,4 пайызға өсті. Аталмыш бағдарлама жүзеге аса бастағалы облысымыздағы өндірістік өнім көлемі екі есеге артып, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ол 1,8 трлн. теңгені құрады. Өндірістік өнімнің физикалық көлем индексі 2014 жылы 103,9 пайыз болды.

Алғашқы бесжылдықта өңірімізде жаңа өндірістер қолға алынды. Олардың ішінен мұнайды қыздыру пештерінің жаңа түрлерін шығару, газ құбыры қондырғыларын жөндеу, автоматты жүйеге қызмет көрсету мен оларды жөндеу технологияларын, термокүшті әйнек пен әйнек өнімдері, ірілі-ұсақты диаметрлі құбырлар, трансформатор өндірістерін айтуға болады, - деген Аслан Жақыпов ҮИИД бағдарламасының екінші кезеңінде өңдеу өнеркәсібі саласында қолға алынып жатқан кластерлерге де тоқталды.

Өз кезегінде сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрлан Қайыршиннің айтуына қарағанда, заңнамадағы өзгерістерге байланысты биылдан бастап республикалық және өңірлік индустрияландыру карталарына енгізілетін жобалар кәсіпкерлер палатасының келісімін алуы керек. Мемлекет пен бизнесті байланыстырушы буын болып табылатын бұл ұйым елімізде, соның ішінде облысымызда инвестициялық жобалардың жүзеге асып, сол арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салық базасының кеңеюіне мүдделі.


Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале