5.03.2015, 10:50
Оқылды: 14

68 жыл хабарсыз болған

Отағасын фәни дүниеден бақилыққа аттандырған Ағайша әжеміз кәмелетке толмаған Оңғар, Әжібай, Ислямғали ұлдарымен қалып, жесір атанды. Тумысынан жігерлі, қайсарлығымен ел-жұртына танылған әжеміз қол қусырып, орны толмас қайғы-қасіретке беріліп қалған жоқ. Қайта жігерін қайрап, қайткен күнде де перзенттерін аяулы алақанымен мәпелеп, оқытып, еңбекке баулып, кәмелетке жеткізіп өсірудің қолдан келген қам-қарекетін жасап бақты.

 


 

Белін бекем буып, білегін сыбанған әжеміз алдарындағы бірді-екілі малын «Новый путь» ұжымдық шаруашылығына қоғамдастырып, қайнаған еңбек майданының қазанын қайнатуға араласты. Онымен ауылдас болған Тәутен, Ибыраш, Бисекеш, Бекмаш, Құспан аталар  былай дейді: «Ағайша от ауызды, орақ тілді, өте қайратты адам болатын. Ол қолорақпен егін орып, оны баулағанда, шалғы орақпен шөп шапқанда алдына қара салмайтын-ды. Ал атқа қонып, мал баққандағы, сиыр сауып, май шайқағандағы, мал айдағандағы пысықтығы, әр істегі қимыл-әрекеті алабөтен».

Күн-түн демей дамылсыз еңбек етіп, тер төгіп өсірген оның ұлдары есейіп, ержетіп, азамат қатарына қосылды. Оңғары шаруашылықтағы дүбірлі еңбекке араласты. Әжібайы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына аттанды. Ал Ислямғалиы – ол кезде мектеп қабырғасындағы оқушы. Әскери жаттығудан өтіп, фин соғысына қатысқан Әжібайы араға үш жыл салып, туған ауылына аман-есен оралды. Оңғары мен Әжібайының теңдерін тауып, отау құрғандығына анасының жүрекжарды қуанышында шек болған жоқ. Оның үстіне Ислямғалиы орта мектепті бітіріп, шаруашылықтың есеп жұмысына тұрғандағы қуанышын айтсаңшы!  Бұл шаңырақтың шадыман шаттыққа бөленген сәті болатын. Кенеттен Ұлы Отан соғысының басталуы айрандай ұйып отырған әулет қуанышының шырқын бұзды. Соғыс басталысымен Әжібайы әскер қатарына шақырылды. Оңғары еңбек майданына (на трудовой фронт) алынды. Ислямғалиы 1942 жылдың ақпанында аттанды.

Соғыс та бітті. Әженің Оңғары да, Әжібайы да елге аман оралды. Немере сүйді. Бірақ әже сүт кенжесі – Ислямғалиынан хабарсыз болды. Сүт кенжесінің хабарын білу үшін талай мекеменің есігін қақты. Іздеу салды, хат жолдады. Ақырында он бір жыл өткен соң  Жаңақала аудандық әскери комиссариаты арқылы «1922 ж. Айдархан ауылдық кеңесінде туған Әубекеров Ислямғали Воронеж  майданындағы 206-атқыштар дивизиясының 748-атқыштар полкінің құрамында соғысқа қатысып, 1943  жылдың қараша айында хабар-ошарсыз кеткен» деген хабар алған. Осындай хабарға сенімсіздік танытқан анасы баласынан үмітін үзбей, шерменде болумен дүниеден озды. Асыл ана көзі тірісінде ұлдары мен немерелеріне Ислямғалидың қайда қалғанын анықтап, туған жерінен бір уыс топырақ апарып салуды, басына барып, тағзым етіп қайтуды аманаттады. Майдангердің бауырлары өткен жылы ғаламтордан Ислямғали Әубекеровтің жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін марапатталғаны туралы ақпаратты тапты. Онда былай делінген:


«Приказ По 748-стрелковому полку 206- стрелковой дивизии Воронежского фронта 19 августа 1943 года. № 018/н от имени Президиума Верховного совета ССР  награждаю медалью «За отвагу»

командира отделения 6-стрелковой роты,  младшего сержанта Аубекерова Ислямгали за то, что в бою в село Пушкарное в 5.08.1943 г. ворвавшись в немецкие траншей в рукопашной схватке убил 2 немецких солдат и одного взял в плен. 1922 г. рождения, кандидат ВКП(б) с 1943 г». Осыдан кейін майдангер туралы  деректі материал жарияланбады. Мұнан бұрын өткен ғасырдың 80-ші жылы аудандық әскери комиссариат (майор Ж. Мұқашов) Әубекеров Ислямғалиды КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1943 жылдың 27 қазанында «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттаған, орден кітапшасын майдангердің туыстарына табыстаған. Бірақ туыс-тары аталмыш марапатпен майдангердің қандай ерлігі үшін құрметтелгендігінен бейхабар. Майдангердің туыстары жауынгер бауырының қай жерде жерленгендігін анықтау үшін ізденіс жұмысын жалғастыра берді. Ұлы Жеңістің 70 жыл толуына орай ғаламтор желісінде берілген бір хабарда ағамыз Ислямғали Әубекеров туралы жағымды ақпарат шықты. Онда былай делінген: «Тов. Аубекеров одним из первых форсировал реку Днепр в ночь на 26 сентября 1943 г. своим примером и отвагой под сильным огнем противника воодушевлял бойцов на выполнение боевого подвига. Переправившись на правый берег т. Аубекеров первый вступил в бой с немцами, из своего автомата уничтожил 15 немецких солдат и офицеров. В бою за высоту 225.о на западном берегу реки Днепр один из первых подымался в атаку, участвуя в группе 7 человек в течение суток сдерживал натиск немцев. За сутки группа отбила 10 контратак противника. За такие подвиги сержанта Аубекерова Ислямгали по рекомендации командира 206-стрелковой дивизии гвардии, полковника Ивановского, командира 21-стрелкового корпуса, генерал-майора Абрамова, Приказом войсками 47-Армии №069/н от 27.10.1943 г. сержант Аубекеров Ислямгали награжден орденом боевого «Красное Знамя». Осындай жағымды хабар алып, ағамыздың жан беріп, жан алысқан сұрапыл соғыстағы төтен ерлігін естіген қуанышымызда шек жоқ. Міне, асыл ананың ақ сүтімен бойына қайсарлық, қайрат, адами азаматтықты дарытқан абзал азамат Отан үшін мерт болды.


Мәжит ЖАДАНОВ,

ҰОС ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале