5.05.2018, 11:20
Оқылды: 116

Ардагерлерге құрмет көрсетті

ГалимуллинБүгін «Uniserv» ЖШС-ы  Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай қайырымдылық шарасын бастады. Бұл шараны «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының аталмыш компаниядағы бастауыш партия ұйымы облыстық мәслихат депутаты Нұрғазы Сәтбаевтың басшылығымен үшінші рет өткізіп отыр.

- Шараның мақсаты -  Отан үшін от кешіп, бізге бүгінгідей бейбіт өмір сыйлаған соғыс ардагерлеріне алғыс айту, олардың жанқиярлық ерлігін жастарға үлгі ете отырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бүгінде облысымызда  108 Ұлы Отан соғысы ардегері бар. Қатары жыл санап сиреп келе жатқан абзал қарияларымыздың есімі мен ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Биыл өңіріміздегі ардагерлердің әрқайсысына компания атынан 30 000 теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетеміз. Осылайша ардегерлерге деген ыстық ықыласымызды білдірмекпіз.  9 мамырға дейін облысымыздағы барлық ардагермен кездесіп, сыйымызды табыстап, қал-жағдайын білетін боламыз. Акцияның алғашқы күні қаладағы  30 ардагерлерді қамтымақпыз. Аудандардағы қарияларға демалыс күндері баруды жоспарлап отырмыз, - дейді  «Uniserv» компаниясы бас директорының міндетін атқарушы  Дінмұхамед Сәтбаев.

Дінмұхамед Қайратұлы алдымен Рафхат Галимуллиннің үйіне ат басын бұрып, қарияның қал-жағдайын біліп, келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Рафхат Галимуллаұлы 1921 жылы Жаңақала ауданының Новая Казанка ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін Жәнібек қазақ орта мектебінде мұғалім болған ол 1941 жылы майданға алынады. Гомель офицерлер даярлайтын әскери училищеде оқып, 1942 жылы мамыр айында лейтенант атағын алады. Батыс майдандағы 344-жаяу әскер дивизиясының кіші командирлер даярлайтын атқыштар батальонына штаб бастығы болып тағайындалды. 1943 жылы сәуірде Подольск қаласындағы  курсты тәмамдағаннан кейін Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейін 36-Қызыл Тулы Неман атқыштар корпусының оперативті бөлімінде байланыс офицері болады. Соғысты Германия жерінде аяқтаған қарияның бірнеше орден, медалі бар. Қария ұзақ жылдар бойы партия жұмыстарында қызмет еткен.  Бүгінде 97 жасқа аяқ басқан қарияның қасында  жұбайы Роза апай бар. Балаларының жиі келіп тұратынын айтқан ардагер «жастарға жарқын болашақ тілеймін. Бақыттары баянды болсын» деген ақжарма тілегін де жеткізді.

Ал Ұлы Отан соғысының ардагері Хафиз Иманбаев бүгінде 93 жасқа келіп отыр.1942-1944 жылдар аралығында  сұм соғыстың сұрапылын бастан кешкен қария Ұлы Жеңісті Қиыр Шығыста қарсылаған.  Соғыстан кейін ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасаған. Бүгінде жиенінің қолында тұратын жұбайы екеуі нементай сүйіп отыр.

Айта кету қажет, ардагерлермен жыл сайын кездесетін компания, басқа уақтыттарда да аз қамтылған отбасыларға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып келеді. Мыңнан аса адам жұмыс жасайтын компанияда «Нұр Отан» партиясының 55 шақты мүшесі бар.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале